• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2019

Мегаполистегі мұнай өңдеу зауыты еуропалық стандартқа сай өнім шығаруда

446 рет
көрсетілді

Бүгінде Шымкент қаласында орналасқан «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы Қазақстан-Қытай мұнай өңдеу ісіндегі жетекші кәсіпорынның бірегейіне айналды. Шымкент мұнай өңдеу зауыты екі ұлттық оператор – «ҚазМұнайГаз» бен CNPC компанияларының табысты серіктестігінің үлгісі.

Қара алтынның қаймағын қал­қып, өңдеу ісімен айналысатын ұжым өзінің жобалық қуатын арт­тыру, өнім көлемін еселей түсу үшін батыл қадамдарға барды. Нәтижесінде отандық өнім бұ­рын­ғыдан да терең өңделіп, са­па­сы «Еуро-4» және «Еуро-5» стан­дартына көтерілді. Осы­лай­ша зауыт мұндай мүмкіндікке елі­­­міздегі Үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдар­лама­сының аясында қол жеткізді.

Күні кеше екі ел экономикалық дос­тығының айнасы атанған ірі өндіріс алаңына ҚХР-дың елі­міздегі Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо арнайы келіп, өндіріс ошағының жұмысымен танысты.

«Жыл өткен сайын Қазақ­стан мен Қытай арасындағы сауда-саттық, экономикалық жобалардың көрсеткіші жо­ғарылап келеді. Бұл дегеніміз көр­шілес екі мем­лекеттің тату­лығының белгісі. Біз жұмысымен танысып отырған Шымкент мұнай өңдеу зауыты соның бір дәлелі. Аталған мекемеде өң­делген өнімдердің сапасы артып, шетел нарығында саудалануда. Кәсіпорын екі елдің сала мамандарының ұжымдық бір­лігінің, тынбай еңбектенуінің арқа­­сында ғана осындай жетіс­тіктерге жетіп отыр. Осы орайда елшілік атынан Қазақстан азаматтарын өткен тәуелсіздік күнімен құттықтаймын», деді Чжан Сяо.

Өз кезегінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң президентi Цзян Ши өндiрiс орнының тарихы туралы сөз қозғап, кеңестік кезеңнен бері күрделі жөндеу көр­меген зауыттың тәуелсіздік жыл­дарындағы жетістіктеріне тоқ­талып өтті.

«Біз осы орайда қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Зауытты жаңғырту және реконс­трукциялау ауқымды жобасын іске асыру бойынша бірлесіп сапалы еңбек еттік. Енді соның жемісін көріп отырмыз. Осы мекемеде қаншама қазақстандық жас біліктілігін арттырып, отандық мұнай өңдеу саласында мықты маманға айналуда. Олардың бо­йын­дағы талпыныс, жаңалыққа ұмтылғыш қасиет бізді қуантады. Қазақстанның әр өңіріндегі біздің мекемеден түлеп ұшқан жастармен, жақсы мамандармен әрқашан мақтанамыз», деді Цзян Ши.

Қазіргі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауыты шығаратын отын сапасын «К-4», «К-5» стандарттарына дейін жоғарылату, зауыттың жобалық қуатын жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізу жолында жұмыс істеуде. Сондай-ақ Қазақстан нарығының қажетін қамтамасыз ету үшін мөлдір мұнай өнімдерінің өндірісін арттыру­ға күш салуда. Шымкент мұ­най өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау ауқымды жо­басын іске асыру бойынша «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мен бас мердігер болып табылатын «СРЕСС» – Қытай мұнай инженерлік-құрылыс компаниясы қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттер осылайша сәтті орындалды.

Ауқымды жоба «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен CNPC E&D компанияларынан алынған тең қарыз есебінен қаржыландырылды, сондай-ақ «Қазақстан даму банкі» АҚ-тан да қарыз алынды. Жобаны іске асыру үшін 1,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.

CNPC корпорациясының бө­лім­шесі – СРЕСС мұнай инже­нер­лік-құрылыс компаниясы жобаның бас мердігері болды.

Жобаның бірінші кезеңі аяқ­талғаннан кейін – жеңіл наф­таны изомерлеу қондырғысы, жылына 4 мың тонна күкірт өн­діру қондырғысы, реконструкция­дан өткізілген дизель отынын гидротазалау қондырғысы, автоматты нүктелік құю қондырғысы пай­далануға берілді.

Жобаның екінші кезеңі бойынша: каталитикалық крекинг кешені (қуаты жылына 2 млн тонна); каталитикалық крекинг бензинін гидротазалау қондырғысы (қуа­ты жылына 1 млн тонна); қа­нық­паған көмірсутекті газдарды күкірт­сіздендіру қондырғысы (қуаты жылына 303,1 мың тонна); сілтіні тазалау қондырғысы (қуа­ты жылына 6 мың тонна); қанық­қан көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру қондырғысы (қуаты жылына 145 мың тонна); күкірт өндіру қондырғысы (қуаты жылына 15 мың тонна); С3/С4 фракцияларын бөлу қондырғысы (қуаты жылына 301,9 мың тонна); аминді регенерациялау қон­дырғысы (қуаты жылына 1,345 мың тонна); қышқыл ағызынды суларды буландыру қондырғысы (қуаты жылына 792,1 мың тонна); қысқа циклды адсорбциялау қондырғысы (қуаты жылына 209,8 мың тонна) қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ қуаты жылына 6 млн тонналық ЛК-6У кешенінің АТ қондырғысы реконструкциядан өткізілді.

Осылайша жоба іске асы­рыл­ған­нан кейін шығарылатын өнім­нің көлемі мен ассортименті көбейді.

Экологиялық кодекс­тің 288-б­а­­бына сәйкес жә­не «Өн­­­д­і­ріс және тұтыну қал­­дық­­тарын жинауды, сақтауды, жою­­­­ды және шығаруды ұйымдас­ты­ру ере­желеріне» сәйкес кәсіп­орын­да пай­даланылған ток көз­дерін жи­нау үшін контейнерлер және ма­ку­латураны жинау үшін плас­ти­ка­лық жәшіктер қойылды. Қайта өңдеу және кәдеге жарату (жою) үшін 1000 тонна мұнай шламы шығарылды. Кәсіпорын аумағын көгалдандыру және абат­тан­дыру аясында кәсіпорын аума­ғына түрлі ағаштардың көшет­тері отырғызылды. Жалпы ауданы 350 шаршы метр болатын күн көзінен қуат алатын батареялар мен 10 жел генераторы орнатылды. Сондай-ақ кәсіпорында экологиялық көлік түрі болып саналатын велосипедтермен және электромобильдермен жүру үшін жағдай жасалды.

Жаңа қондырғылар іске қосыл­ғаннан кейін «ПКОП» ЖШС-да 2017-2018 жылдары 284 жаңа жұмыс орны қосымша аттестат­тау­дан өткізілді. Зауыт жұмыс­кер­лерінің 98 пайызы қазақ­стан­дық, тек 2 пайызы шетелдік азамат екенін айтқан жөн.

Жобаны іске асыру кезінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті 30 компаниясы мен 4800-дей жергілікті жұмысшы жұмысқа тартылды.

Өзара тәжірибе алмасу аясында Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарына және салалас кәсіпорындарға барып көрулері үшін жыл сайын компания жұмыскерлеріне Қытай Халық Республикасына сапарлар ұйымдастырылады.

Кәсіпорын жұмыскерлеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауда жоғары көрсеткіштері үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Дүние жүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйым­дас­тырылған Үздік қауіпсіз кәсіп­орын» байқауында арнайы дип­ломмен және жеңімпаз кубогымен марапатталды. Өндірістік қызметтегі жетістіктері үшін және Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау жобасын іске асыруға қосқан үлестері үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің бас­шылығы мен жұмыскерлері мем­лекеттік наградалармен, медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудан өткізудің ең бірінші ұтымдылығы, кәсіп­орыннан шығып жатқан өнім­дер­дің сапасы жоғарылайды. Яғни экологиялық талапқа сай өнім ұсынылады. Қазіргі таңда өңдеу ісімен айналысатын зауыт іргесіндегі ауылдардан түсетін арыз-шағымдар да азайған.

Ауыл ақсақалы Олжабай Сү­йер­құловтың айтуынша зауыт басшылығы іргелес жатқан ауыл­дарға әрқашан көмек қолын созып келеді екен. Тіпті, Жұл­дыз ауы­лындағы 60-қа тарта ша­ңырақ­қа тегін ауыз су тарт­қызып беріп­ті. Мереке-мейрам сайын әлеу­меттік аз қамтылған отба­сыларға қаржылай-материалдық тұрғыда көмектесіп отырады деп ағынан жарылды.

Дәл бүгінде мұнай өңдеудің тереңдігі артып, әр литр мұнайдан алынатын бензин көлемі көбейген. Өнімнің ұлғаюы өзіндік құн мен ішкі нарықтағы бағаға да әсер етіп, өзгеге тәуелділіктен арылтуда.

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, отандық өнім сапасы «Еуро-4» және «Еуро-5» стандартына сәйкестендірілді. Изомерлеу қондырғысы қосылғаннан кейін жоғары октанды бензиндерді шығару 100 пайызды құрады. Мотор­ларға арналған отындардың сапа­сы Кеден одағының техни­калық регламентінің талаптары­на сәйкес «К4» және «К5» эколо­гия­лық класына жеткізілді. Яғни қазір «Еуро-4» және «Еуро-5» стан­дартына сай жанармай мен дизель­ді отын шығаруда. Күрделі жөн­деудің нәтижесінде бүгінде өндіріс көлемі 1 млн тоннаға артып, 6 млн-ға жетті. Мұнымен шектеліп қана қоймай, жылына 400 мың тонна әуе керосинін де өндіреді.

Бір анығы, елімізде шығары­ла­т­ын мұнай өнімдерінің үш­тен бірі осы зауытқа тиесілі. Ен­дігі жер­де зауыттың барлық өнді­ріс­тік процестері бір жерден бас­қа­р­ылады. Мұндағы тех­но­ло­гия­лар цифрлы жүйеге көші­рі­ліп, операторлар заманауи авто­мат­тан­дырылған цифрлық жүйені пайдалануда. Жаңғырту аясында мұнда 11 технологиялық қондырғы мен жалпы зауыт шаруашылығының 29 нысаны салынған болатын.  

 

Шымкент