Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның мүшелерімен кездесті.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтамақтастық байланыстың тереңде жатқанын, бүгінгі таңда тәуелсіз елдер ретінде жаңа тұрғыда қарым-қатынас орнап, өзара түсіністік және достық ниетте көптеген келісімдерге қол қойылғанын айтып өтті. Әрқашан келісім жасасқанда екі мемлекеттің де мүддесі бірдей қарастырылатынын жеткізді. “Қазақстан мен Ресейдің Президенттері мен Үкімет басшылары, Парламент палаталарының төрағалары арасында жоғары деңгейде кездесулер өтіп келеді. Оның бәрі екі ел арасындағы байланысты арттыруға ықпал ететіні сөзсіз”, – деді Мәжіліс Төрағасы. Спикер Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елдің өмірінде үлкен маңызға ие екенін айтып өтті. Ал қаңтардың 29-ы күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен Жолдауында ел алдына үлкен міндеттер жүктеп отырғанын баяндады.
Мемлекеттік Дума мен Мәжіліс арасындағы ынтымақтастық туралы палатааралық парламенттік комиссияның тең төрағасы Олег Савченко әріптестері атынан Қазақстанға деген игі ниеттестігін жеткізді.
“Егемен-ақпарат”.