Наурыз мейрамының алдында “Нұр Астана” орталық мешітінің ұйытқы болуымен Елордамыздағы Конгресс-холл сарайында мәуліт рәсімі жоғары деңгейде аталып өтті. Көрермендер залы халыққа лық толып, орын жетпегендері аяқтарынан тік тұрды. Ал залға сыймағандары кешті фойеге орнатылған экран арқылы тамашалады.
“Астана” медресесінің ұстазы Сәдуақас қари Олжабаев Құран оқып, іс-шараның шымылдығын ашқаннан кейін жүргізушілер Зейін Әліпбек пен Медет Шәйкелов алғашқы құттықтау сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлына берді. Ол жиналған жамағатқа мәуліт жайында кеңінен мәлімет беріп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі ғұмыр жолына, ислам дінінің адамзатты имандылыққа бастайтын құндылықтарына тоқтала келе, елорда халқын алдағы Наурыз мерекесімен құттықтады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолына қатысты мектеп оқушылары мен студент жастар арасында шығарма бәйгесін жариялаған болатын. Осы мәуліт кеші барысында Астана қаласы бойынша шығарма бәйгесінен жүлделі орындарға іліккен жастарға сыйлықтар табысталды. Бір қуаныштысы, студенттер арасындағы бас жүлденің иегері Сандуғаш Оразбаева тек Астана қаласы бойынша емес, республика көлемінде де бірінші орынды жеңіп алды.
Мәуліт кешінің басты ерекшелігі – пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту. Бұл әрбір мұсылманның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Сахнадағы салауатты “Нұр Астана” мешітінің қызметкерлерімен бірге 63 медресе шәкірті де оқыды. Ал бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан елордалық мәуліттің республикамыздың өзге өңірлеріне қарағандағы бір ерекшелігі – театрландырылған көріністің қойылуы. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері “Рим билеушісі Һирақлдың исламды мойындауы” атты мағыналы да мәнді көрініс қойып, жиналған көпшілікті бір тебірентті.
Айтыс өнері – адамның көңілін көтеріп қана қоймай, санаға салиқалы ой салатын ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Осыны ескерген астаналық имамдар былтырдан бері айтыс өнерін мәуліт бағдарламасына енгізіп келеді. Биыл жас ақындар Жақсылық Орынбасар мен Ербол Жанат өзара айтысты. Сонымен бірге, кеш барысында елімізге танымал болып үлгерген зағип балалардан тұратын “Сәт” триосы екі ән шырқап, қазақтың дәстүрлі жыр-термелері орындалып, жас ақындар өлеңдерін оқыды.
“Нұр Астана” мешітінің тапсырмасымен мәуліт кешінің әнұранының жазылуы – бұл жылғы мәуліттің басты жаңалығы болғаны анық. “Ақиқат нұры” деп аталатын мәуліт әнұранының сөзін ақын Серікзат Дүйсенғазин, әуенін белгілі сазгер Ермұрат Үсенов жазған. Кештің соңында әншілер Марат Омаров, Жанқалдыбек Төленбаев, Медет Шәйкелов, Арман Ғабдуллин мәуліт әнұранын шырқады. Енді алдағы жылдары да мәуліт кешінде осы әнұранды орындау дәстүрге енгізілмек.
Кеш соңында сөз алған бас имам Қалижан қажы Байырбекұлы Заңқоев бұл мәуліттің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып өтіп, осы істің басы-қасында жүрген дін қызметкерлеріне, қолғабыс тигізген адамдарға рахметін жеткізді.
Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ.
Астана.