Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында Наурыз шын мәнінде Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды.
(Президент Н.Ә.Назарбаевтың Наурыз мейрамына арналған мерекелік кештегі сөзінен).
Наурыз сонау көне дәуірден бері күн мен түннің теңелуі, барлық тіршілік атаулының оянып, табиғаттың жаңаруының бастауын білдіретін мейрам ретінде тойланып келе жатқаны белгілі. Парсы тілінен аударғанда “ноу” – “жаңа”, ал “руз” – “күн” деген мағынаны білдіретін мейрам еліміз тәуелсіздігінің таңы ағарып атар алдында алғаш рет тойланғаны баршамызға мәлім.
Қазіргі кезде жылдан-жылға мәні мен маңызы артып келе жатқан айтулы мейрам қазақ даласының әр түкпірінде ерекше бір ықыласпен тойланып, дастарқанның бас мәзіріне ұсынылатын наурыз көже және алуан түрлі ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындар өзіндік сипатымен айшықталуда. Биылғы Наурыз мейрамы да еліміздің жер-жерінде лайықты түрде сән-салтанатымен атап өтілді. Айтулы мерекенің еліміз бойынша басты алаңына айналған Астанада Наурыз елорда тұрғындарын нағыз той қуанышына бөледі. Осы күні қаланың ортасын бөліп тұрған Есіл өзенінің сол жағалауында тұрғызылып жатқан бірегей ойын-сауық орталығы – “Хан шатыр” алдындағы алаңға халық көп жиналды. Мұнда мерекенің ресми бағдарламасы мемлекеттік филармонияның әртістері мен эстрада өкілдерінің қатысуымен басталып, “Тіршілік бастауы” атты театрландырылған прологпен жалғасты. Соңынан мереке “Жігіттер”, “Үркер”, “Бәйтерек” топтары және Мәдина Сәдуақасова, Рамазан Стамғазиев, Астана қаласы шығармашылық ұжымының қойған концертімен қорытындыланды. Жалпы, осы күні мейрам Астананың барлық жерінде, атап айтқанда, қалалық саябақта, “Жастар” сарайының жазғы алаңында, “Атамекен” этно-мемориалдық кешенінде, Қаржы министрлігінің алдындағы алаңда, “Көктал” шағын ауданында, “Тұлпар” ипподромында, “Бәйтерек” монументі мен Оқушылар сарайы алдындағы алаңда, “Өндіріс”, “Интернациональный”, “Железнодорожный” және басқа да қалаға іргелес жатқан кенттерде кеңінен аталып өтті. Осылардың ішінде “Хан шатыр” ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда өткізілген мейрамда қаланың жоғары және орта арнаулы білім ордалары мен түрлі мекемелері киіз үйлер тігіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын көрсетіп, соңынан айтыстар ұйымдастырғаны астаналықтар мен қала қонақтарының ыстық ықыласына ие болғанын атап өткіміз келеді. Мұнда №1 және №2 өнер мектептерінің оқушылары Наурыз мерекесін бейнелеген жұмыстарын ұсынса, қалалық медициналық колледждің студенттері алтыбақан теуіп, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жасырып, домбырамен ән айтты. Содан кейін мақал-мәтелдер жарысын ұйымдастырып, “Беташар” дәстүрінің қойылымын көрсетіп, “Салтанат”, “Армандастар”, “Құдаша”, “Көктем” секілді билерді билесе, №54 мектеп пен “Метро” көтерме сауда орталығының қыз-жігіттері киіз үй ішінде ойналатын “Санамақ”, “Орамал тастау”, “Соқыр теке”, “Ұшты-ұшты”, “Сақина жасыру”, “Қассың ба, доссың ба?” атты ұлттық ойындарды көрсетіп, келген қонақтарды мәз-мейрам қылса, №38 мектеп-лицейдің ұжымы сәлемдесудің он түрін көрсету арқылы шетел қонақтарын қазақ халқының сәлемдесу дәстүрінің көп екендігінен хабардар етті. Бұл оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ақсымбат Төлеуханованың шәкірттері ұсынған болашақ келіннің ұзатылу алдында туған-туысқандарымен “Сыңсу” қоштасуы ерекше әсер қалдырғанын атап өткен жөн.
Жалпы, биылғы Наурыздың баршамыз үшін маңыздылығының орасан екендігін елімізде Барыс жылынан бастап, Ұлыстың ұлы күніне заң арқылы мемлекеттік мәртебе берілгенінен көруге болады. Бұл мейрам 1989 жылы алғаш рет ұйымдастырылған кезден бастап есептесек, биыл осымен он бірінші рет өткізіліп отыр. Елімізде жылдан-жылға айтулы мейрамға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келе жатқаны белгілі. Өйткені, Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сол себептен бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болып, ұлттар мен ұлыстардың ұйытқысына айналып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жұртшылық алдында білдірген пікірлерінде бірнеше мәрте қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысы өткен жылдардан бері Наурызды жаңа жыл ретінде ресми атап өту жөніндегі көзқараспен келісетінін, өйткені, оны жылдың басы, жаңа күні деп есептейтінін атап көрсетіп келеді. Мәселен, Президент осы орайда “тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әр уақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан татуласып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз түбінде өз мерекемізге келуіміз керек”, деген болатын.
Ал биылғы құттықтауында да Президент еліміздің жаңа жылы Наурыз мерекесімен басталуы тиістігін қадап айтты. “Жалпы ойлап қарағанда, біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, кәрістер де өз күнтізбелері бойынша мерекеледі. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін бірінші Петр енгізген қаңтардың бірінен бастап жүрміз. Биыл біз Жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз”, деді Елбасы.
Міне, Наурыз мейрамының еліміз үшін, халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін Мемлекет басшысының оған өте жоғары мән беруінен-ақ айқын түсінуге болады. Ендеше құтты болсын Наурыз той, бақыт әкел Барыс жылы демекпіз.
Дастан КЕНЖАЛИН.