Nur Otan партиясының облыстық филиалында партиялық активтің отырысы өтті. Жиында Елбасының өңірлік филиалдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте берген тапсырмалары түсіндірілді. Партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов нұротандықтар алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Филиал төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченконың айтуынша, бұл күндері партия жұмысын жандандыруға бағытталған жұмыстар басталып кетіпті. Облыс орталығында елімізде «Қанатты жоба» аясында алғаш рет партиялық кадрлық резервке іріктеу өткізілуде.
Бұл күндері Nur Otan партиясының облыстық және аумақтық филиалдарында 59060 мүшесі бар. Биыл партия беделіне нұқсан келтірген адамдардан «тазалау» мақсатында 11 мүшесі жауапкершілікке тартылыпты.
Қазіргі күндері партияның беделі мен абыройына нұқсан келтіретін мүшелеріне шара қолдану мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі. Және «Таза сессия» республикалық шарасы аясында жоғары оқу орындарында 13 сенім жәшігі орнатылды.
Сонымен қатар облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясы Железин, Май, Шарбақты аудандары мен Екібастұз қаласында аумақтық филиалдардың партия жарғысын бұзғаны анықталды.
Ал партиялық бақылаудың қажеттігі – тиімді жұмыс кепілі. Мемлекет қаржысын пайдалануға партиялық бақылау орнатып, әкімдердің партия алдындағы жауапкершілігін арттыру міндет.
Nur Otan облыстық филиалының басшысы Болат Бақауов мәслихат депутаттары, партия мүшелерінің белсенділікті арттырып, қарапайым халықпен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Партия мүшелерінің сапалық та, сандық та жағынан көбейгені беделін арттырары сөзсіз.
Облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясы жүргізген тексеріс барысында партия мүшелерінен есеп жүргізу және жарна жинау кезінде олқылықтарға жол берген Екібастұз қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нияз Мақраевқа, Теміржол ауылдық аумағының әкімі Ерлан Кісеналинге сөгіс жарияланды. Кейбір аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшілері ауыстырылғаны атап өтілді.
Ал ауыл, аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кері байланысы жоқтығы байқалуда, қоғамдық қабылдаулар да сирек өткізіледі. Әлеуметтік желідегі жеке парақшалары, аудан әкімдіктерінің сайттары тиісті деңгейде түсінікті жүргізілмеуде.
Жалпы, Илья Теренченконың айтуынша, биыл партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 3835 өтініш келіп түскен. Партияның өңірдегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде жалпы саны 1390 қабылдау өтіп, 2268 адамның өтініштері қаралды. Тұрғындардың мұң-мұқтаждары «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Кедергісіз келешек», «Құтты мекен», «Жастар жолы» сияқты партиялық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында назарға алынуда.
Енді қала, аудандық деңгейде партия филиалы төрағасының қызметін жергілікті әкімдер емес, елге сыйлы, сөзі өтімді азаматтар атқарады. Қазір бұл жаңашылдық қанатқақты түрде Павлодар ауданында жүзеге асырылуда.
Жұмыста белсенділік танытпайтын, жарна төлемейтін, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар партия мүшелігінен шығарылуы тиіс.
Облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың партия филиалындағы апта сайынғы қабылдауларын тұрғындар қолдауда.
– Қазіргі таңда партиялықтар алдында қоғамды біріктіріп, өзекті мәселелерді қоғамдық қабылдаулар арқылы шешу міндеті тұр. Биыл осындай жеке қабылдаулардың 18-і өтіп, оларға 246 адам қатысты. Облыстағы барлық аумақтық филиалдар дәл осындай жеке қабылдаулар өткізуде, – дейді И.Теренченко.
Жалпы, Nur Otan партиясы партиялық кадрлық резервін қалыптастыру елімізде 2016 жылы басталғаны белгілі. Сол жылдары партияның облыстық филиалының партиялық кадрлық резервінде болған 106 адам Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, партиялық жобалар аясында жұмыс атқару секілді міндеттерді орындай алмаған.
– Сондықтан қайтадан қосымша іріктеу жүргізілді, – дейді филиал басшысының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаева.
Биыл қараша айында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне үміткерлер сайлауына дауыс беруге 18 мың партия мүшесі қатысты. Партиялық іріктеу құрамына бір жылдан көп уақыт партия мүшесі болған, жоғары білімі және екі жыл жұмыс өтілі болу деген талаптар бойынша алынады.
Іріктеуді ең алдымен аудандық және қалалық филиалдар жүргізіп, мәліметтерді орталық аппаратқа жолдайды. Партия филиалдарына маман керек болса, іріктелген тізім ішінен таңдалады.
Елім, жерім, Отаным деген жастар аз емес. Таңдау дұрыс болу керек. Таңдау дұрыс болмаса, патриот жастар шетте қала береді. Сондықтан қай жұмыс болмасын кадрлық саясат – маңызды. Ел ісіне – отаншыл жастар келгені қажет-ақ.
Павлодар облысы