Ақтаудағы «Достық» үйінде Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілік-министрі Хан Ман Чун мырза болды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ҚХА баспасөз қызметі хабарлады.
Хан Ман Чун мырзаны облыстық ҚХА-ның хатшылық меңгерушісі Исмурзина Гүлжан Мақсұтқызы мен «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Маденова Раиса Ивановна қарсы алды. Қонақтар Достық үйіне кіре берісте ұйымдастырылған ақ дастарханнан қазақтың ұлттық тағамдарын ауыз тиіп, барлығына алғыстарын білдірді. Хан Ман Чун мырза Достық үйінің тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Сонымен қатар кездесу барысында дөңгелек үстелге жайғасқан қатысушылар Қазақстан-корей қарым-қатынастарының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
-Мен Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Сіздерге алғысым шексіз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Корей елшілігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара достыққа негізделген байланыстар одан әрі нығая түседі деген сенімім зор, деді министр-кеңесші мырза.
Кездесу соңында корей этномәдени бірлестігінің өкілдері министр-кеңесші Хан Ман Чун мырзамен естелік фотоға түсті.