Бүгін Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Алматы, Талдықорған, Атырау, Тараз, Петропавловск қалаларының интервенциялық кардиологтары мен электрофизиологтары, аритмологтары, сондай-ақ, Өзбекстанның Ташкенттегі интервенциялық аритмологтары үшін клиникалық электрофизиология және интервенциялық аритмология бойынша оқыту циклы өтті.
Шеберлік курсын Австрияның Санкт Пёлтен қаласындағы University Heart Center профессоры, қондырғыларды импланттау және электродтарды эндоваскулярлық экстракциялау жөніндегі жетекші сарапшы Кристиан Волман жүргізді. Сондай-ақ Доктор Кристиан Волман тыңдаушыларға синустық түйіннің әлсіреу синдромы, оны емдеудің заманауи тәсілдері туралы айтып берді.
Жүрек ырғағы және өткізгіштігінің бұзылыстары бөлімшесінің жетекшісі, аритмолог дәрігер, жүрек электрофизиологы Роин Реквава курсқа қатысқа дәрігерлерді жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеудің заманауи интервенциялық әдістерімен таныстырды. Ол жүрекалды фибрилляция барлық инсульттардың шамамен үштен бір бөлігінің себебі және дененің басқа жерінде пайда болатын ұйыған қанның жарылып, қан ағысы арқылы миға құйылған кезінде туындайтын эмболиялық инсульттің негізгі себебі болып табылатындығын атап өтті.
Оқыту курсы кезінде профессор Кристиан Волман мен Роин Реквава ота жасай отырып шеберлік класын өткізді.
Сондай-ақ, 6-7 желтоқсанда Кризистерді зерттеу орталығының (Каунас, Литва) кардиолог дәрігерлері курс тыңдаушыларын жүрекалды фибрилляциясын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерімен таныстырады. Сонымен қатар «Жүрекалды фибрилляциясы кезіндегі криоаблация» тақырыбында шеберлік класы өтеді.
Өз мамандығының майталманы болған осындай мамандардың шеберлік кластары әр маманға барлық жиналған ақпаратты жүйелендіруге және оны тәжірибеде ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ аритмологиялық интервенциялық араласуларды көрсету жөніндегі жетекші орталықтардың бірі болып табылады.Тек биылғы 2019 жылы 800-ден астам, ал 3 жылда – 2500-ден астам сәтті операция жасалды.
АЛМАТЫ