Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 5 миллионыншы жолаушыны қарсы алды. Павлодар қаласынан «Fly Arystan» авиакомпаниясының KC7312 рейсімен алғаш рет ұшаққа отырып, ұшып келген Зейнеп Нұрғазина мерейтойлы билеттің иесі атанды. Зейнеп Бейсенбекқызы бүгінде Павлодар қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.
5 миллионыншы жолаушының есімі есептеу жолымен анықталған. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы басқармасының төрағасы Рәділбек Әдимолда жеңімпазға әуежай атынан бағалы сыйлық табыс етіп, жиналғандарды әуежайдың жетістігімен таныстырды. Нұр-Сұлтан қаласына немерелерімен ұшып келген Зейнеп Бейсенбекқызына әуежай атынан жол шабаданы, «Fly Arystan» авиакомпаниясы атынан кез келген бағыт бойынша ұшуға сертификат берілді.
Бұл биылғы жаңадан ашылған ішкі және халықаралық әуе бағыттары арқылы жүзеге асып отыр, оның ішінде Прага, Ұлан-Батор, Токио және «S7 Airlines» жаңа авиакомпаниясының бағыттары бар.
Ішкі бағыттар бойынша жолаушылар ағынының ұлғаюы «FlyArystan» жаңа авиакомпаниясының Алматы, Шымкент, Тараз, Семей, Павлодар, Қостанай және Мәскеуге рейстер ашуы нәтижесінде жүзеге асып отыр.
2019 жылғы 11 айдағы көрсеткіш бойынша, жолаушылар ағыны 4,7 млн жолаушыға жеткен. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,2 %-ға көп. Ал ұшу бағыты бойынша рейстер саны 19 мыңнан асып, 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,7 %-ға ұлғайды.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – Орталық Азия өңірінің ең заманауи әуежайларының бірі болып саналады, оның тарихы 1931 жылдан бастау алады. 2017 жылдың 5 маусымынан бастап халықаралық әуе қатынасы рейстеріне қызмет көрсететін Т1 терминалы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Т2 терминалы – ішкі бағыттарға қызмет көрсетуге арналған.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – тәулігіне 200-ге дейін рейс қабылдап, шығарып салады, 14 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. 2018 жылы 30 мың рейске қызмет көрсетіліп, жолаушылар ағыны 4,5 млн-нан астам жолаушыны құрады.
Қазіргі уақытта елорда әуежайы Халықаралық азаматтық авиация қауымдастығының IIIA санатына ие, сондай-ақ ұшу массасы шектелмей, барлық үлгідегі әуе кемелерін қабылдайды және оларға қызмет көрсетеді.