• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Шілде, 2013

«СТЕМ»

502 рет
көрсетілді

Бір поляк пен үш қазақ: Сергей, Талғат,

Елубай және Мұрат есімдерінің бас әріптерінен алынған шаруашылық осылай аталады

«Астық-СТЕМ» ЖШС тыныс-тіршілігі кісі қызығарлықтай. Бір поляк пен үш қазақ жігітінің өзара сыйластығы мен түсіністігінен құрылған басшылық құрам үш елді мекен тұрғындарына ырыс-береке сыйлап отыр. «СТЕМ» атауы Сергей, Талғат, Елубай және Мұрат деген есімдердің басқы әріп­терінен алынып, 11 жылдан бері ын­тымақтаса еңбек етіп келеді. Серіктестік жетекшілігіне Сергей Звольский бірауыздан сайланған. Ұсақ қожалықтар біріктірілген кезде «Астық-СТЕМ»-нің иелігіне өткен жер телімі 180 гектар ғана болса, бүгінде 10 мың гектарға жуықтаған. 2008 жылдан бас­тап ауылшаруашылық техникаларын жаппай жаңғыртуға және агроқұрылымдық саланы әртараптандыруға кірісіп, іргелі өндіріс орнына айнала бастаған. Тың идеялар мен жаңа технологиялық бастамалар олардың әрқайсысына тән десек, артық айтқандық емес. Оған шаруашылықты аралағанда көзіміз анық жетті.

Өңірде алғашқылардың қатарында көкөніс өсірумен шұғылданып, израильдік тамшылатып суару тәсілін мықтап игеру арқылы өнімділікті 2 есеге арттырған. Биыл оның көлемі 200 гектарға дейін ұлғайтылған. Бұдан тысқары 80 гектар аумақты суару мақсатымен АҚШ-тан арнайы қондырғы сатып алынған. Мұнда сондай-ақ, табиғи және тамшылатып суарудың технологияларын салыстыра зерттеу жұмыстары ғылыми жолға қойылған.

Қуаңшылық жылдардың өзінде картоптың гектар берекелі­гін 46, сәбізді 52 тоннадан тө­мендетіп көрген емеспіз. Бидай мен арпадан басқа майлы дақылдар өсірумен де айналысып, табыс алудың ішкі мүмкіндіктерін талмай қарастырып келеміз. Былтыр Германияның кәсіпкерлері зы­ғырды жоғары бағамен сатып алды. Рапстың бір тоннасы 80 мың, зығыр 75 мың теңгеден айналды,–дейді әңгіме барысында істің көзін тапқан тәжірибелі басшы.

Агроқұрылым екі жыл бойы картоптың «гала» деп атала­тын сұрыбын отырғызумен шұ­ғылданады екен. Оның тұқымы, сондай-ақ, көкөністі сақтау технологиясы немістердікі көрінеді. 68 миллион теңге жеңілдікті несиеге 1,5 мың тонналық көкөніс қоймасын жергілікті климатқа орайластырып тұрғызып алған. Заманауи тоңазытқыштар мен­ желдеткіштер шетелден әке­лінген. 20 миллион теңгеге сәбіз жинайтын комбайндар сатып алынған. Қазір мұнда 150-ге жуық адам еңбек етеді.

Сергей Адамович еңбекақы төлеу тәсілін өзгерткен сыңайлы. Бастапқыда еңбек өнімділігін арттыру үшін атқарылған жұмыс сағатпен өлшенген. Кеңестік қоғам түсінігінен арыла қоймаған кей жұмысшылар аз еңбектеніп, мол жалақы табуды көбірек күйттеген. Сосын еңбекақы атқарылған жұмыс ауқымына қарай есептелетін болған. Еңбек өнімділігі 70 пайызға артқаннан кейін сапа мәселесі алдыңғы орынға шыққан. Науқан кездерінде механизаторлардың табысы бір миллион теңгеден асып жығылады. Бір поляк пен үш қазақ құрған серіктестік нарық айдынында еркін жүзіп келеді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

журналист.

Солтүстік Қазақстан облысы,

Тайынша ауданы.