• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2019

«Атамекен» отандық оқу орындарының рейтингін таныстырды

430 рет
көрсетілді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл қатарынан Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді.

Еліміздің жоғары оқу орындарының жүйесінде өткізілетін рейтинг – жоға­ры оқу орнының бәсекелі артық­шы­лықтарын анықтау, оның беделін кө­теру және білім беру қызметтерінің ұлт­тық және халықаралық нарық­тарында оның абыройын көтеруге бағытталған.

Биылғы рейтинг қорытындыларын жыл соңында таныстырған палата мен Білім және ғылым министрлігі өкілдері өз пікірлерін жария етті. «Рейтинг 17 кри­терий бойынша жүргізілді, олар: жұмыспен қамтылған түлектердің па­йызы және олардың орташа айлық еңбекақысы («Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы ұсын­ған мәлімет), оқу аяқтаған соң жұ­мыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ бағдар­ламалардың өзектілігін бағалау», дейді атамекендіктер.

Білім беру бағдарламаларының негізіне – бизнестің ЖОО түлектердің нақты біліміне, іскерлігіне және дағ­ды­ларына деген қажеттілігі алынуы ти­іс, яғни білім беру бағдарламаларын жұ­мыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып дайындау қажет деген қорытынды жасалып отыр. Өйткені дәл осы тәсілді қолданатын жоғары оқу орын­дары рейтинг нәтижелері бойынша үздіктердің қатарында келеді.

Мәселен, Рудный индустриалдық инс­титутын «Жылу энергетикасы» ма­ман­дығы бойынша бітірген түлектер 100% жұмысқа орналасады. Бұл көр­сет­кіш Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен салыстырғанда, біршама жоғары (69%). Неге? Өйткені аталған оқу орны ERG ком­паниясымен тығыз байланыста жұмыс істейді және жұмыс берушімен бірге білім беру бағдарламаларын жасап, өз түлектерінің жұмысқа орналасуы­на кепілдік береді. Бұл тезис білім беру бағ­дарламаларының өзектілігі үшін берілетін балды растайды. Қазіргі кезде Рудный индустриалдық институтының «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша білім бағдарламасы қол жеткізуге болатын 5 балдың 4,8 ұпайын иемденіп отыр.

Алайда жұмыс берушілерді білім бағ­дарламаларының өзектілігі, жал­пы алғанда 32 пайызға ғана қанағат­тан­дырады (666 білім беру бағдарламасы).

«Қазақстанның 60-тан астам жоғары оқу орны болашақ жұмыссыздарды дайындайды десе де болады. Кейбір жоғары оқу орны сапалы білім беруге тырыспайды, есесіне дипломдарды басып шығарып, тез ақша табуда. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», деп қорытынды жасайды зерттеу тобы.

«Атамекен» мұндай беталыс­пен күрес ретінде әкімшілік әдісті ұсына­ды, яғни оқу орындары болашақ жұмыс­сыздарды дайындамауы үшін олардың лицензияларын қайтарып алу қажет. Сонымен қатар рейтинг нәтижесі мем­лекеттік білім беру гранттарын бө­лу кезінде ескерелуі тиіс. Олжас Орда­баевтың айтуынша, нашар маманды даярлайтын жоғары оқу орнына мемлекеттік қаражат бөлінбеуі керек. Яки, «Атамекен» ҰКП мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу ережелеріне өзгерістерді енгізуді ұсынады (ҚР БҒМ-ның №122 бұйрығы): егер ЖОО рей­тингтің төменгі бөлігінде болса, комиссия мұндай білім ордасына мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту құқығынан айыруға құқылы.

Сондай-ақ зерттеу айшықтаған тағы бір тұжырым – білім беру гранттарының мақсатқа сай қолданылмауы. Білім беру және аграрлық бағыттардағы түлек­тердің мамандық бойынша жұмысының төмен пайызы байқалады. Мәселен, 2018 жылы 2886 жас маман білім беру гранты негізінде білім бағыты бойынша оқу орнын аяқтады. Алайда 1010 түлек қана (35%) мамандық бойынша жұ­мысқа орналасты, ал 1255 (43%) түлек мамандығы бойынша жұмыс істе­мейді, 621 (22 %) түлек мүлдем жұ­мыс істемейді. Аграрлық бағыт бо­йын­ша 1552 түлек бітірді, оның ішінде 169 (11%) түлек өз мамандығы бо­йынша жұмысқа орналасқан болса, 954-і (61%) мамандығына сай жұ­мыс істемейді, 429-ы (28%) жұмысқа орна­ласпаған. Егер мысал ретінде оқу ақысының орташаланған бір жылдық мөлшерін алсақ – 350 мың теңге, онда мемлекет білім бағыты бойынша 2,6 млрд теңге, аграрлық бағыт бойынша 2 млрд теңге тиімсіз жұмсалған болып тұр. Дәл осындай беталыс ақылы бөлімнің түлектерінде де байқалды, осыдан мектеп түлектерінің арасында кәсіптік бағдарлау жұмыстары аз жүргізіледі, түлектермен және олардың ата-аналарымен жүргізілетін жұмыстың тиімділігі төмен, сондай-ақ мектеп пен жоғары оқу орындарының арасында өзара байланыс жоқ деген қорытынды жасауға болады.

Жалпы алғанда, Қазақстан қоға­мында жоғары білімге деген үлкен сұраныстың болуы және еңбек нары­ғында мамандарға қажеттіліктің артуы қоғамның және жеке тұлғаның әртүрлі университеттердегі білім сапасы туралы қолжетімді және сенімді ақпаратқа деген қызығушылығын ту­дыратыны түсінікті. Білім беру на­ры­ғында университеттердің бәсеке­лестігі күшейіп келеді. Ғылым мен білімнің коммерцияландырылуы жағ­дайында университеттерді, тіпті сту­денттерді инвестициялауға дайын ин­­весторлар пайда болып жатыр, алай­­да шешім қабылдау үшін әртүрлі уни­верситеттердегі зерттеу деңгейі мен білім беру қызметінің сапасы туралы объективті мәліметтерге мұқтаж. Бұл рейтингтік зерттеу осы қажеттіліктің орнын толтырады.

Мамандықтар және өңірлер бойынша рейтингтерді «Атамекеннің» сайтынан қарауға болады.

90 мамандық бойынша рейтингтер әрі министрлікке, әрі талапкер мен оның ата-анасына, әрі ЖОО өзара бәсе­келестігіне, әрі әлеуетті жұмыс беруші ретіндегі бизнеске пайдалы болмақ.

 

Мерей ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ