• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Желтоқсан, 2019

Тұрар тағдырының тағылымы мол

714 рет
көрсетілді

Биыл Алаштың ардақтысы, көрнекті қайраткер Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл. Қараорман қазаққа ортақ тұлғаның Әулиеата өңірінде де ізінің қалғаны тарихтан белгілі.

 

Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте оқығаны, 1916 жылы Меркідегі Ақкөз Қосанұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде көтерілісшілерге саяси бағдар бергені, кейіннен оны осы жерде патша әкімшілігінің тұтқындағаны, ақталып шыққан соң 1917 жылы Меркіге қайта оралып «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрғаны тарихи шындық. Әйгілі тұлғаның 125 жылдығына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Тұрар Рысқұлов – халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Рухани шараға еліміздің әр қиырынан келген ғалымдар мен аталған оқу ордасының профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

 Конференцияны университет ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп ашты. Ол өз сөзінде Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік келбетіне кеңінен тоқталды. Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қатысушыларды облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Ұлт азаттығы жолында құрбан болған халқымыздың асыл перзентінің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Жаcтарымыз еліміздің өткен тарихын жақсы білуі керек. Өйткені, елдің, жердің тарихы – халықтың қасіретті тағдыры. Өңірімізде Тұрар Рысқұловтың есімін ұлықтау және мәңгі есте қалдыру жұмыстары жалғасуда. Бірнеше мектеп, көшелер, облыс орталығындағы демалыс саябағы Алаштың мақтаулы ұлының есімімен аталады», деді ол. Ал Қазақстан Ғалымдар одағының прези­ден­ті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты  Оразалы Сәбден «Тұрар Рысқұлов – халықаралық деңгейдегі көрнекті қоғам мен мемлекет қайраткері» атты баяндамасында Тұрар Рысқұловтың күллі КСРО-ны уысында ұстаған Cталиннің ондаған жылдар бойы орынбасары болғанын, кейін нәубет жылдарында қазақты ашаршылықтан құтқарып қалуға байланысты шара қолдануды сұрап, қаһарлы басшыға хат жазғанын, Түрксіб теміржол құрылысының негізін қалаушылардың бірі екенін және елімізде 15-ке жуық жоғары оқу орнының ашылуына бастамашы болғанын ерекше тебіреніспен атап өтті.

 Бұдан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі, тұрартанушы Мұхтар Қазыбек, Қазақстан Республикасы Прези­денті сыйлығының иегері, жазушы Көлбай Адырбекұлы, әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қозғанбаева, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этноло­гия институтының «XX ғасырдағы Қазақ­стан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева және тағы да басқа ғалымдар айтулы тұлғаның елге сіңірген еңбегіне тоқталды. Жалпы, конференция жұмысы «Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі», «Тұрар және тұтас Түркістан идеясы», «Тұрар Рысқұлов және Әулиеата өңірі», «Тұрар Рысқұлов – экономист және қаржыгер», «Тұрар Рысқұлов – публицист, қазақ әдебиеті мен өнеріндегі оның бейнесі», «Тұрар Рысқұлов және түркітану мәселелері» тақырыптарында өрбіді. Конференция қатысушылары Тұрар тағдырының тағылымына қанықты. Жиын соңында көпшілікке режиссер Еркін Рақышевтың тұлғаның өмірі мен қызмет жолын қамтыған «Тұрар Рысқұлов» атты деректі фильмі көрсетілді.

 

Жамбыл облысы