Торғай кентінде қайғылы жағдай болды. Газ баллоны жарылып, бір үйден төрт адам бірдей опат болды. Жарылыстың салдарынан болған өрт пен қатты ауа толқыны тұрғын үйдің есік-терезесін әп-сәтте қиратқан.
Аудандағы өрт сөндіру бекетіне хабар жетісімен, олар екі минуттың ішінде оқиға орнынан табылған. Аз уақыттың ішінде өрт ауыздықталғанмен, оқыс оқиға төрт жанды жалмап үлгерген еді.
Кешкі ақшам жамыраған кезде үлкен отбасы дастарқан басына отырады. Отбасындағы он кісінің сол күні тоғызы үйде болатын. Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімовтің айтуына қарағанда, күнделікті пайдаланып жүрген газ таусылып қалады да, олар даладағы баллонды үйге кіргізеді. Мөлшерден артық толтырылған баллон үйге кіргізгенде температураның күрт өзгеруінен жарылады да, өрт шығады. Ас үйде жүрген 1985 жылғы әйел мен 2019 жылы туған қос нәресте және ас үймен қабырғалас бөлмедегі 1938 жылғы қарт ана сол жерде тіл тартпай кетеді. Үй иесі басқа бөлмедегі балаларын алып шығады, бірақ олардың барлығы да түрлі дәрежеде күйік жарақатын алды. Зардап шеккендердің арасында 10, 8 және 5 жасар үш баланың денесін 10 пайыздан 40 пайызға дейін күйік шалды. Ал 22 жастағы әйел мен 34 жастағы ер кісінің денесі 70 пайызға дейін күйіп қалды.
Алғашқы кезде Амангелді, Жангелдин аудандық және Арқалық қалалық ауруханаларының фельдшерлік бригадалары барып, жедел көмек көрсетті. Тосын оқиға болған күннің ертеңіне және бір күннен кейін зардап шеккендер санитарлық ұшақпен Қостанай қаласындағы облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасына жеткізіледі. Ал қазір олардың барлығы да республикалық санитарлық әуе кемесімен жедел түрде Нұр-Сұлтан қалалық ауруханаларына жеткізіліп, ем алып жатыр.
ҚОСТАНАЙ