Мемлекеттік жастар саясатының мақсатты негізде жүйелі жүргізілуі келешек кепілі саналатын жас буын өкілдерінің жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін басты факторлардың бірі екендігі белгілі. Осы ретте студент жастар қауымының назардан тыс қалмауы, әсіресе, олардың тұрмыстық жағдайына жете көңіл бөлініп отырғаны мемлекет тарапынан атқарылып отырған істердің әлеуетті қалпын айғақтайды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ұсынған Бес әлеуметтік бастаманың бір бағыты студенттердің тұрмыстық ахуалын жақсартуды меже тұтқаны және соған орай іске асырылып жатқан тындырымды шаралар осы тұжырымның жарқын мысалы.
Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі студенттердің баспанамен қамтылып, алаңсыз білім алу мәселесін оңтайландыру мақсатында біршама жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Оның негізгі өзегі – жатақхана салу мен бұрын салынған ғимараттарды жатақханаға бейімдеп қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік тапсырыс қаражатын орналастыру. Осынау қажеттілікке орай, БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидасын дайындаған болатын. Аталған құжатта ортақ мүдделі іске жекеменшік секторды екіжақты оңтайлылық жағдайында тарту шарттылықтары мен оны жүзеге асыру тетіктері қарастырылған еді.
Ақпараттық насихат жұмыстарының пәрменді жүргізілуінің нәтижесінде бүгінде инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер студент жастар үшін жатақхана салу және бұрын басқа бағытта қолданыста болған ғимараттарды жаңадан жаңғыртып бейімдеу шараларына кірісіп те кетті. Осы ретте олардың қолға алған істеріне әлеуметтік нысан деп қана қарамай, түсімі тұрақты, келешегі ілкімді бизнес-жоба тұрғысынан келулері көңілге қуаныш ұялатады. Шынайы сұраныс көлемін зерделеу ел көлемінде студенттер үшін 75 мың жатақхана орны қажет екендігін көрсетіп отыр. Сұраныс республиканың ірі қалаларымен қоса, облыстық маңыздағы қалаларды да қамтиды.
Студенттер жатақханасын салған немесе ғимаратты қайта бейімдеп жаңғыртқан инвестор, яки болмаса жеке кәсіпкер нысанды (жатақхананы) студенттер үшін қолданысқа енгізген соң мемлекет тарапынан 8 жыл бойы мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәсілімен қаржы төлемдері жүргізіледі. Төлем мөлшері пайдалануға тапсырылған және студенттер нақты орналасқан орынжайлар санына сай айқындалады. Жыл сайын әр орынжай үшін 122 айлық есептік көрсеткіші (АЕК), ғимаратты жатақхана ретінде реконструкцияланған жағдайда 47 АЕК көлемінде мемлекет қаржысы төленеді.
Бұрын студенттердің жатақханада тұруының шектеулі төлемақысы олардың шәкіртақысының 15 пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленген еді. Алайда құрылыс компанияларының өкілдері шыққан шығынның орнын толдыруды көздейтін бұл көрсеткіш бизнеске де, ЖОО-ға да меншік иесі ретінде жатақхананы тиімді басқару мүмкіндігін бермейді деп есептейді. Сол себепті, жатақхана ғимараттарында кәсіпкерлік бағытындағы шарттылықтарды қоса пайдалану жолдары да қарастырыла бастады. Үшінші бастама жүзеге асырыла бастағаннан бері 5404 орындық 22 нысан іске қосылды. Жаңадан іске қосылған жатақханалардың студенттер үшін бір ай тұру құны орташа есеппен 8,5 мың теңгені құрайды. Бұл ірі қалаларда білім нәрімен сусындап, студенттік шақтарын өткізіп, пәтер жалдап жүрген жастар үшін қолжетімді сомма. Мәселен, орынжай жаңадан іске қосылған Қазақ инженерлік-технологиялық университетінің жатақханасында – 15000 теңге, «ДиЛМАШ» ЖСШ – 4000 теңге, ал «RnR Group» ЖШС жатақханасында – 10000 теңге. Жатақханалар тұрмысқа қолайлы, жылы, жарық, тегін Wi-Fi, кітапханалармен, коворкинг орталықтармен жабдықталған, көпшілігінің санитарлық тораптары бұрынғыдай баршаға ортақ емес, бөлме ішінде орналасқан.
Осы орайда айта кетер жайт, жатақханадағы орындар көбіне орналасу құқы алғашқы кезекте мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түскен студенттерге, оның ішінде: жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, толық емес отбасылар мен көп балалы аналардың балалары, зейнет жасындағы көп балалы отбасылардың балаларына жететін. Алға қойылған меже 2022 жылға дейін кемінде жатақханаларда 75 мың жаңа орынды енгізу, түйткілді мәселенің шешімін тарқатып, заманауи жатақханада тұруға ниет танытқан барлық санаттағы студент жастардың тұрғын жайын шешеді деген сенім мол.
«Қаржы орталығы» АҚ