• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Желтоқсан, 2019

Сармат көсемі Санкт-Петербургке «сапарлады»

1470 рет
көрсетілді

Атыраудағы Аралтөбе қорғанынан Алтын адам табылғанына биыл – 20 жыл. Сармат көсемі – екінші Алтын адам Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекшісі Зейнолла Самашев бастаған экспедицияның қазба жұмыстары кезінде топырақ астынан аршылып алынған еді.

Елбасы бағдарламалық мақаласында: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», деп атап айтты. Өзіміз ғана тамашалап қоймай, күллі әлемге көрсетуге лайық мәдени мұраны насихаттау ісіне ерекше мән берілуде. Соның бір айғағы – Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы этнографиялық музейде ашылған «Қазақстанның алтын мұрасы» көрмесі.  Көрмеге Алтын адаммен қатар сармат кезеңінің жәдігерлері – алтын жапсырмалар, қыш ыдыстар, жебе ұштары мен моншақтар, қола айналар мен құмыралар, барлығы 600-ге жуық құнды дүние қойылды.

– Қорғаннан табылған ер адамның киімі алтын жапсырмалармен безендірілген, шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне дейін алтынмен апталып, әшекейленген. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе діни абыз адам болғанын дәлелдесе керек. Аралтөбе қорғаны Құлсары қаласының солтүстік-шығысынан 65 шақырымда, Ақмешіттің оңтүстік-батысында орналасқан. Ғылыми дәлелдемеге сәйкес, бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі екі мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады, – дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.

Ресейге Алтын адамды алып бар­ған музей қызметкерлері көрмеге қызы­ғу­шылық танытқандар қатары көп екенін айтады. Қазақстанның Санкт-Петер­бургтегі Бас консулы Бауыржан Досманбетов те бұл шараның екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасына соны серпін беретінін атап өтті. Ал Санкт-Петербург үкіметінің туризмді дамыту комитетінің елшісі Андрей Мацарин: «Алтын адам екі жақтың туристік саласын дамытуда басты құрал деп білемін. Петербург – туристік қала, менің ойымша осы көрмеден кейін сіздер жаққа туристер ағылады, өйткені Алтын адам көпшіліктің қызығушылығын оятып отыр», - дейді.

Атыраудан табылған Алтын адамның шетелге алғашқы «сапары» осылайша табысты аяқталды.

 

АТЫРАУ