Есімі екі күннің бірінде ерекше аталып жатпаса да, елге сіңірген еңбегін еселеп өлшеуге тұрарлық жандар болады. Сондай есімнің бірі, мемлекет қайраткері, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бұрынғы мүшесі Ерлан Тұрлыбеков.
Кәсіби өмір жолының қырық жылдан астам уақытын елімізге адал қызмет етуге арнаған азамат жайлы айта отырып, ертеңгі болашақ жас ұрпаққа оның өнегелі істерін үлгі еткен дұрыс.
Алдымен Е.Қабыкенұлының туған топырағын айта кеткен жөн. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген Ерлан мектепті үздік бітіріп, Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. Еңбек жолын Қазақ ССР Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінде бухгалтер-ревизор ретінде бастайды.
Жалпы, Е.Қабыкенұлы 30 жылға жуық Қаржы министрлігі мен Парламент Мәжілісінде жұмыс істейді. Бұл ретте оның ұйымдастырушылық және іскерлік қасиеттерінің арқасында жауапты қызметтерді абыроймен атқара білуі – көпке үлгі етерлік дара қасиет. Жоғары заң шығару органында консультант лауазымынан Қаржы және бюджет комитетінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі бөлім меңгерушісіне дейін көтеріліп, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі болады.
Дос-жарандарының айтуынша, Ерлан Қабыкенұлы кішкентайынан сертке берік, алғыр әрі зерек болып өседі. Ол өзінің туған ауданы Тарбағатай өңірінің дамуына елеулі үлес қосып, ауылдастарының өзекті мәселелерін шешуге үнемі атсалысады. «Туған жерге туың тік!» деген сөзді іскерлікпен дәлелдеу оңай шаруа емес. Әсіресе өзі туған өңірдің маңызды әлеуметтік нысандарының құрылысын жандандыруға көмектесе жүріп, еткен еңбек, екен дәннің нәтижесінде ауданның Құрметті азаматы атанады.
2006 – 2016 жылдары Ерлан Қабыкенұлы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болады. Осы жауапты әрі жоғары лауазымға ол Парламент Мәжілісінің қаулысымен екі мәрте тағайындалып, он жыл қызмет етеді.
Осы кезең ішінде мемлекеттік аудитпен айналысатын ең жоғары органның жұмысы барынша жетілдіріле түсті. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражатының, мемлекет активтерінің, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімді пайдаланылуын бағалауға бағытталған бақылау және сараптамалық жұмыстың заманауи әдіс-тәсілдері енгізіледі.
Е.Тұрлыбеков сондай-ақ есеп комитетінің мүшесі ретінде денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат, мәдениет, спорт және құқық қорғау салалары үшін жауапты болады. Ең бастысы, өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, әрдайым мемлекет мүддесін жоғары қоя білген сыйлы азамат. Оның жетекшілігімен жүргізілген аудиторлық тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша қаржылық және өзге де құқық бұзушылықтар анықталып, ондаған миллиард теңге бюджетке қайтарылғанын да айта кеткен дұрыс.
Бүгінде жетпістің желкенін көтеріп отырған Ерлан Қабыкенұлы осы уақытқа дейін кәсіби жетістіктері, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық қызметі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Құрмет» орденімен және көптеген медальмен марапатталды.
Ерлан Қабыкенұлының тағы бір айта кететін жақсы қасиеті – өзі тәрбиелеген шәкірттеріне деген ерекше қамқорлығы мен ілтипаты деуге болады. Үлгілі ұстаздың бұл қасиеттерін шәкірттері үнемі айтып та жүреді. Білуімізше, оның бойында қатаң талап та, жұмысқа жұмылдыра білу де, шыдамдылықпен түсіндіре алу да, өз қателіктеріңді түзеуге және білімің мен қарым-қабілетіңді жетілдіре түсуге ынталандыру да жақсы үйлесім тапқан. Бірақ, ең бастысы, ол шәкірттерін өзінің өмірлік тәжірибесі негізінде тәрбиелеп, адал әрі тынымсыз еңбек етуге үйретеді. Тіпті, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсіндіруден жалықпайтын қамқорлығы нағыз қазақ азаматына тән дара қасиет шығар.
Мерейтой қарасаңы – белгілі бір қорытынды жасайтын кезең. Ерлан Қабыкенұлы еңбекқор әрі кәсіби маман ретінде өз саласында зор жетістікке жеткенін жоғарыда атап кеттік. Оның табысты қызметі мен тағылымды ғұмыры өскелең ұрпақты тәрбиелеу, мемлекет пен қоғамға адал қызмет ету ісінде көпшілікке әрқашан үлгі-өнеге бола алады.