• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Желтоқсан, 2019

Алматыда «Тәуелсіздік: тарих тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік жиын өтті

284 рет
көрсетілді

Бүгін тәуелсіздігіміздің бесігі болған – Алматыда «Тәуелсіздік: тарих тағылымы» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Ғылым ордасы» РМК ­­ Орталық ғылыми кітапханасында өткен жиынды Алматы қаласының  Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Заман»  парасатты және салауатты өмір» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

Халықаралық адам құқықтарын қорғау комитетінің Қазақстандағы өкілдігінің бірінші орынбасары Қанат Жұмабайдың модераторлығымен өткен жиында алғашқы баяндаманы «Тәуелсіздіктің айқын жетістіктері» деген тақырырыбында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаев жасады.

Ғалым Арықбай Нүсіпәліұлы тәуелсіздіктің елімізге қандай жағдайда келгенін және оны нығайтудың эволюциялық жолмен қалай жүзеге асқанын  жан-жақты баяндап берді.  Сондай-ақ, Кеңес одағының ыдырауы айтуға ғана оңай болғанымен, іс жүзінде одақтас республикалардың өз дербестігін жариялаудағы мүмкіндіктері әркелкі болғанына тоқталды. Ал Ш.Уәлиханов атындағы  тарих және этнология инстиуты директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы  Сайын Борбасов «Рухани жаңғыру: қазіргі қоғамның зәрулігі» деген баяндамасында оны ары қарай жалғастырды.

– Тәуелсіздіктің ең үлкен жеңісі демографиялық жаңғыру болды. 1991 жылы Қазақстандағы қазақтардың саны 6,2 миллионға ғана болса, қазір 11,5 миллионға жеттік. Яғни тәуелсіздіктің 28 жылында 5 миллионға өсті. Мұндай өсу қазақтың тарихында болған емес. Біздің қазіргі кейбір жағдайларда өз көршілерімізге жалтақтығымыз халықтың аздығынан болып отыр. Сондай-ақ Кеңес одағының біз зор табысқа жеттік деген мақтаныш синдромы бізде әлі жалғасып келеді. Біз қазір тәуелсіздіктің тек жақсылығын айтамыз да, кемшілігін айтпаймыз. Оны айту Қазқстанды жамандау емес. Айтпасақ бұл кемшілік түзелмейді ғой, – деген С.Молдағалиұлы тәуелсіздіктен алар тағылымымыз көп екенін жеткізді.

Ал «Қазақтың Ата заңдары және Қазақстан Республикасы Конституциясы қоғамдық қатынастардың қайнар көзі» деген өз баяндамасында Қанат Жұмабай тәуелсіздік – мемлекеттің  ең маңызды белгілерінің бірі екенін айтты. Конституциясында өзін әлеуметтік, құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде жариялаған Қазақстанның құқықтық әдет-ғұрыптарының тарихы өте тереңде жатқанына тоқталып өтті. 

Конференцияның  пікір алмасу бөлімінде баяндамада айтылған мәселелер бойынша талқылау өтіп, жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ баяндамашыларға сұрақтар қойып, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын іздестірді.