Бүгін Душанбеде Қазақстан медицинасының күндері басталды. Екі күндік шараға «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі Диляра Қайдарова, сүт безі ісіктері орталығының жетекшісі Әлия Абдрахманова, бас және мойын ісіктері орталығының жетекшісі Мұрат Қайбаров қатысып отыр.
ҚазОжРҒЗИ басшысы Диляра Қайдарова Тәжікстанның онколог-дәрігерлеріне Қазақстанда онкологиялық көмек көрсету және онкологияда дербестендірілген диагностика жөнінде дәріс өткізді. Айта кету керек, онкологиялық көмек көрсетудің қазақстандық үлгісі Орталық Азия елдерінің көрсеткіші болып табылады.
Ал 2018 жылы Қазақстанда онкологиялық ауруларға қарсы күрес бойынша Кешенді жоспар қабылданды, ол білікті мамандарды дайындауды, жаңа технологияларды енгізуді және өңірлік онкологиялық мекемелерде жабдықтар паркін жаңартуды көздейді. Жоспар 2022 жылға дейін межеленген. Қазақстанда онкологиялық науқастарды скринингтен өткізу, емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мемлекеттік бюджет қаражатынан толығымен қаржыландырылады.
Сонымен қатар іс-шара аясында жетекші қазақстандық онкологтар Тәжікстанның Республикалық онкологиялық ғылыми орталығы базасында дөңгелек үстелдер, дәрістер мен оқыту мастер-кластарын өткізіп жатыр. Сондай-ақ Душанбе онкологиялық орталығында онкологиялық науқастарға кеңес береді.
Сүт безі ісіктері орталығының жетекшісі Әлия Абдрахманова «Сүт бездерінің ауруларын диагностикалаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Бас және мойын ісіктері орталығының басшысы Мұрат Қайбаров қалқанша безі ісіктері мен жақ асты сілекей безінің ісіктері бойынша көрсеткіш ота жасады.
Тәжікстанның дәрігер-онкологтары қазақстандық әріптестеріне пайдалы және қажетті бірлескен тәжірибесі үшін алғыстарын білдірді.
Осы іссапар барысында Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.