Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылуының 25 жылдығына арналған республикалық конференция аясында 2019 жылдың 5 желтоқсанында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде мәслихаттар депутаттарымен салалық кездесу өтті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік басшылығымен кездесуге еліміздің 15 аймағынан 37 депутат қатысты.
Министрліктің жауапты хатшысы Мереке Пішембаев өз сөзінде конференцияға қатысушыларды Қазақстан Республикасы мәслихаттары құрылуының 25 жылдығымен құттықтап, жемісті жұмыс тіледі.
Сондай-ақ отырыс барысында депутаттардың ауыл тұрғындарын тұрғын үймен, ауыз сумен қамтамасыз ету, «Алматы-Өскемен» теміржолы мен «Шалқар-Бейнеу» автожолы арқылы автомобиль көпірінің құрылысы, сондай-ақ Ақтөбе қаласының әуежайына «Ашық аспан» мәртебесін беру және Арыс қаласындағы оқ-дәрілерді шығаратын кәсіпорынды жою туралы сұрақтарына түсіндірулер берілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына өңірлердегі проблемалық мәселелерді жедел шешу бойынша тапсырмалар берілді.