Бүгінде әлеуметтік желіге жүктелген шығармаң әп-сәтте әудем жерің не, әлемді түгел шарлап кетсе таң қалмайсың. Тетікті дұрыс пайдалана білген жанға әлеуметтік желі – әдебиеттің әйбат насихатшысы болып тұр. Әрине, әттеген-ай дейтін тұстары да жоқ емес.
«Құлды бәрекелді өлтіреді» демекші, буыны бекімеген, қаламы қалыптаспаған жас жазармандар үшін әлеуметтік желінің пайдасынан гөрі зияны көптеу ме, қалай? Жарқ еткен жаңа шығарманы жағалай қолпаштап, жер-көкке сыйғызбай мақтау – әлеуметтік желідегі әртүрлі оқырман үшін аса қиын шаруа емес. Сиясы кепкен қолжазбаны сирек кездестіресіз қазір. Айналаңыздың бәрі жазғанын жазғандай жалпақ жұртқа жайып салып, жаһанға жарнамалап жатады. Бір жағы, ғаламтордың ғаламат мұндай мүмкіндігін еркін пайдаланып жатқанына ол авторларды кінәлау да қисынсыз.
Айналып келгенде, біз айтып отырған әлеуметтік желінің әлегіне қаламгерлерді әуестендіріп отырған – онлайн-оқырмандар деуге болады. Сапырылысып жатқан сансыз ақпараттар легін ажыратып болмайтын хәлге жеткен олар ештеңенің оң-солына байыппен барып жатқан жоқ. Тіпті, кейбірі қазір отырып, Мұрын жыраудың шығармасын Мұқағалиға тели салса таңғалмайсыз. Осы күні мұндай оқырмандардың «Бәрекелді!», «Керемет туынды» деген жеңіл пікірлері желдей еседі.
Дәл осы сәттің өзінде ұялы телефоныңызға WhatsApp желісі арқылы қарша борап келіп жатқан sms хаттардың көбісі бата-тілек, өлең-өсиет шығар. Ең сорақысы, қайбір жылы ішінде бейәдеп бейпіл ойлар басым өлеңсымақты Мұқағалидың өлеңі деп тарата бастады. Енді бірде ақын Асылзат Арыстанбектің
«Сүюді бақыт дейтіннің бәрі,
Әлі де сүйіп көрмеген...» деген тамаша өлеңін тағы Мұқағалидың өлеңі деген аудио-өлең шыға келді.
Жалпы әдебиеттен гөрі әдебиеттің айналасындағы әңгіме тез өрбитіні белгілі. Әлгі өлеңнің ақиық ақынымыз Мұқағалидыкі емес екенін біразымыз білдік, ал білмей, санасына жаңсақ сөзді сіңіріп алғандар қаншама? Міне, онлайн-оқырмандардың осы тұсқа келгенде олқы шығатыны ыңғайсыздау.
Тағы бірде Facebook-тің бетін «Әулие Мәшһүр-Жүсіптің астрологиялық болжамы. ХХ ғасыр» деген бір таныс шығарма шарлады да кетті.
«Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр;
Босаға мен төріңді аласта бір;
Адамзатта болмаған алтын заман
Келе жатыр Алладан Алашқа бұл!» деп келетін өлең жолдары бізге әбден таныс. Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңін ештеңенің егжей-тегжейіне бармай, желіге жүктей салған тағы да осы онлайн-оқырмандардың бірі екені айтпаса да түсінікті. Және бұны жерден жеті қоян тапқандай жұрт жаппай бөлісе жөнелді. Таң қалдық. Бұл біз келтіріп отырған бірді-екілі мысал ғана болуы керек. Тізбелеп айта берсек, неше түрлі күлкілі мысалға жолығатынымыз анық. Және осы былықтың арасында аты-жөні белгілі ақын-жазушылардың көзін бақырайтып қойып шығармаларын өз аттарынан жариялап жіберетін жолшыбай жазармандар тағы бар. Ол әрине, басқа әңгіме. Осы тұста онлайн-оқырмандарға да, ойлы қаламгерлерге де мықтап ойлану керек секілді.
Жалпы, қаламгер қауым ормандай оқырманды біржақты кінәлаудан аулақ, әрине. Ортаңқол жазарман болғаннан гөрі, биік талғамды оқырман болуды мұрат тұтқан жандар болады. Ең қиыны, оқырман деген ортақ атауға сол қауымның да жазықсыз кіріп кететіні ғой.
Бұл нені білдіреді? Қазір түпнұсқаны түгесіп оқып, түні бойы кітап жастанып шығатын жұрттың жоғалып бара жатқанын аңғартса керек. Бұл осылай жалғаса беретін болса, әлеуметтік желідегі әзіл әңгімені көркем шығарма деп ұғатын, парақшада жүрген бас-аяғы жоқ тақпақты поэзия деп бағалайтын ұрпақ өсіп шықпасына кім кепіл?
Әлбетте, бұл тұрғыда қарымды қаламгерлеріміз әлеуметтік желіге жарияланып әуре болмасын деген пайым айтқымыз келмейді. Сөзіміздің басында атап кеткендей, ғаламтор – ғаламат насихат құралы. Мәселе ғаламторды көпшілік қалай пайдалануды ғана үйреніп қоймай, сол ғаламтордағы сапырылысқан жазбаларды сараптай білетін, пайымдай білетіндей деңгейге көтерілуіміз керек. Әйтпесе әлемдік деңгейдегі ұлттық әдебиетімізді әлеуметтік деңгейдегі жартыкеш жазбалармен қатар қоюдың арты бізді биікке көтереді деп айту қиын.
Қысқасы, оқырман ойлы болса, жазушы жайлы болады.