Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер бас қосып мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру туралы мәселені талқылады. Бұл туралы аталмыш палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі мақсат- 133 мемлекеттік қызметті алуға нарықтың дайындығы қандай екеніне талдау жүргізу. Оны анықтау үшін Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі №70 «Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес консультативтік-кеңесші органы құрылуы тиіс.
Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова: «Бұл мәселе өңірлерде кеңінен талқыланып жатыр. Мемлекеттік қызметтердің құзіреттеріне қарасты олқылықтар болып жатса, құқықтық нормативтік актілерге байланысты заңға томпақ келетін жағдайларда кеңес беруге, бірлесіп ұсыныстар жасауға дайынбыз. Болашақта әрбір тұтынушы тарапынан қызметтерді алу кезінде наразылық болмауы керек» деді.
Қазіргі уақытта ұсынылып отырған 133 мемлекеттік қызметтің барлығын бизнес қабылдауға дайын емес. Олардың ішінде бақылау және қадағалау функцияларын міндетті түрде мемлекеттің өзі атқаруы керек, ал кейбір қызметтер бизнес үшін аса тиімді емес деген ұйғарымға келді жиынға қатысушылар.
-Бизнес аталған 133 мемлекеттік қызметтердің тиімдісін ғана алып, бәсекелес ортаға беруді ұсынамын. Бизнес өкілдеріне бұл функцияларды қалдырғаннан не ұтамыз? Кәсіпкерлер қабылдауға дайын функцияларды бөліп алып, екшеп, саралауымыз керек, деді ӨКП директоры Нұрбек Қарасаев.
Шара соңында 133 функцияны жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдерінен және бизнес-қауымдастықтан тұратын жұмыс тобы құрылатын болып шешілді.
Еске салайық, ағымдағы жылдың16 қарашасында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Алихан Смаиловтың төрағалық етуімен Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға 133 мемлекеттік функцияларды алуға нарықтың дайындығына талдау жүргізуді және тиісті ақпаратты Ұлттық экономика министрлігіне жолдау тапсырылған еді. Ұлттық экономика минситрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, үкіметтік емес ұйымдар мен ассоциялардың, бизнестің нарықта жаңа қызметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін кейбір мемлекеттік функцияларды алуға нарықтың дайындық деңгейін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.