Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Испания Королі Хуан Карлос I-ге Галисия провинциясында болған темір жол апатына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті көп адамның қазасына әкеліп соқтырған Сантьяго-де-Компостела қаласы маңында болған темір жол апаты туралы жайсыз хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын, сондай-ақ жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан қайғырып көңіл айтатынын жеткізген.
«Осы қиын сәтте, қымбатты досым, қаза тапқан және зардап шеккен жандардың туған-туыстары мен жақындарына менің көңіл айтуымды және қолдауымды жеткізуіңізді сұраймын», – делінген жеделхатта.