• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 05 Желтоқсан, 2019

Қазақстан Президенті Ангела Меркельмен кездесті

277 рет
көрсетілді

Берлинде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Канцлері Ангела Меркель арасында келіссөздер басталды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Германия басшыларының салтанатты кездесуі әлемдегі ең көрікті әрі ең ірі үкімет штабтарының бірі саналатын Федералдық канцлер ведомствосының ғимараты алдында өтті. Қазақстан, Германия және Еуропалық одақтың жалаулары көтерілген кіреберісте Ангела Меркель Қасым-Жомарт Тоқаевты ілтипатпен қарсы алды. Осыдан кейін Бундесвердің бас оркестрі Қазақстан мен Германияның Әнұрандарын орындады. Артынша Федералды Канцлер және Қазақстан Президенті сап түзеген құрметті қарауыл ротасы алдында жүріп өтті. А.Меркель Қазақстан басшысын немістің ресми өкілдерімен, ал Қ.Тоқаев өз кезегінде қазақстандық делегация мүшелерімен таныстырды.

Рәсімнің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель кездесу басталған Федералдық канцлер кеңсесінің ғимаратына бет алды. Шамамен бір жарым сағатқа созылатын келіссөздердің соңында екі елдің басшылары БАҚ алдына шығады. Айта кетерлігі, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ФРГ Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен де кездеседі. ҚР Мемлекет басшысының сапарының алғашқы күн бағдарламасы Германияның іскер топтарымен өтетін бірлескен кешкі аспен аяқталады.

Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі. Орталық Азия аймағымен жасалған сауда операцияларының 85 пайызы - біздің елімізге тиесілі. Осы жылдың тоғыз айында қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады. 2005 жылдан бастап осы жылдың екінші тоқсанына дейін Германиядан елімізге тартылған тікелей инвестиция көлемі 5,2 млрд долларды құрады. Неміс инвестициясының Қазақстан экономикасына инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі.