• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Желтоқсан, 2019

Жансейіт Түймебаев «Egemen Qazaqstan» газетінің журналистерін марапаттады

740 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында қонақта болып, басылым ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Жансейіт Түймебаев газет ұжымын Тәуелсіздік күнімен тұспас-тұс келген ғасырлық мерейтойымен құттықтап, бірқатар журналисті марапаттады.

«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойы жыл басынан бері тойланып келеді. Бүгін қарашаңыраққа келіп, газет ұжымын арнайы құттықтауды жөн көрдік. «Егемен» республикамызда шығатын барша басылымның бастаушысы, ұзақ жылдардан бері қазақ халқының мүддесін қорғап келе жатқан бірден-бір газет. Осы жолда қызмет етіп, жазып жүрген, техникалық жағынан қамтамасыз ететін өздеріңіз секілді ұжымның еңбегі зор. Сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, бастысы зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және шығармашылық табыс тілеймін», - деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ бірқатар журналист Қазақстан халқы Ассамблеясының марапатына ие болды. Ұлтаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосқаны үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы Анар Төлеухан мен журналист Майгүл Сұлтан «Мейірім төсбелгісімен» марапатталды. Экономика бөлімінің меңгерушісі Арнұр Асқар, газет шолушысы Бекен Қайратұлы, құрметті ардагерлер Берік Садыр мен Жылқыбай Жағыпарұлы, журналист Орынбек Пазылов, Еркежан Айтқазы және Светлана Ғалымжанқызына алғыс хаттар табысталды.

Жиын соңында «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қонақтарға алғыс білдіріп, Жансейіт Түймебаевқа мерейтойға арнайы дайындалған 100 жылдық тарихты қамтитын газет тігіндісінің электронды нұсқасын, ғасырлық фото-шежіре жинақталған альбом мен «Egemen Qazaqstan» газетінің «Жүз жылдық жылнамасының» бес томын табыс етті.