Арал ауданындағы Сексеуіл кенті – темір жол бойындағы ірі тораптық стансаның бірі. Станса арқылы өтетін «Бейнеу – Жезқазған» темір жолы пайдалануға берілгелі бері мұндағы халық саны да өсті. Кенттегілердің көпшілігі темір жол саласында еңбек етеді.
Жаңадан салынып жатқан үйлер мен түрлі нысандар қатары да көп. Жыл сайын кәсіп ашқандар саны да артып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы мен бүгінгінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Десе де 15 мыңға жуық тұрғыны бар Сексеуіл үшін басты мәселе – балалар білім алатын мектеп.
Сексеуіл арқылы ірі темір жол торабы өтеді. Кенттегі 3 мектептің (№87, 31 және 177 мектеп) барлығы кенттің негізгі бөлігінде орналасқандықтан, жаңа ауданда тұратын 360 оқушы сабаққа келу үшін күнде 13 рельсті кесіп өтеді. Мұның ойын баласы үшін қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Әрі 3 мектептегі бала саны да шамадан тыс көбейді.
– Бүгінде кенттегі 150 балаға арналған № 231 мектепте 480, 350 орындық №87 орта мектепте 804, ал 700 орындық №177 орта мектепте 1138 оқушы білім алуда. Келесі жылы 1 сыныпқа қабылданатын балалар саны да көп. Демек, алдағы оқу жылында ауданда 3 ауысымдық 2 мектеп пайда болуы мүмкін.
Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы №1256 қаулысымен бекітілген «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінің» 2-тармағының 3-тармақшасында кіші және орта мектеп жасындағы оқушылар саны 41 және одан көп болған жағдайда негізгі орта білім беретін мемлекеттік оқу орнының жұмыс істеуіне кепілдік берілетіні жазылған. Сондықтан да, балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігін ойласақ, кенттегі жаңа ауданға 300 орындық мектеп салу қажет, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Осы мәселе жөнінде былтыр аудан әкімі Мұхтар Оразбаев облыс басшылығына хат жазып, соның негізінде облыстық білім басқармасы Білім және ғылым министрлігіне 2019 жылы республикалық бюджет есебінен кентте 300 орындық мектеп салу туралы ұсыныс береді, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық сметалық құжаттарын да қоса жолдайды. Құжатта жаңа мектеп құрылысына 849 млн 155 мың теңге қажеттігі көрсетілген. Бірақ, министрлік тарапынан әлі күнге мардымды жауап жоқ.
Міне, 2019 жылды да түгесуге таядық. Балалар әлі темір жолды әрлі-берлі кесіп өтіп жүр. Олардың жолды саптағы сарбаздай бір сызықпен өтпейтіні тағы анық. Әрине өткел жоқ емес, бар. Бірақ оның да аса қауіпсіз еместігін жазда Шамалғанда болған оқиға көрсетті. Бетін әрі қылсын, бірақ балалар темір жолдың бойында оқыс жағдайға ұшырап қалса кім жауап береді?
Қазір мектептегі білім сапасы, бала қауіпсіздігі, педагогтер мәртебесі Мемлекет басшысының назарында тұрған басты мәселелердің бірі. Ендеше, қиюын тауып, қисыны келіп тұрған істі сағызша созуға не себеп болып отыр?
Әрине, қазір мектеп құрылысына қажетті 850 миллион теңге бюджет үшін әжептәуір салмақ екені анық. Бірақ, таразының бір басында балалардың өмірі тұрғанын ұмытпайық.
Темір жолдың бойында топ бала жүр. Ал оларды сабаққа жіберген әке-шеше көңілінде «Балам оқыс жағдайға ұшырап қалмаса екен» деген алаң бар...
Қызылорда облысы