• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Желтоқсан, 2019

Жамбылда қарлы боранда қалғандар құтқарылды

333 рет
көрсетілді

Желтоқсан айының соңғы апталарында Жамбыл өңірінде жел күшейіп, бұрын-соңды болмаған қарлы боран тұрды. Мезгілдің бұл мінезі жергілікті тұрғындар үшін де күтпеген жағдай еді. Алматы қаласынан шыққан жолаушының Тараз қаласына, ал Тараз қаласынан шыққан жолаушының Шымкент, Түркістан қалаларына жетуі мұң болды.

Қатты жел мен боранның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, тіпті республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент автокөлік тасжолының Жуалы ауданының аумағы мен Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан Түркістан облысына дейінгі аралығы жабылды. Бірқатар көліктер қарлы боранның кептелісіне тап болып, ішіндегі жолаушылар жолда қалды.

Алматы-Ташкент тасжолының 565-593 шақырымында, яғни Жуалы және Жамбыл аудандарының аумағында жолаушыларды құтқару мақсатында Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан 23 адам және 6 техника жұмылдырылып, аталған департамент басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Сабиров бастаған азаматтар техника күшімен боран ішінен жолдың ашылған аумағына 26 автокөлікті сүйреп шығарды. Сонымен қатар, жолдың жабылуына байланысты 29 көлік тоқтап қалып, оның ішіндегі 140 ересек адам, 8 бала Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылына және 75 адам сол ауылдағы А.Герцен атындағы орта мектепке көшірілді. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жолаушылар орналасқан жылыту пункттерінде болып, олармен кездесті. Барлық азаматтар ыстық тамақпен және басқа да қажетті заттармен қамтылды. Сондай-ақ, Талас ауданы, Қаратау қаласы мен Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының арасындағы Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент аралығындағы облыстық маңызы бар жолдар да жабылған.

Бір қуанарлығы, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жолаушылар жоқ. Жолда қалғандарға мүмкіндігінше барлық жағдай жасалған. Бұл мәселе Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бақылауында екен.

«Алматы-Ташкент жол учаскесінің Жуалы ауданындағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты орын алған төтенше жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі таңда оған төтенше жағдайлар департаментінің 30-ға жуық қызметкері және 6 бірлік техника жұмылдырылған. Авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 3 жылыту пункті жұмыс атқаруда. Онда ыстық тамақ пен медициналық көмек ұйымдастырылған. Зардап шеккендер жоқ. Медициналық көмекке жүгінгендер болмады. Шалғай ауылдардың бәрімен де байланыс орнатылған. Жолға құм төсеу, бақылау бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Қазавтожол» мекемесінің облыстық филиалы және жол патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда аталған бағыт бойынша «Арнайы желі» ашылып, жедел штаб жұмысы ұйымдастырылды. Әзірге жүргізушілер мен тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырамыз», дейді облыс әкімінің кеңесшісі Жасұлан Әбдіхалық.

«Сақтансаң – сақтайды» дейді халық даналығы. Жамбыл облыстық полиция департаменті де тұрғындарды әзірге алыс жолға шықпауға шақырып отыр. Ал, Күйік асуында жолда қалған жолаушыларды жетер жерлеріне теміржол тасымалы арқылы жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Әзірге өңірде жағдай тұрақты болғанымен, табиғаттың тосын мінезі алдағы уақыттарда да қайталануы мүмкін деген болжамдар бар.

 

Жамбыл облысы