– Амандық Ғаббасұлы, әңгімемізді әлеуметтік салада атқарылған істер жайында бастауға рұхсат етіңіз. Өйткені жұрт әкімдердің жұмысын әлеуметтің әл-ауқатының деңгейіне қарап бағалайтыны шындық. Әрі биылғы жыл қоғамның назарын көп балалы отбасылардың мәселесіне аударған кезең болды. Ендеше...
– Бірден айтайын, бізде әлеуметтік салаға қатысты мәселе жоқ деп кесіп-пішуге болмайды. «Жұмыс жүрген жерде қателік болатыны» сияқты, тіршілік ағымында проблеманың кездесуі заңды. Бірақ сол проблеманың шешу жолдарын табу, дер кезінде шара қолдану басқа әңгіме. Жетісу өңірінің тұрғындар саны 2 млн адамнан асты. Мен өзімді әкім ретінде адамдардың әлеуметтік жағдайына ғана емес, адами болмысына, ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық қауіпсіздігіне жауапты сезінемін.
Көп балалы отбасылардың жайын орынды айттыңыз. Облыста 46 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, олардың 20 мыңы – көп балалы отбасы. Әлеуметтік қолдау туралы айтатын болсақ, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге қарастырылды. Бұл жұмысты жүйелі жүргізу үшін Әлеуметтік карта әзірленді. Осы карта шеңберінде балабақшалар мен мектептерде аз қамтылған отбасылардың 58 мың баласын түгелдей тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Талдықорғанда және де үш қалада 8 мың көп балалы ана үшін қоғамдық көлікте тегін жол жүруді енгіздік. Облыс орталығында 42 мың оқушы мен студенттің қоғамдық көлікте тегін жүруіне де жағдай жасадық. Биыл аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінді. Қазір өңірге табиғи газ желісі келіп, тұрғындар көгілдір отынға қосылып жатқанын білесіз, біз өз тарапымыздан көп балалы және мұқтаж отбасы санатындағы 2 277 үйді газ құбырына тегін қосып жатырмыз. Тағы да 22,6 мыңнан астам отбасының үйіне иіс тиюден сақтандыратын құрылғыны тегін орнаттық...
– Сөзіңізді бөлейін, көп балалы отбасылар үшін ерекше қуанышты жаңалық, баспанамен қамту жайына да тоқталып өтсеңіз екен...
– Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында тұрғын үйге қолжетімділікті, әсіресе халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының қолжетімділігін арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Қазір облыста тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, оның ішінде көп балалы отбасылар саны – 6 039. Биыл барлық бағыттар бойынша 1 447 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған еді, қазірге дейін 1 093 отбасы үйлі болды. Бұл орайда «Нұрлы жер» бағдарламасының да үлесі бар. Осы бағдарлама бойынша 151 отбасы баспаналы болса, сатып алу есебінен – 346 отбасы, меценаттар есебінен – 169 отбасы және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 427 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Осы жерде облыстың кәсіпкерлеріне алғыс айтуды парызым деп білемін. Есіңізде болса, меценаттардың мұқтаж отбасына баспана сатып алып беруін бірінші болып біз бастадық. Талғар ауданына барған сапарымда көп балалы отбасының ескі моншаны паналап отырғанын естіп, ет-жүрегім езілді. Бізде тұрғын үйді кезексіз алуға мүмкіндік жоқ қой, бірақ мына отбасының мәселесін қалайда шешу керек болды. Содан ауданның іскер азаматтарына «Қазақтың баласымыз ғой, бір мұқтаж отбасына көмек бере алмасақ, несіне ат үстінде жүрміз?» деп қолқа салдым. Әлгі жерде қайырымды азамат табыла кетіп, отбасына үй сатып алып беретінін, тіпті отағасын жұмысқа алып, көмек көрсететінін айтты. Бұл жақсы үрдісті елге таратып, басқа да жомарт жігіттерді ұйымдастыру керек деген ойға келдім. Нәтижесінде облыстың барлық ауданында қайырымдылық акциясы жалғасып, көп балалы отбасыларға өз қаржысына үй алып берушілер қатары көбейді.
– Әрине. Осы жерде аймақтағы 3 ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің жағдайына қатысты сұрақ туады. Бұл да бір проблема ғой...
– Бұл мәселенің бары рас. Бірақ аймақтағы мектеп жетіспеушілігін жақсы мағынада қабылдауды ұсынар едім. Әрине, апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін алдымен шешуге кірістік. Ал бала санының көптігінен 3 ауысымда білім берудің екі қыры бар. Біріншіден, облыстағы демографиялық өсімнің көрсеткіші жоғары екендігінің айғағы. Екіншіден, ішкі көші-қон үдерісі тоқтамай тұр. Бұл екі жағдай да Алматы облысындағы дамудың қалыпты екенін, өңірде адамның тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасалғанын білдіреді. Сенсеңіз, жыл сайын мектеп табалдырығын бір ауданның тұрғын санына пара-пар балдырған аттайды екен. Мысалы, биылғы оқу жылында 50 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Нәтижесінде оқу сыныптары тарлық етіп, 3 ауысымда оқыту басталды. Біз бұл мәселені шешеміз, бір кездері жылына 20 мектепке дейін салдық. Қазір жыл сайын 7-8 жаңа нысанды іске қосудамыз. Сосын мектептегі орын тапшылығы Алматы қаласына жақын орналасқан аудандарда қатты сезіліп отыр. Жалпы, облыс тұрғындарының 60 пайызы Алматы қаласының маңын мекендейді. Яғни, мегаполиспен шектесетін аудандарда 1 млн 200 мың адам тіршілік етуде. Қазіргі кезде 3 ауысымды мектептердің мәселесімен айналысып жатырмыз, олардың саны – 33. Қуаныштысы, бұл аумақта апатты мектептер жоқ. Жаңадан 10 мектеп салынуда, дәл қазіргі қарқында 3 ауысымды мектептерді жою үшін 21 мектеп салуымыз қажет. Бұған 52 млрд теңге қаржы кетеді. Мақсатқа 2021 жылы қол жеткіземіз деген сенімдемін.
– Әкім мырза, енді сұхбат барысын басқа арнаға бұрсақ. Жетісу өңірі ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған аграрлы аймақ. Өндіріс ошағы көптеп саналады. Шағын және орта бизнес гүлденген өңірдің бірі. Ендеше, адамдардың табыс пен тұрмыс жағдайына қатысты көп нәрсе айтуға болатын шығар?
– Өзіңіз айтқандай, Жетісу жерінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бергі жетістікті жіпке тізіп есептесек, облыстағы еңбек өнімділігі өткен жылға қарағанда 4 пайызға өсті. Яғни, ақталған тердің ақшаға шаққандағы мөлшері 2 млн 150 мың теңгеге жетіп отыр. Ал өңделген өнім экспортының көлемі – 5,5 пайызға артып, 85 млн АҚШ доллары шамасында. Осы жерде аймақтағы негізгі өндіріс көзі агроөнеркәсіп кешені екенін айтқан жөн. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Атап айтқанда, республика көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Алматы облысының үлесі 17 пайызды құрап, өңірлер арасында бірінші орыннан көрінді. Ал өнеркәсіптің өсу қарқыны жеделдеп, 10 айда 104,5 пайызды құрады, осы жылы өндіріс көлемі 1 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде.
Қазір облыс үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өте өзекті. Аталған бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде жалпы сомасы 89 млрд теңге болатын 111 жобаның ішінен банктер 10,3 млрд теңгеге 20 жобаны мақұлдады. Шағын және орта бизнесте 252 мың адам жұмыс істейді, олар шығаратын өнімдер мен көрсететін қызметтердің көлемі биыл 1,4 трлн теңгеге дейін өседі. Биылдың өзінде ғана «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде сомасы 4,4 млрд теңгеге 232 кәсіпкер көмек алды. Ал нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 5,5 млрд теңгеден астам қаржыға 1300 микрокредит берілді. Осылайша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2050 жылға қарай екі есе арттыру міндетіне қол жеткізуге мүмкіндік мол.
– Сіз облыстағы ауыл шаруашылығының дамуына тоқталған кезде қант қызылшасын өсіру жайына баса маңыз бересіз. Тіпті Жетісудағы тәтті түбір егістігінің көлемін арттырып, қант зауыттарын іске қосқаныңызды мақтанышпен айтасыз...
– Шынында, облыста қант қызылшасын өсіруге қатысты ерлікке пара-пар жұмыс істелді. Бұл менің әкім ретіндегі жұмысымның ең қиын әрі құрметті кезеңі болды. Рас, бізге дейін де аймақта тәтті түбір егілді, қант өндірілді. Бірақ, дәл мынандай ауқымда болған емес. Мен Елбасының алдында өңірдегі қант қызылшасын өсіру жайында есеп бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлы «Облыстың мүмкіндігі қазіргіден де жоғары. Тоқтап қалған өндірісті іске қосу үшін шикізаттың көлемін көбейтуі керек. Елге жұмыс, еңбектің өтеуі болуы тиіс. Жетісудың даңқы қызылша өсірумен шыққан. Осы дәстүрді жаңғырту керек» деп тапсырма берді. Жұмыстың нәтижесін көзбен көріп отырсыздар. Елбасының сенімін ақтап, елдің маңдайтерін өтеуге жұмылдық. Ойлап қарасаңыз, Қазақстан тұрғындары жыл сайын 480 мың тоннадан астам қант тұтынады екен. Алайда ішкі нарықта отандық тәтті шекердің үлесі аз. Агроөнеркәсіп кешені дамыған ел үшін бұл ойланатын-ақ жағдай. Сол себептен де Жетісу жеріндегі қызылша өсіру ісі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Бүгінде облыс диқандары қант қызылшасының егістігін 14 мың гектарға жеткізді. Одан алынатын өнім көлемін 500-520 тоннаға дейін көтеруге мүмкіндік бар. Ал жиналған қызылшадан 50-52 тонна таза қант алудың қамы жасалып жатыр. Осы мақсатта облыста қант өңдеумен екі зауыт айналысып отыр. Бірі Көксу ауданында орналасқан өндіріс, екіншісі Ақсу ауданындағы қант зауыты. Екі зауыт та мемлекеттік қолдаудың аясында технологиялық жаңғырудан өтіп, аз шығынмен мол өнім шығаруға негізделді. Қант зауыттары негізінде тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Қызылша өсірушілерге жыл сайын субсидия беріледі, жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі, соңғы жылдары тек қана қант қызылшасын өсіруге бағытталған 120 заманауи техника сатып алынды, Франция, Германия, Даниядан тұқым сатып алып бердік. Қант қызылшасы тынбай еңбектенуді, үздіксіз баптауды қажет ететін еңбек.
– Бірер жыл бұрын Қапшағай қаласының маңында «Маревен Фуд» кәсіпорнының ашылуында сіз «Бұл инвесторларды Өзбекстанға қаржысын салғалы тұрған жерінен ертіп әкелдік...» деген едіңіз. Сұрайын дегенім, облыстың инвестиция портфелінде онға жуық қомақты жоба бар екен, оның алғашқылары өнім өндіріп, экономикаға үлес қоса бастапты. Жалпы, инвесторлар үшін Алматы облысы қаншалықты қолайлы?
– Жалғыз «Маревен Фуд» емес, аймақтағы инвесторлар қаржысына ашылған кәсіпорындар табысты жұмыс істеп, өңірдің дамуына үлес қосып отыр. Мыңдаған адамға жұмыс табылды. Экономикаға қаржы құйды. Өткен жылы немістің «Willo» компаниясы сорғы құрылғыларын жасайтын зауыт ашты, құны 2,1 млрд теңге инвестиция салды. 40 адамды жұмысқа алды. Жоғарыда айтқан «Маревен Фуд» компаниясы 15,4 млрд теңге инвестиция құйып, 523 адамды жұмыс орнымен қамтыды. Ал жақында Жамбыл ауданында ашылған «Империя Фуд» ет өңдеу кешенін биылғы жылдың ең үздік инвестициялық жобасы деп атауға әбден болады. Жаңа зауыт жылына 8 мың тонна ет дайындауға қауқарлы. Қазірдің өзінде сыртқы нарыққа өнім жөнелтуге кірісті. Кәсіпорынның іске қосылуына 2,9 млрд теңге инвестиция тартылған. 80 адамға жұмыс табылды. Жаңа өндіріс сойылған мал етін қалдықсыз тұтынады. Яғни, бір мезетте 12 мың ыдысты консервілейтін желі мен 14 тоннаға дейінгі қан сұйықтығын кәдеге жарататын қондырғы жұмыс істеп тұр. Мұнда қалған сүйекті ұнтақтап, ұн жасап шығаратын цех және бар.
Біз өз тарапымыздан қолайлы инвестициялық жағдай туғызып, іскерлік белсенділікке ынталандыруға мүмкіндік жасап отырмыз. Осындай жұмыстардың нəтижесінің бірі – биылғы қазанда өткен кеңейтілген инвестициялық форум. Осы форумда біз өңірдің мүмкіндіктерін таныстырдық. Форум нəтижесінде құны 860 млн АҚШ доллары болатын 13 меморандумға қол қойылды.
– Жетісудың табиғи ерекшелігінің өзі инвесторлардан бөлек, турист тартуға да қолайлы ғой. Бұл саланың дамуына қатысты қандай тың ойларыңыз бар?
– Қазақ туризмінің болашағы дегеннен шығады, мен жақында Кеген ауданына барған сапарымда қызық оқиғаның куәсі болдым. Бұл ауданда Көлсай бар, Қайыңды көлі бар. Табиғаттың інжу-маржаны ғой. Сол Көлсайға баратын жолдағы ауылдың адамдары қонақ күтуге бейімделіп қалыпты. Тұрғындардың қолында – ағылшынша сөздік. Шетелдік қонақпен тілдесуге, түсінісуге төселіп алған. Үйлерін де қонақ күтуге лайықтап жөндеп, етек-жеңін жинаған. Демек, еліміздегі туризмнің дамуы елдің менталитетін өзгертуге әсер ете бастады. Бұған тек қана қуану керек. Туризм – табыс көзі ғана емес, қазақ мәдениетін әлемге танытудың да бір жолы. Біз өз тарапымыздан туристік аймақтардың инфрақұрылымын жасақтауға көңіл бөліп отырмыз. Алакөл жағалауы бұрын қандай еді, қазір қандай? Демалушылар саны жыл сайын көбеюде. Биыл туристер саны 2 млн адамға жетті. Жалпы, 2025 жылы Алматы өңіріне келетін болжамды туристер легі 4 млн адамға жетеді, оның ішінде Алматы облысының нысандарына ғана 3,5 миллион адам келеді деп күтілуде. Мұнан бөлек Алматы өңірінің тау кластерін дамытуға аса мән берілуде. Инвестициясының жалпы көлемі 111 млрд теңгені құрайтын Түрген шатқалындағы «Долина-3» тау-шаңғы курорты және «Апорт Ақ-Тас» көпсалалы тау-шаңғы кешені жобаларын іске асыру жоспарланған. Тау кластері аумағында жылына 1,5 млн туристке қызмет көрсету жоспары тұр.
– Сіз журналистерге берген сұхбаттарыңызда аймақтағы жер телімдерін мақсатты пайдалануға, жайылымдық, егістік алқаптарды жүйелеуге, ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіруге қатысты жұмыстарды аяқтау үшін қандай да болсын тәуекелге дайын екеніңізді жиі айтасыз. Облыстың аумағы ұлан-ғайыр, жер жағдайын жіті қадағалап отырасыз ба?
– Біз өңірде жасалып жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарына аудит жүргізу және цифрландыру ісін сапалы және өз уақытында аяқтауға жақын қалдық. Сол сияқты су ресурстарына, сумен қамту инфрақұрылымдарына, ирригациялық жүйелерге түгендеу жасау оларды жөндеуге, қайта жаңғыртуға, құрылысын жүргізуге, суармалы жерлерді айналымға енгізуге нақты жоспарлар жасап, іске кірісуге мүмкіндік береді. Бізде бұл жұмыстар жүріп жатыр, құжаттандыруды аяқтадық. Қазіргі кезде Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында Ислам Даму банкінің қаржысы есебінен қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. 2023 жылға дейін 138 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, соның 40 мыңы іске қосылды. Жер – өндірістің ең басты факторы. Бұл мәселеде тиімді жұмыс істемей ауылды да, ауыл шаруашылығын да дамыта алмаймыз. Тұрғын үй құрылысы үшін де жер маңызды мәнге ие. Ол – бабамыздан қалған құнды мұра. Сондықтан жерге қатысты қандай да бір заңсыздық орын алмауы керек. Бүгінге дейін Алматы қаласының іргесіндегі облысқа тиесілі алқаптарға жасалған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шығарылған 1,5 мың шешімнің күші жойылды. Нәтижесінде, 121 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап мемлекет меншігіне қайтарылды.