Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлады Тұңғыш Президент – Елбасының баспасөз қызметі.
ЖЕЭК отырысы барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың басты мәселелері талқыланды.
Басқосуда ұйым жұмысының аралық қорытындылары жасалып, тараптар алдағы жылдардағы интеграциялық қарым-қатынастың перспективалары туралы пікір алмасты.
Жиында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ұйымның құрылуы мен нығаюына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
– Мен осы қауымдастықты құруға бастамашы болған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасына ризашылығымды білдіргім келеді. ЕАЭО жақсы жұмыс атқарып келеді. Біз Сізді Санкт-Петербургте жаңа мәртебеде қарсы алғанымызға қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.
Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулердің қорытындылары бойынша Кеңес мүшелері экономикалық интеграцияны одан әрі тереңдету үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.