Лев Толстой атындағы облыстық әмбебап және ғылыми кітапханада көпжылдан бері жарасымды дәстүрлер қалыптасқан. Оқырмандардың құнды және көне кітаптарды тапсыруы дәстүрге айналып қана қоймай, кітапхана сөресін байыта түсетін. Бірақ бұл жолы білім отауының есігін ашқан Гүләмір Сәнтемірованың жасаған қадамы тым ерекше әрі таңғаларлық еді.
– Иә, Гүләмір Ерденқызы кітапхана басшылығына кіргенде оған тосырқай қарағанымыз рас. Ал ол кісі әңгіме бастағанда, тіпті таңырқадық. Өйткені Гүләмір апамыз 500 мың теңгеге кітапханаға кітап алып беретінін айтты. «Оқырман үшін бүгінде қандай кітаптар өзекті, қандай кітаптар керек, соны айтыңыздар әрі оны өздеріңіз табыңыздар. Мен қаржысын төлеймін» дегенде абдырап қалдық, – дейді кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Шоқанова.
Кітапхана қызметкерлері алдымен оқырмандар сұранысын мұқият зерттеп, кітап атаулары мен авторлардың тізімін жасады. Олардың қатарына қазақ әдебиеті классиктерінің, қазіргі танымал жазушылардың шығармалары, аудармалар, психология саласындағы сұранысқа ие сирек басылымдар кірді. Олар Гүләмір Ерденқызының қатысуымен кітап дүкенінен осы кітаптарды сатып алды. Демеуші осы жолы ғана 300 мың теңгенің сыртында қаржы шығарыпты.
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Гүләмір Сәнтемірова неге мұндай қадамға барғанын кітапхана қызметкерлеріне шешіле айтып беріпті. Биыл әкесі Ерден Жалмұхамбетұлы Сәнтеміровтің туғанына 100 жыл толыпты. Ол Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданының тумасы екен. Қарапайым жан туған жерде еңбек етеді, балаларын өсіреді. Гүләмір әкесінің туғанына бір ғасыр толғанын қалай да атап өткісі келеді. Бірақ ат шаптырып, шашылып ас бермепті. Ойлана келе әкесін еске алудың ең дұрыс жолы туған жерде бір пайдалы акция жасау деп шешіпті. Әкесінің «кітап оқыңдар, балаларым!» дейтін сөзі есінен шықпайтын.
Сыйға тартылған кітаптар кітапхананың абонементтер бөліміндегі арнайы бір сөреге орналастырылды.Оқырмандар қызықтап, керек кітаптарын алып жатыр. Бүгінгі ұрпақты Ерден атайдың аруағы жебегендей, әке алдындағы өзінің бір парызы орындалғандай Гүләмір Ерденқызы да қайырымды ісінен рухани байығандай болып кетті.
ҚОСТАНАЙ