• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Желтоқсан, 2019

Қазақ елін әлем таныды

2453 рет
көрсетілді

Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасымыз анық. Өйткені Елбасы Қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қоймастай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 12 маусымда өзі­нің президенттік қызметіне кірі­су рәсімінде: «Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бүкіл әлем мойын­да­ған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбі­рет­ті. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері», деп ақыл-парасат сө­зін айтса, біз де осы пікір төңі­ре­гін­де ой түйгелі отырмыз.

Кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін біздің бұрынғы Көкшетау облысындағы Ленин­гр­ад ауданының Чистяков кең­шарында үлкен партия жина­лы­сының өткені бар-ды. Бұл шаруа­шы­лық қой өсіретін болған­дық­тан, тұрғындары да кілең қазақ­тар еді. Мінберге бұрынғы тың көтеруші, ендігі аудандық пар­тия комитетінің хат­шысы шығып, қазақтардың «жақ­сы­лықты біл­мей­тін­дік­те­рі­нен бастап», Колбиннің Қазақ­с­танды көркейтуге келген­ді­гін дәріп­теп, бұл ауылда қазақ­тар­дың тым ұлтшыл болып бара жатқандықтарын атап көрсетіп, «осы ауылға кіреберіс жол үстін­де­гі зираттағы әр қабірдің басына қойылған барлық айшықты алып тастаңдар» деп шаруашылық дирек­торы мен партком хатшысына түнерді. Жүздері қарайып кеткен ауыл басшылары жерге қара­ды. Сол бір қысыл-таяң сәтте ауыл мектебінің директоры Сара Тілеу­бай­қызы орнынан тұрып:

– Жақсы, хатшы мырза! Сіз ең әуелі ана аудан орталығының ірге­сін­дегі орыс моласындағы барлық крестерді алғызып таста­ңыз, біз де содан кейін ата-баба­ла­рымыздың қабірінің басын­да­ғы айшықтарды жұлып тастармыз, – деп хатшының аузына құм құйып, жол тауып кеткені бар еді. Міне, біздің бер­тін­ге дейін жалғасқан осындай сора­­қылық­тан көзіміз ашылмағаны ақи­қат жайт.

Әлемнің алтыдан бір бөлігін ал­ып жат­қан Кеңес Одағы ыды­­ра­ған тұс­та Қазақстанның эконо­ми­ка­лық та, әлеуметтік те жағдайы аса қи­ын болды. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос қалып жатты. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Өзге дүниені қойып, қара сабын іздеп сабылдық. Міне, сол жоқ­шы­лық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақтығыстар мен берекесіздік белең алып бара жатқан тұста, кеудені «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шық­ты.

Ұлт­аралық қарама-қайшы­лық­тар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бір­лік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындады. Бұл да Қазақ елінің абыройы! Осы бір Назарбаев саясатын әлемнің мойындағандығының бір көрінісі мынау болса керек. 2014 жылдың 24 наурызында Еуропаның төріндегі Гаага қала­­сын­да Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа дүбірлі дүние­нің бүгінгідей дүрлігіп тұрған ша­ғында қырмызы қыз­ғалдақтың «Президент Назар­ба­ев» деп ата­латын жаңа түрі таныс­тырыл­ды. Қырдың топы­ра­ғынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзік­тігіндей адам үміті де Нұрсұл­тан Назарбаевтың есімімен бүр жар­ған-ды!

Әлем көне тарихтың бет­те­рі­­нен өшпейтін тағы бір тарихи оқиғаны біледі. 2010 жылғы желтоқсан айының 1-2-сі күндері Еуропа Қауіп­сіздік және Ынты­мақ­­тастық ұйы­мының Аста­на сам­митін өткізу арқылы Нұр­сұл­­тан Назар­ба­ев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы беделді жаһандық ұйым­ның қадір-қасиетін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқы­раудың аз-ақ алдында тұр­ған қызметіне қан жүгіртіп, Еуро­атлантика және Еуразия кеңіс­тігінде сенім мен бірлікті орнық­ты­ру­дың тағы бір маңызды қадамына жол ашты. Осылайша дүбірлі де дау-дамайлы, қарулы қақтығысы да дүние тіршілігінің жүйкесін жұқартып тұрған бүгінгі әлем проблемаларын адамзат мүддесі үшін жұдырықтай ет жүрегіне сыйғыза білді.

Адамзат мүддесі демекші, Нұрсұл­тан Назарбаевтың осы күн­гі әлемдік дау-жанжалдарды, қа­­рулы қақтығыстарды бейбіт жол­­мен, келіссөздер арқылы реттеу жо­лындағы бітімгершілік сая­са­­тын да әлем жоғары бағалады. Бү­гін­­гі әлемнің тынысын тарыл­тып, қы­зуын көтеріп тұрған Сирия­дағы жағ­дайды бейбіт жолмен реттеу ба­ғытындағы түрлі көз­қа­расты жақ­тардың Астана қала­сын­да сан мәрте кездесулері бұл мәсе­ле­­­дегі Таяу Шығыстың қатып қалған тоңын жібітіп, бұрын қа­ру­­дың тілімен ғана сөйлесіп кел­гендердің енді парасаттылық тілі­мен, дипломатиялық тілмен сөй­лесулерін бастап берді.

Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы өте кең әрі ешбір өлшемге сыймайды десек, артық айтпаспыз. Өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз да­ла­­сына Астана қаласын салып орнықтыра білгендігінің өзі неге тұрады! Және де тәуелсіздік жыл­дары айдай әлемнің бір-бір бөлшегін дала­мызға әкеліп орнатып бере алған Елбасы бүгінгі астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, туған Отанымызды бүкіл әлемге мойындатып, өз халқымен бүтін дүниені сүйсіндіре білді. Өз басым қазір елорданы Елбасының қазақ баласы үшін соғып берген ұлы ескерткішіндей қабылдаймын.

Біз – тәуелсіздіктің алғашқы сәт­те­рінің куәгер ұрпақтарымыз! Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма сегіз жылдан бергі бар тари­хы мен тағдыры да, жүріп келе жатқан жолы мен асқан асуы да, тар жол тайғақ кешуі де, дәуір­леп өсуі мен өркендеуі де біздің көз алды­мызда болып жа­тыр. Біз­дің әрқайсымызға Жа­ра­тушы Иеміз тәуелсіздік тарихын жасаушы да және соны жазу­шы да сыйын берді! Енді тек осы тәуелсіздігіміздің ғұмырлы, ірге­та­сы берік те тұғырлы болуы үшін әрқай­сымыз хал-қадерімізше үлес қоса берейік дегім келеді.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ