• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Желтоқсан, 2019

Қойнауы алтынға толы ауыл тұрғындары денсаулыққа қатерлі дерттердің көбейіп бара жатқанына алаңдаулы

606 рет
көрсетілді

Сыршыл ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Кәкімбек Салықов кіндік кескен, балалық бал дәурені өткен туған жері жайлы былай деп толғанады: «Жалғызтау мен Сырымбеттің арасы Үкілі Ыбырай мен Ақан серінің асыл мекендері, ауылы-аралас, қойы-қоралас. Құдандалы бауыр-туыс болып кеткен сыйлас, тату ауылдардан құралады.

Үкілі Ыбырайдың ауылы – Жалғызтаудың оңтүстігінде орналасса, Еңбек Сырымбетке жақындау Жарқын көліне тақау жатыр. Ал Ақтас сол аймаққа ортақ Қамсақты өзеніне таяу жерде бой жазса, Сырымбеттен Егіндіағаш он бес, Дәуқара жеті-ақ шақырым, бұл ауыл мен Еңбектің арасы он екі шақырым. Бұлақ, Қарағай ауылдарымен іргелес Құмтөккен Сандыбай бұлағының басына орналасқан. Бұл ауылдар – ескірмес алтын бұйымдай ескі, дос ауылдар».

Жоғарыда аталған бір шоғыр қазақ елді мекендері ішінде Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдары 1929 жылы ұжымшарға біріккен сәттен бастап еншісі бөлінбеген күйі қызықты да, шыжықты да бастан бірге кешіріп келеді. Бүгінгі құлазыған, адам жанын ауыртатын кейпіне қарап ондаған мың бас ақтылы Шопан ата түлігін мыңғыртып өсіріп, телегей-теңіз табысымен республикамызға дейін танылды дегенге сену қиын. Мектеп жабылғалы Қарағайдың түтіні селдіреп қалған. Ақтас тоғыз жылдық білім үйінде оқушылар саны азайған. Округ орталығы Бұлақта да шетін проблемалар жетіп-артылады.

Мұнда клуб үйі жоқтығынан жастар бос уақыттарын қайда өткізерін білмей дал. Ауыл­іші­лік, ауданға қаты­най­тын жолдардың жайы сын көтермейды. Сапалы ауыз суға зәрулік басым. Бірінші кезек­те шешімін табуы тиіс осын­дай әлеуметтік мәселелер тұр­ғындарды көп жылдан бері тол­ғандырып келсе, енді оған тағы бір «бас ауруы» қосылып отыр. «Егемен Қазақстанның» тіл­шілер қосынына арнайы кел­ген бастамашыл топтың ша­­ғым хатымен танысып шық­т­ық. Онда қазақ ауылдарына тән жанайғай баяндалыпты. «2014 жылы ауыл іргесінен «Әулие Голд Майнинг» компаниясы алтын өндіретін кен орнын ашқалы экологиялық жағдай ушығып кетті. Оның ақыры қатерлі кеселдердің, адам өлімінің көбеюіне соқ­тырып отыр. Қиыршық тас­тар­ды заңсыз қазып, тасымал­дау фактілері бірнеше рет тіркел­генімен, еш шара қолданылар емес. Ірі көлемдегі мұндай та­лан-тараждарға қашан тос­қауыл қойылары белгісіз. Ауыр салмақты тіркемелі кө­лік­­­тер жолдарды жарамсыз етіп тас­тады», делінген хатта.

Құлсары әулие жерленген оба маңынан табылған алтын қо­рының жалпы аумағы 400 гек­тарға жуық. Жер қойнауын барлау, зерттеу жұмыстары өт­­кен ғасырдың ортасынан бас­­талып, құрамында адам ағ­засына қатерлі уран, тағы бас­қа ауыр металдар болғандық­тан, игерілмеген күйі қалған бо­ла­тын. Алайда ресейлік «Майнинг Солюшинс» ком­пания­сының «Әулие Голд Май­нинг» және «Геобайт Инфо» деп аталатын еншілес кәсіп­орындары 2002 жылы атал­­ған аумақты зерттеуге рұқ­­­саттама құжаттарын ал­ған. Осыдан бес жыл бұрын тау-кен зауытының алғашқы қада­сы қағылғанда тұрғын­дар қатты алаңдаушылық білді­­ріп, көңілдеріндегі күдікті жа­сы­рып қала алмады. Бағ­дарлама­­ның жүзеге асырылуы­на үзіл­ді-кесілді қарсы болып, құзырлы органдар, ком­па­ния өкіл­дері­нің қатысуы­мен бірнеше рет қоғамдық тыңдалым ұйым­дастырылған. Ауыл имамы Ерғали Ораза­лин­нің «Осы маңайда сібір жарасымен ауырған малдар­дың өлексесі көмілген арнайы орын бар. Ол жерден қазба байлық табылса, не іс­тей­сіздер? Қоршаған орта­ға нұқсан келсе, кім жауап береді?» деген сұрағына «эко­ло­гиялық, экономикалық, құ­қық­тық сараптамалар жүргі­зіл­­ген. Бәрі талапқа сай болады. Алаңдауға еш негіз жоқ. Алынған табыстың бір бө­лі­гі жергілікті жерлердің әлеу­меттік мұң-мұқтаждарын шешуге бағытталады. Зерттеу ша­раларына 100 миллион тең­ге жұмсалып, 20 тонна алтын қоры анықталды. Өңірде түс­ті металлургияны дамытып, салаға инвестиция құятын бо­ла­мыз» деген жауапқа ауыл­дың ақкөңіл, аңқау адамдары имандай сеніп, ортақ мәмілеге келіп тарасқан. Қазір таудай уәденің аяғы қылдай болып, қағаз бетінде қалған. Оған төменде тоқталамыз.

Фирманың кезең-кезеңмен атқаратын жұмыс кестесі өте ауқымды. Жобалық құны 2,7 милл­иард теңгені құрайтын өн­­дірістік алтын кеніші ал­ғаш­қы бесжылдықтың Индуст­рияландыру картасына енгізі­ліп, 600 мың тонна өнім өндіру, толық қуатында іске кіріскенде 350 жаңа жұмыс орнын құру белгіленген. Алайда алтын аралас топырақты екшеп, өңдейтін кешеннің экономикалық-әлеу­мет­тік маңызының бұлақ­тық­тар үшін көк тиын құны қал­маған тәрізді. Арада 4 жыл­ға жуық уақыт өткеніне қа­ра­мас­тан тұрғындардың өмір сапасы жақсарудың орнына, керісінше, төмендеп ба­ра­ды. Екіжақты келісімшарт­та көр­сетілген талаптар то­лық орын­далмағандықтан жаңа түйт­кілді мәселелер қорда­ланып, өндіріс орнынан пайда емес, зардап шегіп отырған жұртшылықтың орынды ашу-ызасын тудырып, оның соңы бастамашылдық топ құруға соқтырған. Оның жетекшісі Болат Бейсенбаевтың айтуынша, әзірге жобаның қамтыған аумағы – 3-5 шаршы шақырым. Ке­ле­шекте 25 шақырым аумақ қазылып, өнім 14 метр терең­­дікте ашық әдіспен өндіріл­се, жағдайдың одан әрі мүш­кіл­дене түсері анық. Ең сорақысы, елді мекенді ауру мен өлім-жі­тім жайлап барады. Соңғы 3 жылда шағын елді мекенде 30 ауылдасымыз дүние сал­ды. Араларында өрімдей жас­тар да, обыр ауруына шал­дыққандар да бар. Мұның бәрі радиацияның таралуы кесі­рінен. Топырақ пен су құра­мында улы заттардың нормадан асып кеткенін айғақтайтын құжаттар қолымызда бар. Бұ­ған дейін ел-жұрт қатерлі ісік­тің, жүрек-қан тамырлары ауруларының не екенін біл­мейтін. Енді күрт өсіп кет­ті, дейді ол ашынған үнмен. Кел­тірілген деректер бойынша соңғы 10 айда 5 адам көз жұм­са, екеуі онкологиялық дерттен қайтыс болған. Жалпы, Қызыл­жар – қатерлі ісік бойын­ша елі­­мізде алдыңғы орында. Оның ішінде қауіпті дерт Есіл ауданында да кеңінен та­рал­ған. «Соңғы 1,5 жылда 18 адам шетінеді. Олардың жетеуі кеніште еңбек еткен. Аяқ-қол­дары балғадай, тепсе темір үзетін азаматтар еді. Бұрын ыңқыл-сыңқылын есті­ген емеспіз. Судың сапасы бұ­рын­­ғыдан да нашарлап кетті. Өткен ғасырда қазылған құдық суын тұтынамыз. Ыдыстың түбінде екі елідей тұнба қала­ды. Алтынды тазалау үшін натрий цианий сияқты химиялық қосындылар пайдаланылатын көрінеді. Оның ауамен таралып жатпасына кім кепіл? Аудан аумағы арқылы табиғи у­­ран белдеуі өтетінін ешкім ескергісі келмейді. Алтын бар жерде уран болатыны еш­қан­дай құпия емес. Бізден консер­ва­цияланған уран кен орындары да алыс емес. Кезінде Семей полигоны жайлы ащы шындықтарды бүркемелеп келген жоқ па? Елес құсап кезген жайсыз ақпараттар ел ішін алатайдай дүрліктіріп бітті. Жол жөнделеді, тіршілік нәрі жеткізіледі деген уәделер жыл сайын қайталанады. Ата-баба қонысынан көшкенде қайда барамыз? Басқа жаққа қоныс аударуға көбі қауқарсыз. Ал­пауыт инвестор келгелі тір­лі­гімізден құт-береке қаш­ты. Күн­діз күлкіден, түнде ұй­қы­­дан айрылдық. Алтынның ор­­та­сында отырып көрген күні­міз осы», дейді ауылдың ба­йыр­ғы тұрғындары.

Құзырлы органдар бұл уәждермен келіскісі жоқ. Ден­саулық сақтау басқармасы және Тауарлар мен көрсеті­ле­тін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­пар­таментінің жетекшілері ра­диациялық фон деңгейі қалыпты екенін, тексерістер нәтижесінде стандартқа сай келмейтін сынамалар анық­тал­мағанын алға тартады. Олар­дың статистикалық мәлі­­меттеріне қанша құлақ асқы­­мыз келсе де, сене қою қиын. «Арқада қыс жайлы бол­са арқар ауып несі бар?» демек­ші, төрт түлік малын өсіріп, бала-шаға нәпақасын айырып отырған тұрғындар еш негіз­сіз емен есіктерді қағып, табал­дырығын тоздырмайтын шығар? Елді мекендер мен бала­ларының болашағына, тағ­дырына алаңдағандықтан респубикалық ведомостволарға дейін дабыл қағуын қасақана жасалып отырған әрекетке балаушылар да жоқ емес. Мүйізі қарағайдай басшылардың БАҚ өкілдерімен өткізген бри­финг­те «Бар гәп ауыл тұрғын­дарының су құбырын өткізіп беру­ді сұрап отырғанында. Екінші, жол салып беруді сұ­рай­ды. Осыларды тездету үшін әдейі осындай әрекетке барып отыр» деп ақиқат ауылынан алшақ кетуі «жаны ашымастың қасында басы ауырмастың» қылы­ғын көрсетсе керек. Олар­дың «Бұлақ ауылдық округі бо­йын­ша онколог дәрігердің диспан­серлік есебінде өсім жоқ. 2016 жылы – 9, 2017 жылы – 8, 2018 жылы– 9, 2019 жы­лы 5 адам қайтыс болған. Жал­пы өлім-жітімнің өсуі бай­қал­ғанымен, қатерлі ісік көр­сет­кіші тұрақты» деуі мал сана­ғын жүргізгендей әсер қалдырады.

Зауыттың өз жұмысын тоқ­­тат­қан кездері де болыпты. Оның бір сыры жоғары тех­но­логиялық құрал-жабдық­тарды орналастыра алмауына тірелетін сыңайлы. Өз жұ­мысын осылайша ескі ырғақ­пен жалғастыра беретін болса, жерасты суына сіңген зиян­ды қалдықтардың көрші ауыл­дарға да таралып кетуі ғажап емес. Оның үстіне техникалық қауіп­сіздік ережелері жиі бұзы­лады. Шикізат сақтай­тын ыдыстар талапқа сай емес. Кеніште бүгінде 110 адам ең­бек етсе, 17-і ғана – жер­гі­лікті тұрғындар. Қара­жат та­бу­дың басқа амалы қал­ма­ған­­дықтан кезінде осында жұ­мысқа орналасқан бұлақ­тық­тар қатары қазір сиреп қал­ған. Денсаулығы сыр бере бастағаннан кейін кетуге мәжбүр болғандардың саны аз емес. Солардың бірі – Тілек­тес Есжанов. «Ауылда ширек ғасырға жуық жастар көңіл көтеретін, демалатын орын жоқ. Жаны ашыса, компания бес жылда бір мәдениет үйін салып берер еді. Ойлайтындары – тек өз қамы», дейді ол.

Түрлі деңгейдегі құзырлы м­е­кемелерге жолданған ұжым­дық арыз-шағымдардың бірі аймақ басшысы Құмар Ақ­сақаловқа бағытталғаннан кейін сең қозғала бастаған тәрізді. Аудан әкімі Алтынбек Абдоллаевтың сөзіне сенсек, топ­тық су құбыры Бұлақ ауы­лы­на 2022-2025 жылдарға қарай жететін көрінеді. Бұл орын­далатын меже ме, әлде «тумаған балаға көйлек пішу» секілді сырғытпа жауап па, оны уақыт көрсетеді. Ал «алтын көрсе періште жолдан тая­ды­ның» керін келтіріп отырған шетел­дік алпауыт компания бас­шылығы әзірге үнсіз. Әліп­тің артын бағуларына қара­ғанда не ойлағандары белгісіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы