Түркістанның рухани негіздерін ескере отырып, қоғам арасында адалдық және парасаттылық құндылықтарының негіздерін насихаттау мақсатында бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен бірқатар тың идеялар қолға алынды. Соның бірі ретінде «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай Түркістанда алғаш рет халықаралық деңгейде өткен форумды атар едік.
Жемқорлықтың жолын кесудегі үздік тәжірибелердің тиімді жолдарын қарастыру және оның алдын алудың ұтымды тәсілдерін ортаға салу мақсатындағы форумға мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хаб басқарушы комитетінің төрағасы Ә.Бәйменов, Республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы А.Соловьева, ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов, Кеңес Одағының батыры Н.Кремениш, «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы А.Ерниязова, Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі М.Қарғабай, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Б.Халилов, Түркия Республикасы Мармара (Ыстанбұл) университетінің профессоры И.Аттила, Нью-Йорк (АҚШ) полициясының үздік қызметкері Д.Ниязов, халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен құқық қорғау органдарының ардагерлері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев Елбасының тарихи шешімімен облыс болып құрылған Түркістан жерін жемқорлықтан тазартып, адалдықтың мекеніне айналдыруда халықаралық форумның қосар үлесі зор екенін атап өтіп, өзінің пайымды ой-пікірін білдірді. Ал Әлихан Бәйменов жемқорлыққа қарсы күресті агенттіктің, прокуратураның немесе соттың жұмысы деп қарамау керектігін, бұл бүкіл халықтық іс екендігін және батпандап кірген дертті шығару үшін әрбір азамат, соның ішінде әрбір басшы тазалықтың, адалдықтың үлгісін көрсетуі тиіс екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ форумға АҚШ-тан арнайы келген Нью-Йорк полиция департаментінің үздік қызметкері Д.Ниязов Түркістанның болашағы жарқын әрі келешегі кемел боларына сенім білдіріп, отандық полицияның штат санын оңтайландыру арқылы еңбек өнімділігінің сапасын арттыруға болатындығын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының кемелденуіне кедергі келтіріп, мемлекеттің межелі мақсатқа жетуіне тұсау болатын қауіпті кесел. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кез келген қуатты елдің әлеуетін құлдыратып, халықтың билік институттарына деген сеніміне селкеулік түсіреді. Бәсекелестік қабілетін бәсеңдетіп, мемлекеттің өркениет көшіне ілесуіне орасан зор нұқсан келтіреді. Қоғамдық індетпен бүкіл әлем болып күресу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғаруымен 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып белгіленіп, бүгінгі күні көлеңкелі қылмыстың жолын кесуде жалпы қоғамға тән ортақ бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Тағылымды тарихқа толы рухани мекен Түркістан өңірінде алғаш рет өткізілген тәжірибе алмасу жиынының өзіндік ерекшелігі де сыбайлас жемқорлықсыз адал қоғамды қалыптастыру. Мұндай игі бастамаға құрылған халықаралық форумның түркі жұртының асыл бесігі – Түркістан қаласында өтуіне барлық рухани негіздер бар. Бұл форум алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, шетелдік сарапшылардың белсене қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады. Осы орайда ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов мұндай халықаралық форумды кем дегенде екі жылда бір рет Түркістанда өткізу қажет деген ұсынысын жеткізді.
Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған форум соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің және департамент қамқорлығындағы Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» тәрбиеленушілерінің қатысуымен түсірілген «1424» көркем фильмі алғаш рет көрсетіліп, қатысушыларға терең ой салды. Халықаралық форум тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағы мен адалдық мекеніне айналдыруға бірден-бір негізгі қадам болмақ.
Хаким КӨШҚАЛИЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі