Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында негізінен оңалту және банкроттық рәсімдерді жетілдіру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Оңалту және банкроттық рәсімдерді жүргізуді жеңілдетеді
Былтыр қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламенттің алтыншы шақырылымының үшінші сессиясының ашылуында оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру қажеттігін атап өткен еді. Осы тапсырманы орындау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салық заңнамасын және темір жол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.
Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда банкроттық рәсімінен 4 мыңға жуық бизнес субъектісі өтуде және 400 кәсіпорын оңалту сатысында екен. Іс жүзінде, күрделі қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілері айтарлықтай көп. Қолданыстағы заң кәсіпкерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әрбір төртінші жағдайда сот банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беру қиын. Сот болар-болмас активтің болуын қарыздар бойынша есеп айырысу мүмкіндігі ретінде бағалайды. Осындай жағдай оңалту аясында да байқалады. Борышкердің төлем қабілеті бар немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін ресурстардың бар екенін дәлелдей алмады деген себеппен сот көп жағдайда оңалту рәсімін қолданудан бас тартады. Осыған байланысты заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды қиындатпауға, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және әрекетсіз борышкерлерді жабуды жеңілдетуге бағытталған.
Аталған құжатта банкроттық рәсімін өткізу мерзімін қысқарту да көзделген. Кредиторларға процестің нәтижесіне тікелей қызығушылық танытатын тұлғалар болғандықтан, рәсімдерде бастаушы рөл беріледі. Кредиторлар жиналысы уақыт пен қаржы жағынан шығынды және барлық кредиторлардың қатысуын талап етеді. Өз кезегінде кредиторлар комитеті жиналыстың өкілдік органы ретінде саналады. Сол себепті кредиторлар жиналысының бірқатар өкілеттігін тез әрекет жасайтын кредиторлар комитетіне беру ұсынылады.
Сондай-ақ заң жобасымен кепілді кредитор мен әлеуметтік бағыттағы кредиторлар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін түзетулердің енгізілгенін атап өткен жөн. Қазір кепілді кредиторлар еңбекақыны қоса, басқа кредиторлардың барлығының алдында басым құқыққа ие. Заң жобасында кепілді кредитор бір жұмыскерге үш ең төменгі жалақыдан аспайтын көлемде еңбекақы бойынша талаптарды өтегеннен кейін ғана кепіл мүлкін өз талаптарын қанағаттандыру есебіне ала алады деп белгіленген.
Әдейі және жалған банкроттық үшін жауапкершілікті белгілейтін заң жобасының қағидаларын бөлек атап өту керек. Заң жобасында «Жалған банкроттық» құрамын алып тастау және «Әдейі банкроттық» құрамын нақтылау ұсынылады. Мұнда кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында мүлкін иеліктен шығарғандарға баса назар аударылады.
Аталған құжаттағы тағы бір өзгеріс – ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейтін борышкерлерді банкроттық рәсімін қозғамай, жеңілдетілген түрде тарату. Жұмыс істемейтін шаруашылық субъектілерін тарату үшін заң жобасы әкімшілерді тартпай, борышкерлерге жеңілдетілген банкроттық рәсімін қолдануды ұсынады.
Талқылау барысында аталған заң жобасы қабылданды.
Қазақстан-Түркия әскери ынтымақтастығы дами түседі
Сонымен қатар Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды. Бұл заң жобасы жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев айтып берді.
– Бұл келісімге 2018 жылғы 13 қыркүйекте Анкарада қол қойылды. Түркия – Қазақстанның маңызды әрі негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі. Осы уақытқа дейін екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық 1993 жылғы 8 тамыздағы әскери білім саласындағы, сондай-ақ 1994 жылғы 23 ақпандағы әскери ғылым, техника және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жүзеге асырылып келеді. Жоғарыда аталған халықаралық шарттардың кейбір ережелері екі мемлекеттің қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейді және әскери саладағы іс-шараларды өткізу бойынша қаржылық шығыстармен қамтамасыз ету тәртібі көзделмеген. Осыған байланысты әскери ынтымақтастық саласында жаңа келісім жасау туралы шешім қабылданған еді. Қарастырылып отырған келісімнің мақсаты – тараптар арасындағы тең құқықтық пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде әскери ынтымақтастықты дамыту. Келісім әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұдан бұрын қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу, картография, гидрография, топогеодезиялық қамтамасыз ету, әуе кеңістігі арқылы әскери мүліктің транзиті, медициналық көмек көрсету, заң құзыреттілігі мәселелерін көздейді, – деді Т.Дәндібаев.
Жиында биылдан бастап Түркияның 16 әскери қызметшісі Қазақстандағы Ұлттық қорғаныс университетінде арнайы бағдарлама бойынша білім алып жатқаны сөз болды. Бұған дейін Түркияда Қазақстанның 34 әскери қызметшісі оқып жатқаны хабарланған еді.
Сенат депутаттары баяндамадан соң аталған заң жобасы төңірегіндегі сұрақтарын қойып, кейбір ұсынысты нақтылады. Сөйтіп әскери әлеуетімізге ықпал ететін құжатқа бірауыздан қолдау білдірді.
Реформалардың саны емес, сапасы маңызды
Отырыс соңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл 8 қарашада жарияланған сенаторлардың депутаттық сауалына ауызша жауап берді.
Депутаттардың министрге бағытталған ол сауалында Үкімет қаулысымен Тараз және Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеттерінің бірігу жолы арқылы аймақтық университеттерге қосылғаны сыналды. Бұл шешім мұғалімдер күнінен бір аптадан кейін және Парламентте «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымы қарсаңында қабылданды.
Бір топ депутат осы қаулыны жоюды, оның бастамашыларын жазалауды, осыған алаңдаған педагогтардан кешірім сұрауды, мектепке дейінгі, орта және арнайы білім беру мәселелерімен айналысатын құрылымды қалпына келтіруді қарастыруды талап етті. Сондай-ақ олар Білім және ғылым вице-министрінің плагиатына қатысты мәселені көтерді.
Бұл сын-ескертпелерге жауап қатқан министр педагогтарды дайындау мәселесі басты назарда екенін, бүгінде 85 университет педагогтарды дайындайтынын, сонда 149 мың студент білім алып, биыл 44 мың педагог оқуын бітіргенін айтты. Жалпы, елімізде жыл сайын 10-12 мың мұғалім жетіспейді екен. Бұл ретте педагогтардың санына емес, сапасына да баса мән беріледі.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов жоғарыда аталған екі университетті біріктіру жөніндегі шешімге тоқталды. Оның айтуынша, 2013 жылы екі университет біріктірілген еді. Олар – Ақтөбедегі және Семейдегі педагогикалық университеттер. Қазір министрлік осы шешімнің тиімділігін қарастырып жатыр екен. Мысалы, Ақтөбедегі оқу орнында ғылыми атағы барлардың үлесі 45%-дан 55%-ға дейін көтеріліп, айлық жалақылары басқа педагогикалық университеттермен салыстырғанда, әлдеқайда жоғарылапты. Бұған қоса шетелдегі тәжірибелерді де алға тартқан министр Тараз және Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеттеріне қатысты бастаманың да оң нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
Осы тұста Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров білім саласына шетел тәжірибесін енгізуде асығыстық танытпау керектігін айтты.