«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, Жастар жылында жастардың әлеуетін көтеріп, белсенділігін арттыруды көздеген біршама ізашар іргелі жоба қолға алынды. Ынталы жастарды іскерлікке баулитын ілкімді істердің біразы республикалық «Жас кәсіпкер» жобасының аясында жүзеге асып жатыр.
Қашаннан кәсіпкерліктің құлашын кеңге сермеуіне басымдық берілетін елімізде жастардың өз ісін ашуына жол көрсету назардан тыс қалған емес. Биылғы Жастар жылы аясында қанат жайған «Жас кәсіпкер» жобасы бастауын бұрынғы «Бастау» жобасынан алады.
Бұл бағыттағы істердің ілгерілеуіне «Атамакен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сүбелі үлес қосып жатыр. Жастарға мол мүмкіндік тудырған осы жылы 29 жасқа дейінгі қаншама қазақстандық «Жас кәсіпкер» жобасының арқасында өз ісін тиімді жүргізу, тұтынушылардың сұранысына сай өнімдердің өндірісін жолға қою сияқты кәсіпкерліктің қыр-сырына әбден қанықты. Аталған жоба аясында еліміз бойынша 20 мың азамат оқу курсынан өтіп, оның 5 мыңы жеке кәсібін ашып үлгерген.
«Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және микроқаржыландыру департаменті директорының орынбасары Әсет Сәдуақасов «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастардың идеяларын жетілдіруге және оны жүзеге асыру үшін қолдау көрсетіліп, гранттар да бөлінгенін айтты.
– Микробизнес ашқан жастардың көбі – кеше ғана екі қолға бір күрек іздеп жүрген жұмыссыз жастар. Бүгінде олар жеке кәсібін іске қосу үшін алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Кейбір бизнес ойлары шикі болып жатады. Олардың тиімсіздігі оқу барысында анықталады. Күмән тудырған жобаларға маркетингтік зерттеулер жүргізіледі. Сараптамалардың денін қатысушылардың өздері жасайды. Идеялары сынақтардан мүдірмей өтсе, авторы өз жобасын жүзеге асыруға кіріседі. Бастысы – жастардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру. Осы мақсатта ел деңгейінде бірқатар жоба кешенді түрде қолға алынып келеді. Мұндай игі бастамалардың бірі «JasА» деп аталады. Ол жастардың өз ортасында, яғни тұрғылықты қаласы мен елді мекенін көркейтуге арналған жаңашыл көзқарасы мен тың ойларын жүзеге асыруға бағытталған, – деді ол.
Расында, Жастар жылы іске қосылған жаңа жобалардың көбі өңірдегі жастардың экономикалық сауатын күшейтіп, бизнеске айтарлықтай дағдылануына септігін тигізді. Бұған елді мекендерде кәсібін ашып, нәпақасын тауып жүрген біраз жастың бастамасы айғақ бола алады. Мысалы, 18 жастағы Арыс қаласының тұрғыны Жанна Кемелбекова «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, грант иегері атанған. Бүгінде автокөлік жабындыларын тігетін шеберханасы бар ісмер қыздың ісі алға басып, ауыл тұрғындарынан көлік жабындыларына сұраныс арта бастапты.
Жоғарыда аталған «JasА» жобасына да ауылды аймақтар мен шағын қалалардағы жастар ерекше белсенділік танытып, қатысқан екен. Бұл жөнінде «Жұмысшы жастар қоғамдастығы» ҚБ «JasА» жобасының бағдарламалық менеджері Арсен Қамбалов айтып берді. Оның айтуынша, бұл жоба 14 пен 28 жас аралығындағы жастарды қолдауға бағытталған. Бүгінде аталған жобаның аясында 104 бастама қолға алыныпты. Жобалардың тақырыптық аясы мен мән-маңызы әр алуан болғанымен, басты мақсаты – ел игілігі үшін жасалып жатқан әлеуметтік бастамалар. Мәселен, бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық алаң құруды көздесе, енді бірі азаматтар қоғамдық жерлерде ерекше орындықтар мен жарықтандырғыш құрылғылар орнатып жатыр екен.
Жалпы, биыл Жұмысшы жастар қоғамдастығы 5 жобаны жүзеге асырған. Оның қатарында «Жастар жұмысының академиясы» да бар. Бұл жобаның менеджері Бейсенәлі Қарабаев Атырау облысының Жастар саясаты жөніндегі басқармасымен бірлесіп, «Жастар жұмысының академиясын» аяққа нық тұрғызу үшін күш салып жатқандарын атап өтті.
– Бұл ортақ бастамамыз шеңберінде үш тренинг пен бір конференция өткізу жоспарланды. Қазіргі таңда біз жоспарлаған барлық үш тренингті де ұйымдастырдық. Онда біз еңбекке жарамды жұмысшы жастарды қамтуға тырыстық. Мұндай жоба басқа еш жерде болмағанын ерекше атап өткім келеді. Сарапшылар Жастар жылы Қазақстанда жүзеге асырылған барлық жобалар екі қолға бір күрек таппай жүрген жас азаматтардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қосады деген сенімді пікір ұстанып отыр, – деді Бейсенәлі Қарабаев.
Мәшһүр Жүсіптің «Жігіттікте жаннан кеш те іс қыл: өлсең – өлесің, өлмесең – кісі боласың» деген аталы сөзі бар. Биылғы Жастар жылында жастардың жігерін жанитын, қайрай түсетін бастамалар алдағы уақытта бұдан да зор нәтижесін көрсететіні анық. Өйткені болашағымыз деп білетін талапты жастар білігін арттырып, білек сыбана іске кіріссе, біраз белесті бағындырамыз.