Ішкі нарықта құс етінің басқа түрлеріне қарағанда «окорочкаға» сұраныс жоғары деп бағамдайды сарапшылар. Бағасы тұтынушыға қолжетімді тағам бізге Америкадан жеткізіледі. Құрама Штаттан әкелінетін құс етінің бағасы ішкі нарықтан әлдеқайда арзан. Ал фаст-фуд тағамдарға үйірсек келетін америкалықтар қанаты мен жұмсақ етін көп тұтынатындықтан, құстың сан етін өзіндік құнынан да төмен бағамен шетелдерге экспорттайды.
Мамандар жарқын келешегі бар өндірістің адымын аштырмай отырған арзан импорт дейді. Елімізде құс етінің жылдық өндірісі 200 мың тоннаны құрайтын болса, сұраныс көлемі – 350 мың тонна. Импортқа тәуелді өндірістің жай-күйін жақында өткен Агросаммит қатысушыларының алдында Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко көтерген болатын. ДСҰ келісімдері аясында Қазақстанға АҚШ-тан келетін құс етіне құн салығы салынбайды. Бүгінде елімізге үлкен көлемдегі құс еті Ресей, Беларусь елінен де әкелінеді. Ал ішкі нарықтағы бұл әділетсіз жағдайға отандық құс етіне сұраныс артқанда ғана тосқауыл қоюға болады, дейді М.Божко.
Құс шаруашылығы өндірісін жолға қою жеңіл әрі инвестициялық тұрғыдан қайтарымды бизнес. Инвестор айналымдағы қаржысын жарты жыл ішінде қайтарып алады. Аталған өндірістің тағы да бір тиімді тұсы М.Божко атап өткендей, өсімдік тағамдарының дәруменін жұмыртқа ақуызы арқылы алу мүмкіндігі. Әрі жұмыртқа ақуызы еттен әлдеқайда арзанға түседі. Жұмыртқа белогының нарықтағы құны бір килограмына 300 теңгені құрайды. Бұл – ең арзан протеин. Бүгінде елімізде 35 жұмыртқа, 15 бройлер өндірісі жұмыс істейтін болса, олардың басым көпшілігі Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарында шоғырланған. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Атырау және Жамбыл облыстарындағы кішігірім құс фабрикалары өз аймақтарының сұранысын қамтамасыз етіп отыр. М.Божконың айтуынша, ағымдағы жылы жұмыртқа экспортының көлемі екі есеге дейін төмендеп кеткен. Қазақстандық жұмыртқа өндірушілері 2016 жылы Ауғанстан және Ресей нарығына шығып, экспорт көлемін былтыр 600 миллион данаға жеткізген. Экспорт көрсеткішінің төмендеуін Ауғанстан нарығына Пәкістаннан әкелінетін арзан жұмыртқалармен байланыстырған М.Божко «Отандық фабрикалардың экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл көрсеткішті жылына 2 миллиардқа дейін жеткізуге болады», дейді. Ал Ресейде аталған өндіріс жақсы жолға қойылғандықтан, Қазақстан өнімін тұрақты түрде тұтына бермейді. 2013 жылы жұмыртқа импорты 42,9 млн-ды құраса, керісінше, экспорт көлемі 58 миллионға артқан. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 938 млн-ды құрап, оның 819 млн-ы Ауғанстанға жөнелтілген. Биыл Ауғанстан қазақстандық жұмыртқа нарығынан шығып, құс өнімдерінің бағасы төмендетілген Пәкістан мен Иранға басымдық беріп отыр. Бүгінде барлық құс фабрикалары өндірілген өнімдерінің 10-40 пайызын экспорттайтынын негізге алсақ, соңғы бес жылда отандық құс фабрикалары экспорттық әлеуетін 16 есеге дейін арттыра алатын еді. Бірақ сыртқы нарықтағы тұрақсыздық экспорттық әлеуетке кері ықпалын тигізіп отыр, дейді М.Божко. Қазіргі кезде қазақстандық өндірушілердің көздеп отырғаны – Қытай нарығы. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті министрлікпен келісілуде. Экспорттың артуына сонымен бірге ауыл шаруашылығының өзге салалары – астық және майлы дақылдар өндірісі ықпал етпек. Аграрлы елде артық астық шикізат ретінде шетелдерге экспортталады. Ал мамандар бидай, жүгері, күнбағыс және бұршақ тұқымдастарды мал және құс шаруашылығында өңдеудің тиімділігін алға тартады. Бүгінде құс шаруашылығы жылына 1 млн тонна көлемінде дақыл, 500 мың тонна майлы дақылдардың күнжарасын тұтынады. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын астықты тұтыну көлемі де артады. Жұмыртқа өндірушілерінің мақсаты өндіріс көлемін жылына 2 млрд-қа дейін жеткізу екенін жоғарыда атап өттік. Ондай жағдайда 120 млн доллар табыс табуға болады. Ал егер астықты шикізат күйінде сыртқа шығара берсек, одан түсетін пайда бар-жоғы 40 млн долларды құрайды. Бұдан шикізатты емес, өңделген өнімді экспорттаудың қаншалықты тиімді екендігін көреміз, – дейді М.Божко. Жұмыртқа өндірісін жылдам дамыту үшін жаңа фабрикалар тұрғызудың қажеті шамалы. Қазіргі өндірістік әлеует деңгейінде де құс басын көбейтуге болады. Дегенмен жұмыртқа өндірісінің әлсіз жақтары да бар. Жаз кезінде сұраныс азайған тұста құс фабрикалары бағаны арзандатады. Ал күзде сұраныс ұлғайған кезде өндірушілер бағаны көтеру арқылы жазғы шығынның орнын толтыруға тырысады. Мұндай жағдайдан шығудың тиімді жолының бірі – жұмыртқаның сарысын ақуызынан ажыратып алып ұнтақ жасау әрі тағам өнеркәсібін ұнтақпен қамтамасыз ету. Өндірістің бұл түріне көшкен жағдайда жекелеген тұтынушылардан жұмыртқаға сұраныстың аздығына қарамастан, жаз кезінде де шаруашылықтың қуатын арттыруға болады. Нәтижесінде өндірісте баға тұрақтайды. Тағы бір жолы – мекиен тауықтарды ет өндірісіне жіберуді жолға қою. Бүгінде сала тұрақты субсидияланбағандықтан, құс фабрикалары мекиен тауықтар санын айзайтуда. «Шаңырақ» компаниялар тобы ағымдағы жылдың жаз айында жұмыртқа бағытындағы бір фабрикасының жұмысын тоқтатып, өндіріс орнын етті бағытқа бұруды жоспарлаған. Тығырықтан шығудың жолын тапқан шаруашылық нарықтағы құс еті жетіспеушілігін азайтуды көздейді.
АЛМАТЫ