Таяуда бірқатар жаңа нысан пайдалануға беріліп, баспаналы болған қаншама отбасы қуанышқа кенелді. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да бар.
Жарқайың ауданында 75 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтердің кілтін тапсыру салтанатына аудан әкімі Мұрат Балпан қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Бұл тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген 259 миллион теңге қаржыға қалпына келтірілген. Сонымен қатар ауданда облыстық бюджеттен тағы да 60 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруге қаржы бөлініп отыр.
Жақсы ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетімдер, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарға 27 пәтердің кілті тапсырылды. Бұдан бөлек, аудандағы «TNK агрофирмасы» серіктестігі екі пәтерлі жеті үй салып бермек. Оның алтауын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беру жоспарланған.
Бұланды ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерде тұратын көпбалалы төрт отбасына жаңа пәтердің кілті тапсырылды.
Егіндікөл ауданында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары аудандық аурухана қаражаты есебінен жүргізілді. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жатын, ас және санитарлық бөлмелері жаңартылып, жиһаздар сатылып алынды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жас мамандарды ауданға тарту шаралары өз жемісін беруде. Биыл аудандық ауруханаға 3 дәрігер мен 3 орта медициналық қызметкер жұмысқа қабылданған.
Целиноград ауданының Қараменді батыр ауылында Мәдениет үйі ашылды. Бос тұрған ғимаратқа «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Арыстан» шаруа қожалығы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бір қабатты Мәдениет үйінің аумағы 370 шаршы метрді құрайды. Мұнда 200 орындық көрермен залы, би залы және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер бар.
Міне, осындай жағымды жаңалық ел еңсесін көтеріп, жақсылықтың үміт шырағын жағуда.