Шымкент қаласында жұмысы тоқтап тұрған жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Бұл жұмыстар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында жүзеге асты. Ал өзбекстандық инвесторлар фабрикаға бірқатар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, оның қайта іске қосылуын қамтамасыз етті.
Бірлескен тоқыма өндірісі жолға қойылады
Аталған өндіріс ошағының ашылуына Премьер-Министр Асқар Мамин, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов пен Өзбекстан елінің «Alliance Textile» ЖӨКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Икраможон Эгамбердиев қатысты.
Үкімет басшысы фабриканы іске қосу Қазақстанның тоқыма кластерін дамытуға зор серпін беретініне сенім білдірді.
«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және «Alliance Textile» Өзбек жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының бірлескен кәсіпорны – «Alliance» Сауда-өнеркәсіп палатасы» ЖШС жіп иіру фабрикасының жобасы биыл маусым айында іске асырыла бастаған. Аталған жоба Қазақстан және Өзбекстан үкіметтерінің арасында бірлескен тоқыма кластерін құру туралы қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде қарқынды жұмыс істеп келеді.
Тараптардың күш-жігерінің нәтижесінде жұмысы тоқтап тұрған фабрикаға қысқа уақыт ішінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, коммуналдық қызметтер тартылған.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің алдымызға «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндетін қойды, онда жеңіл өнеркәсіпке ерекше рөл беріледі. Біз оның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларына шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібін дамытудағы оң тәжірибесін ескере отырып, биыл 22 маусымда өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысы аясында Шымкент қаласында тоқыма кластерін бірлесіп іске қосу туралы келісімге қол қойылды», деді Асқар Мамин.
Іске қосылған жіп иіру фабрикасында 120 жұмыс орны ашылып, жылына 6 мың тонна мақта талшығын өңдеуді көздеп отыр. Көршілес Өзбекстан Республикасының инвесторлары тарапынан құйылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 4,6 млрд теңгені құрады.
Аталған фабриканы іске қосу Шымкентте тоқыма кластерін қалпына келтіру бойынша Жол картасының бірінші кезеңі болып табылады. Яғни, биыл оңтүстікте өндірілетін мақтаның 20 пайызын қамтыса, келер жылы 50 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жалпы тоқыма кластерін қалпына келтіру бойынша жасалған Жол картасының негізгі мақсаты – өңірде өндірілетін мақтаның 100 пайызын қамту. Оңтүстікте өндірілетін мақтаның барлығын толығымен Шымкент қаласында өңдеу – үшінші мегаполистің экономикасын дамыту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі.
Алдағы жоспар бойынша өңірде мақта шаруашылығына қажетті қосымша екі фабриканы іске қосу жоспарланған. Бұл Қазақстанда өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттыруды қамтамасыз етіп, нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Құрылыс жұмыстары мерзімінде тапсырылуы тиіс
Премьер-Министр Асқар Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Индустриялық-инновациялық даму, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент пен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша берген тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз ету аясында Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында А.Мамин Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының құрылысын, сондай-ақ амфитеатрдың, драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, «Ұлы дала елі» орталығы, Қ.А. Ясауи музейі, Ұлы Жібек жолы қолөнершілер ұлттық орталығы мен келу орталығы ғимараттарындағы жұмыс барысын, реконструкциясын тексерді. Түркістанның іргесіндегі Шаға ауылында салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысын тікұшақпен бақылады. Биыл мамыр айында іргетасы қаланған әуежай келешекте халықаралық және ішкі рейстерде сағатына 250 адам қабылдауға қауқарлы болмақ. Құрылыс жұмыстарын түркиялық «ИДА ИНШААТ» компаниясы жүргізуде. Түркістан қаласынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежайдың аумағы 905,3 гектарды алып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 420 адам тартылған халықаралық терминалды 2020 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ халықаралық әуежайға баратын жолдың сапасымен де танысып көрді. Тамыз айында басталған жол құрылысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен салынып жатыр. Ұзындығы 16,3 шақырым болатын жол құрылысы келер жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде.
Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығының құрылыс барысымен танысып, нысандардағы жұмысты қарқындатуды тапсырды. Ал Түркістан тұрғындарының игілігіне берілетін амфитеатр ғимаратының құрылысы биыл сәуір айында басталған. Нысан таяу күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы ретінде салынған нысан 1 мың орынға лайықталған. Заманауи кешеннің жалпы көлемі 2400 шаршы метрді құрайды. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 гектар жерге жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында 60 жұмысшы еңбек етуде. Үкімет басшысы мұнан кейін Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысымен танысты. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. 4 қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 9700 шаршы метр. Ғимаратта 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады. Жаңа драма театрдың құрылысы 2020 жылдың қазанында аяқталады деп жоспарланған.
Премьер-Министр 630 төсек-орынға шақталған көпсалалы облыстық аурухана құрылысы жүргізілетін жерге капсула салды. Жобаны 2022 жылы мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асырады. Нысанның құны – 100 млрд теңгеге жуық, 350 дәрігерді қоса алғанда, медицина персоналы үшін 1700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алатын көпсалалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап, нейрохирургия, урология, жарақат, қатерлі ісік аурулары сынды медициналық көмек көрсететін бөлімдер жұмыс істейтін болады. Ғимарат толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Үкімет басшысы сондай-ақ жаңадан салынып жатқан мәдени нысандардың да құрылысын аралап көрді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала елі» орталығы 2020 жылы ашылады деп жоспарланған. Ағымдағы жылдың сәуір айынан басталған құрылыс жұмыстарын «BI Construction turkestan» компаниясы жүргізуде. Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен бой көтеріп жатқан орталықтың аумағы – 6200 шаршы метр. Ал облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын Шымкент қаласының әкімдігі қаржыландыруда. 1 гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысы келер жылдың осы айында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар шаһардың рухани-мәдени аймағында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражайының құрылысы жүргізілуде. Ал туристік визит орталығы – Отырар қорық-музейінің базасында салынуда. Аумағы 2200 шаршы метр болатын сәулетті ғимаратты салуға Жамбыл облысы тапсырыс беріп отыр.
Үкімет басшысы, сонымен қатар «Sembol construction» түрік компаниясы салатын, құны 39 млрд теңгеге жуық болатын «Керуен-сарай» көпфункциялы туристік кешен құрылысын іске қосты. Сондай-ақ Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылында салынған жаңа зауыттың ашылу рәсіміне қатысты. Зауытта жылдам әзірленетін тамақ өнімдері шығарылады. Әлемдегі аса ірі жылдам әзірленетін кеспе өндіруші – «CG Foods Central Asia» компаниясы жобаға 5,7 млрд теңге инвестиция салды. Шығарылатын өнім көлемі жылына 4,5 мың тоннадан асады деп жоспарланған. Өндіріс процесінде тек отандық шикізат пайдаланылмақ. Өнімді ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа шығару көзделуде.
Түркістан қаласында Премьер-Министр қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов, сондай-ақ басқа өңірлер мен қала құрылысына жауапты мердігерлер өкілдері баяндады. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Премьер-Министр құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Нұршат ТӨКЕН,
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы