Нұр-Cұлтан қаласында «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бірегей жобаның негізгі мақсаты –қайырымдылық қызмет идеяларын, меценаттықты және филантропияны насихаттау.
Сыйлықты тапсыру рәсіміне туған жерін, өскен өлкесін дамытуға қатысқаны үшін бизнес-құрылымдардың, ҮЕҰ, еріктілер мен қайырымдылық көмек көрсетушілер арасынан 50 өкіл марапатталды. Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша табыс етілді.
Туған өлкесінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясы бойынша «Gaz stroy montazh KZ» ЖШС құрылтайшысы (Атырау облысы) Ерлан Табылдиев және «Зенченко и К» шаруа қожалығының директоры (Солтүстік Қазақстан облысы) Геннадий Зенченко жеңімпаз атанды.
«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша белсенді азаматтық ұстанымы, түрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметі үшін Жамбыл облысының паралимпиадалық чемпионы Зульфия Ғабидуллина, анестезиолог-дәрігер, кәсіпкер, «Emodji» әлеуметтік кафесінің иесі Азамат Базылов марапатталды.
Елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалардың ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт саласында «Туған өлке» номинациясы бойынша демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін жеңімпаздардың бірі «Алматы менеджмент университеті» ҚБ президенті, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов болды. Сондай-ақ осы номинацияда Маңғыстау облысының кәсіпкері Нұржан Еділов жеңімпаз атанды.
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды тиімді іске асыруда, қайырымдылық көмектің жаңа тиімді нысандарын енгізуде және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға бас демеушілікте «Үздік ұйым» аталымы бойынша «Қазфосфат» ЖШС жеңімпаз атанды, ұйым басшысы – Мұқаш Искандиров. Сонымен қатар, осы номинацияда Айдын Рахымбаев басшылық жасайтын «BI Group» ірі инвестициялық-құрылыс холдингі жеңімпаз болды.
Волонтерлік қызметке белсенді қатысқаны үшін «Ерен ерлігі» номинациясы бойынша сыйлық иегерлерінің бірі Арман Қасымов болды.
Арман «Өмірзақ-Сервис» мұнай компаниясында жұмыс істейді, белсенді волонтер, Атырау жедел жәрдем стансасында 10 жылдан астам уақыт бойы волонтер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, Арман жыл бойы денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тарту үшін, оның ішінде хоспистерге, онкологиялық диспансерлерге көмек көрсету үшін «Birgemiz: Saýlyq» жалпыұлттық жобасының амбассадоры болады. Жоба еріктілер жылын өткізу аясында іске асырылады.
Сондай-ақ осы номинацияда «Сағымбай» шаруа қожалығы басшысы Сағынбай Уабов (Павлодар облысы) жеңімпаз атанды.
Әр номинация бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының 10 лауреаты марапатталды.
Жеңімпаздар http://jomartjurek.com сайтта ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды.