• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2013

Елдің иесі, жердің киесі кім екенін таныттық

488 рет
көрсетілді

Тарих өлшемімен қарағанда қас-қағымдық сәт болып көрінетін аз ғана жылда қазақ халқы ғасырларға бергісіз жолды жүріп өтті. Өз астанасын тұңғыш рет өзі анықтаған жас мемлекет оны сәулетті де сәнді шаһарға айналдырды. Бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғым болып отыр. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты.

Осыдан тура 19 жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қабылдаған қаулысы шын мәнінде тарихи да тағдырлы шешім болды. Бұл шешім тәуелсіздіктің алғашқы жемістері ғана емес, жас мемлекетіміздің тұңғыш жеңістерінің де бірі еді. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналды.

Біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы – өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.

Тәуелсіздіктің негізгі мәні тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бас­тауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналды.

Астананың арқасында біз елдің иесі, жердің киесі кім екенін әлемге айқын таныттық. Барша қазақстандықтарды ортақ мүдде жолына барынша ұйыстырып, ұлттар мен ұлыстарды жұмған жұдырықтай жұмылдыра білдік. Астананың арқасында қазақ бұрынғыдан да бекем біріге түсті. Елдің еңсесі тіктелді, рухы көтерілді. Елбасымыздың Жолдауында атап көрсетілгеніндей, «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергия­сын» өз көзімен көре алады» деген сөзі Астана мерейін одан әрі асқақтата түсуде. Астана еліміздегі татулық пен келісімнің ұйытқысы ретінде келешекте де өзге жұртқа үлгі-өнеге бола беретіні анық.

Аманғали АЙМҰРЗАЕВ,

Созақ ауданының әкімі.

Оңтүстік Қазақстан облысы.