Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елордалық зиялы қауым өкілдері кіндік қаланың ескі қорымына сүйек күлі көмілген мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы Смағұл Сәдуақасовтың басына барып тағзым жасады.
Өткен ғасыр басында азаттық үшін басын бәйгеге тіккен ұлтшыл тұлғалардың алғы шебінде болған Смағұл Сәдуақасовтың ең әуелі, биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Егемен» үшін де ерекше орны бар. Себебі Алаш арысы 1921 жылдың қаңтар айынан бастап «Еңбекшіл қазақ» газетін аз уақыт басқарса, екінші рет 1925 жылдың мамыр айында басылым редакторлығына тағайындалып, республиканың бұрынғы астанасы Орынбордан жаңа орталық Қызылордаға газетті бұйдалап жеткізген екен.
Жарықтық, нағыз толысқан шағында, бар-жоғы 33 жасында Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында апаттан қайтыс болып, өртелген сүйегі Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде сақталып келген едi. Арада 78 жыл өткенде, яғни 2011 жылдың қаңтар айында марқұмның күлі туған топырағына жеткізіліп, елорданың ескі қорымына жерленген болатын.
Алаш арысының басына тағзым етуге жиналған зиялылар арасынан алғашқы болып сөз алған тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев: «Смағұл – ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі күрделі кезеңнің ұлы тұлғасы. Оның идеясы, ұстанымы болашаққа үлгі. Ол ең әуелі, сол тұста жаңадан бекіп келе жатқан тоталитарлық жүйеге ашық қарсы шықты. Егер оның идеясы жеңіске жеткенде отызыншы жылдардағы қырғын болмайтын еді. Болашақта зиялылар тарапынан Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бір ауданға көрнекті қайраткердің есімін берсек деген ұсыныс көтерілуде. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы №78 орта мектепке Смағұлдың есімі берілмек. Оның артында қалған мұрасы өте құнды. Ел оны білуі керек», деді танымал тарихшы.
Сонымен қатар тағзым кезінде филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, қоғам қайраткері, республикалық «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының төрағасы Сабыр Қасымов, смағұлтанушы-академик, Ресей елінен марқұмының күлін туған топырағына жеткізген азамат Дихан Қамзабекұлы қатарлы ғалымдар сөз сөйлеп, Алаш арысының сан қырлы болмысы жайлы баяндады.