• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2013

Дүбірге толы дүние

235 рет
көрсетілді

Жақында НАТО-ның делегациясы Украинаға келіп, елдің ескі әскери техникасын, қару-жарағын, оқ-дәрісін есептен шығарып, жою мәселесін нақтыламақ. Бұл шараны біреулер Украинаны қарусыздандыру деп те атап отыр.

Жалпы, бұл мәселеге қатысты пікір әртүрлі ғана емес, бір-біріне мүлде қарама-қайшы. Біреулер құптайды, біреулер елдің қорғаныс қабілетіне балта шабу деп есептейді. Мұндай пікірлер тек Украинаның өз ішінде ғана емес, сыртта да айтылады. Көп адам оны саясатпен байланыстырады. Айыптайтындар Украина басшылығы Батыстың жетегінде кетті, бұл қадамға Еуроодаққа кіргісі келгендіктен барып отыр дегенге тоқтайды.

 

Украина қарусызданумен қорғанысын күшейтпек

 Қазақта «тентек шоқпар жинайды» деген мәтел бар. Ұрыс-керіске құмарлықты айыптаған сөз. Қажеттен артық нәрсенің қажеті жоқтығын дәлелдеудің де қажеті жоқ. Ең болмағанда, сол керексіз нәрсені сақтап, қорғап отыру да біраз шығын. Осындай қисынға жүгініп пайымдар болсақ, Украина басшылығының ескі әскери техникадан, артық қарудан, оқ-дәріден құтылу жөніндегі қадамдарын құптауға болғандай. Және бұған НАТО одағы қолқабыс тигізбек, тіпті Батыстың біраз елі қаржылай көмектеспек. Сәті түсіп тұрған нәрсені пайдаланып қалған да жөн дерсің.

Атап айтатын бір жай, бұл шараны Украинаның қазіргі басшылығы ғана емес, бұрынғылары да қолдаған. Бұл өзі елде біраздан бері қалыптасқан саясат. Украина сонау КСРО-дан қалған әскери мұраны тиімді пайдалануда біраз шараны жүзеге асырды. Талай әскери техниканы сыртқа сатып, қаржы да тапты. Кешегі КСРО-ның қарулану саясаты Украинаны да қару-жарақ қоймасына айналдырып еді, ол дүние әлі де таусылар емес.

Біраз жұртқа, әсіресе, қазіргі Мәскеуге ұнамайтыны – Украина сол шараларды НАТО одағымен, Батыс елдерімен бірлесе жүргізеді. Бұл ретте Киев НАТО-ның материалдық-техникалық қам­та­ма­сыз ету агенттігі – NSPA-мен қарым-қатынасын 2002 жылдан бастаған. Сонда Украина одан 133 мың тонна оқ-дәріні, 1,5 мил­лион дана қару-жарақты, мың­да­ған зениттік-зымырандық кешен­дерді жоюға көмектесуді сұраған. Кейінірек оған жаяу әскерге қарсы миналарды қосты. Мұның барлығы артық мүлік саналды. Оның бағасы 1,25 миллиард доллармен есептелді. Сөйтіп, соларды сату, жою жүзеге асып келеді. Тек былтыр ғана 310 миллион гривеннің қару-жарағы сатылды.

Содан бері Украина НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасының трасттық қорынан қолдау көріп келеді. Оған бұл өте тиімді. Артық қару-жарақтан құтылу өз алдына, одан айтарлықтай пайда да табады. Айталық, кеңестік кезеңдегі жасалған ауыр танктерді жаңартып, басқаға сатпағанның өзінде, жай металға айналдырудың өзі біраз қаржы түсіреді. 2011 жылы елдің атыс қаруының төрттен бірі жойылса, 2012 жылы 366 мың атыс қаруын жою жөнінде шешім қабылданды. 2013 жылы қаруды жоюдың екінші кезеңі бас­талды. Бұл кезде 73,5 мың тонна оқ-дәрі, 366 мың атыс қаруы, 3 миллион жаяу әскерге қарсы мина жойылмақ.

Артық қаруды жою арқылы Украина НАТО-ға кіруді көздейді деген әңгіме айтылады. Ал кіре алмаса, қорғаныс қабілетін әлсіретіп алмай ма деген сұрақ туады. Осы сұрақпен біраз жұрт украин басшыларын айыптайды. Бірақ Украинаға қарсы кім соғыс ашуы мүмкін? Қазір бірлесіп қарусыздану шарасын өткізіп жатқан НАТО елдері оған бармас. Содан да бұл қарусыздану Украинаға тиімді болмақ.

 

Жапония: бұл жаңа өрлеудің басы ма?

Бұл елдегі парламенттің жоғарғы палатасының сайлауында биліктегі Либерал-демократиялық партияның жеңісі туралы газетімізде бұрын хабарланған. Енді сол жеңістің ел өміріне қандай өзгеріс әкелуі мүмкіндігі туралы ой қозғамақпыз.

Экономикалық тұрғыда аса қуатты Жапониядай елдің өмірін­де саяси партиялардың рөлі ай­рық­ша. Елдің даму жолдарын сол партиялар, солар жасақтаған үкі­мет белгілеп, жүзеге асырады. Сондықтан партиялардың күресіне ерекше мән беріледі. Қазіргі биліктегі Либерал-демократиялық партияның жоғарғы палатадағы жеңісі де солай қабылданды. Премьер-министр Синдзо Абе енді өзінің реформалық қадамдарын еркін жүргізе алады.

Әңгіме мынада: бұрын ЛДП тек төменгі палатада ғана көпшілік дауысқа ие болса, жоғарғы палатада оппозиция көпшілік еді. Содан да кеңесші палата үкіметтің біраз ұсыныстарын өткізбей тастаушы еді. Жаңа сайлаудан кейін ЛДП буддистік «Жаңа Комэйто» партиясымен бірігіп, 121 орынның 76-сына ие болып отыр. Енді кез келген ұсыныстарын өткізе алады. Бұл реформ аларға жол ашады.

Жапония соңғы жылдарда бірқатар қиындықтарды бастан кешті. Аса күшті цунами апаты, атом стансасының бұзылуы, соған орай энергетикалық тапшылық, көрші елдермен шекаралық қайшылық, солардың бәріне қосылып ел ішіндегі саяси тартыс әлемдік жетекші державаның біршама берекесін кетірген. Саяси тартыс дегенде, жарты ғасырдай ел билігі тізгінін ұстаған Либерал-демократиялық партия жеңіліске ұшырап, билікке оппозициялық партия келгенде, үкімет қайта-қайта ауысып, елдің экономикасына, әлеуметтік өмірінде басшылық қожырады. Міне, осы кезде ЛДП қайта билікке келді. Ал оның көсемі Синдзо Абе бастамашылық белсенділік көрсетіп, біршама тың ұсыныстар жасады. Бұл ел экономикасын біршама жандандырып, оң нәтижелер берді.

Премьер-министр Абенің іскерлік белсенділік тудыру үшін монетарлық әдіске жүгінуі тым тәуекел қадам еді. Оған қарсылар да көп болды. Кейде валютаның күштілігі де экономиканың өсімін тежейді екен. Абе саналы түрде ел валютасының құнын түсіріп, инфляцияны көтеру мақсатында қосымша ақша басып шығаруды жүргізді. Бұл экономиканы жандандырды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Абенің ынталандыру жолымен еңбек өнімділігін көтеріп, әйелдерді еңбекке белсенді қатыстыра отырып, жұмысшы күшін көбейтуі экономиканың өсуіне ықпал еткен.

Соңғы жарты жылда эконо­ми­калық өсім айтарлықтай болып отыр. Осы жылдың алғашқы тоқ­санында ол 1 пайызға өскен. Оны жылдық өлшемге салса, 4,1 пайыз болмақ. Бұл – дамыған елдер үшін өте жоғары көрсеткіш. Айталық, Жапония мысалында ол соңғы 20 жылда болмаған екен. Мұның өзі Абе үкіметінің аяғында тұсау бар кезде, яғни жоғарғы палатада азшылық кезде жүзеге асқанын ескерсек, енді реформалардың пәрменділігі артуға тиіс.

Жапон қауымы өздерінің іскер басшыларын әсте де ұмытпайды. Сондай қайраткердің бірі ЛДП көсемі, премьер-министр Дзюнъи­тиро Коидзуми еді. Ол тосын әрекеттерімен ерекшеленді, біраз реформаларды жүзеге асырды, аса қарапайымдылығымен жұртқа жақты. Жұрт қазір Синдзо Абені де соған ұқсатады. Әсіресе, тосын қадамдарын, тәуекелшілділігін жоғары бағалайды. Оның бас­шы­лығымен жүзеге асқан шараларға «абеномика» деген атау да беріліп отыр. Жапондар бүгінде ел бола­шағына сеніммен қарайды.

Жапонияның табыстарын біз жақсы көңілмен қабылдаймыз. Екі ел арасында іскер қарым-қатынас орныққан. Тауар айналымы 7 миллиард доллар көлемінде.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».