• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Желтоқсан, 2019

Қызылордада табысы аз отбасылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту жобасы басталды

137 рет
көрсетілді

Қызылорда облысы табысы аз, көпбалалы отбасыларға және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және өз ісін ашуға қолдау шараларын ұсынуға бағытталған «Менің кәсібім» жобасы сәтті іске асырылып жатқан бесінші аймақ болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұл жобаны тікелей авторы Айжани Нұрланова жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асыруда. Ол облыс әкімі Наурызбай Байқадамовпен тиісті меморандумға қол қойды. Жалпы үйлестіруді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асыратын болады.

Жоба авторы мұқтаж азаматтарға үй кәсібін жүргізуге қайтарымсыз негізде қажетті инвентарьлар, жабдықтар мен материалдар ұсыну түрінде көмек көрсетеді.

Айжани Нұрланованың айтуынша, осы әлеуметтік бағдарланған жобаның қатысушылары үйден шықпай-ақ несие, кепілсіз және табысын растамай-ақ өз ісін аша алады. Бұл үйде нан өнімдерін пісіру, киім және үй маталарын тігу және тағы басқалар болуы мүмкін. Қатысушыларға қойылатын басты талап – табыс табуға ұмтылу және бизнеске жауапкершілікпен қарау.

Айжани Нұрланова осындай жобаны пилоттық режимде Маңғыстау облысында сәтті жүзеге асырды, онда 250-ге жуық адам жеке кәсіпкерлікті жүргізудің негізгі дағдыларына оқытылып, өз ісін ашты.

Қазіргі уақытта «Менің кәсібім» жобасы Алматы және Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылуда. Алдағы уақытта оны іске қосу бойынша меморандумдар барлық өңірлердің әкімдіктерімен жасалатын болады.