Орталық коммуникация қызметінің алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин тұмаудан сақтануға және аурудың салдарымен күрес жайы туралы әңгімеледі.
Елімізде жыл сайын жіті респираторлық аурулар мен тұмаудың 1 миллионға дейін жағдайлары тіркеледі. Яғни эпидемиологиялық маусымда халықтың 10 және одан жоғары пайызы ЖРВИ және тұмаумен ауырады. ДДҰ деректері бойынша, алдағы 2019-2020 жылғы маусымда тұмау вирусының төрт штамы – A (H1N1) – Брисбен, A (H3N2) – Кансас, B – Колорадо, сондай-ақ В – Пхукет өзекті болады. Спикер биыл 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы жаппай иммундау науқан басталғанын жеткізді. Әрине жұртшылықты жаппай иммундау мүмкін емес, сондықтан да халықтың неғұрлым осал топтары, (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен, иммун тапшылығымен ауыратын балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері және екінші, үшінші триместріндегі жүкті әйелдер) яғни халықтың 10%-ы егілгенін айтқан бас санитар тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде вакцинациялауды алға тартты.
Алайда, тұмауға қарсы тұру үшін жалпы қандай да бір инфекцияның таралуын шектеуде уақытында екпе алудың маңызын түсінбейтіндердің арамызда бар екені өкіндіреді. Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі облыстар мен Түркістан облысында екпеден қашу өзге өңірлерге қарағанда жоғары екенін айтқан Ж.Бекшин түсіндіру жұмыстары арқылы биыл бұл санаттағылар санының азайғанына тоқталды. Дегенмен бұл үрдістің сақталуы қоғамымызды ойландыруы тиіс. Екпе алған адам тіпті тұмау вирусын жұқтырған жағдайда да аурудың ауыр өтуінен және одан әрі асқынуынан құтылатыны белгілі. Осыны ойлаған Үкімет жыл сайын халықтың 10%-ын тұмауға қарсы вакцинациялап, биыл 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымға бюджет қаражатынан 1 млрд 600 млн теңгеден астам сомаға Ресей Федерациясында өндірілген, құрамында алдағы маусымның штамдары бар «Гриппол плюс» вакцинасының 1,8 млн дозасын сатып алған.
Журналистермен жүздесуде бас санитар вакцинациялаудан басқа тұмаудың және басқа да респираторлық инфекциялардың алдын алудың спецификалық емес тәсілдеріне де тоқталды. Бұл – көпшілік жиналатын жерлерге, әсіресе жабық үй-жайларға (кинотеатрларға, балалар ертеңгіліктеріне) баруды шектеуді, бөлмелерді жиі желдетуді, иммундық түзетуші препараттарды (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), гомеопатиялық препараттарды, оксолин, антивир тәрізді жақпамайларды қолдану, поливитаминдерді, әсіресе лимон, итмұрын, қара қарақат, анар, тұздалып ашытылған қырыққабат тәрізді С витаминіне бай тағамдар мен кешкі ас уақытында сарымсақ пен пиязды көбірек тұтынуды ұсынды. Сондай-ақ зүмбірдің де иммунитетті нығайтуға және тұмаумен ауырудың алдын алуға көмектесетінін, қолды мұқият жуып, науқас адаммен қарым-қатынасты шектеп, өзін өзі емдеумен айналыспау керектігін де еске салды. Өйткені әшейін тұмау ғой деп елемей өзін өзі емдеудің аяғы көбіне гайморит, отит, бронхит, трахеит, синусит, пиелонефрит, цистит, миокардит, т.б. тәрізді елеулі асқынуларға алып келеді.
Жыл басынан бері 55 мың асқынған респираторлық инфекция тіркелген. «Биыл тұмауды тіркеу бір ай бұрын басталды. Тұмаудың 11 оқиғасын анықтап, лабораторияда растап, қандай штам екені нақтыланды. Халықты вакцина алуға шақырамын. Өйткені вакцина 2500-3500 теңге тұрады. Асқынбаған жағдай болса да 10-15 мың теңге жұмсаймыз. Стационарда 40 мың теңге, асқынған болса емдеуге 130 мың теңгедей қаражат жұмсалады. Сондықтан ауырғаннан гөрі сақтану арзанға түседі. Біздің міндетіміз – аурулар туралы ескерту, ақпараттандыру. Қай жерде вакцинациялауға болатыны туралы ақпаратты аумақтық органдардан алуға болады», деді бас санитар дәрігер. Жандарбек Бекшин ел аумағында тұмаудан өзге көптеген инфекцияның түрлері бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығынан да хабардар етті. Атап айтқанда, былтырмен салыстырғанда 28 инфекциялық ауру түрі төмендеген. Халық арасында сары ауру аталатын «Гепатит А» 42%-ға, менигококк инфекциясы 36%-ға төмендеген. Туберкулез жылдан-жылға азайып, 7-8%-ға төмендеуімен 2018 жылы Қазақстан бірінші рет эпидемия зонасынан шықты. Мәселен, 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 48 болған.