Өткен тарихмызды өшірмей, өлтірмей келер ұрпақтың қолына тапсыруда, оның сақталып, сұрыпталып бір ізге түсуінде Архив қызметінің алар орны айрықша екені белгілі. Аталған саланың бүгінгі жұмысына үңіліп, болашағына көз салу үшін Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік ғылыми техникалық құжаттама архиві» РММ директоры Баян ЖҰМАТАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.
- Баян Амантайқызы, өзіңіз басшылық етіп отырған Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві жұмысының негізгі бағыттары туралы айта кетсеңіз...
- Архив қызметінің маңызды бағыттарының бірі - Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын қалыптастыру, сондай-ақ, ғылыми-техникалық және басқа да құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуді бақылау. Оның ішіне жойылған ұйымдар да кіреді. Функциялардың өзгеруі немесе олардың қызметінің ауқымын, мекемелердің бағыныстылығының өзгеруін және т.б. ескере отырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ толықтыру көздерінің тізімін нақтылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Мекемелер мен ұйымдарға кеңес беру жағынан және әдістемелік көмек көрсету бойынша жұмыстардан бөлек, ұйымдарға істер номенклатурасын, басқа да нормативтік-әдістемелік құжаттарды әзірлеуге және құрастыруға қызметкерлеріміз көмек көрсетіп отырады. Архив қызметінің тағы бір бағыты - жеке тектік құжаттарды жинақтау.
- Архивте бұрынғы ғылыми-зерттеу институттарының құнды құжаттары сақтаулы екені мәлім. Қазіргі уақытта қала құрылысы мен басқа да өзгерістерге байланысты құжаттар қорға жүйелі түсіп тұра ма? Бұл жұмыстардың реттелу жағы мен құжаттардың сақталуына тоқталсаңыз?
- Бүгінгі таңда Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде 1775 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықты қамтитын 189 қор сақталған. Құжаттардың басым көпшілігі Шығыс Сібір, Орта Азия, Қазақстан бойынша электроэнергетика саласы объектілері мен олардың құрылыс жобалары, азаматтық құрылыс, өндірістік және көлік құрылысы, мелиорация, су және орман шаруашылығы құжаттарын құрайды. Атап айтқанда, «Казгорстройпроект», «Алматыгипрогор», «Казмеханобр», «Казжолпроект», «ВНИПИэнергопром», «ГипроНИИхиммаш», т.б. ірі-ірі жобалау институттарының құжаттары бар. Сонымен бірге ғылыми зерттеулер, мекемелердегі конструкторлық, технологиялық, сондай-ақ ғылыми-өндірістік бірлестіктер мен зерттеу институттарының арнайы құжаттарымен қоса, қала құрылысы мен сәулет ұжымдарында еңбек еткен ғалымдардың жеке басына қатысты тарихи мұра боларлық құжаттар қоры топтастырылған. Мысалы, А.Абланов, С.Балмұханов, Р.Елешев, Т.Қоңыров, П.Мариковский, Г.Қалиев, М.Усанович, А.Татығұлов, С.Космериди, Б.Атшабаров және т.б. атақты ғалымдар мен республикаға еңбегі сіңген тұлғалардың жеке құжаттары, суреттері мен марапаттары да осы қордан табылады. Бақылау істерін қайта қалпына келтіру, ұйымдармен жұмыс жасау барысында карточкалардағы мәліметтерді нақтылау бойынша, ұйымдардағы деректердің өзгеруіне байланысты қайта енгізу сияқты жұмыстар тұрақты түрде жалғасын тауып отырады. Айта кетейін, архивімізде «Репрография және консервациялау», яғни қалыпқа келтіру бөлімі бар. Онда қызметкерлер қағазы мен мәтіндері бүлінуге шақ қалған, шаң басқан архивтік құжаттарды анықтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін қайтадан қаптап, зақымданғандарын санитарлық-гигиеналық өңдеуден өткізеді. Құжаттар сақтайтын қоймалардың ауа температурасы мен ылғалдылығы да үнемі бақылауда.
- Cоңғы жылдары Қазақстанның ғылым мен инженерия, сондай-ақ техника саласының тарихы, тарих сахнасындағы зиялы қауым өкілдерінің рөлі – ғылыми мекемелер мен зерттеушілердің назарынан тыс қалып жүрген сыңайлы?
- Иә, біз осы бағыттағы іс-шаралардың толымды болуы үшін биыл тарихи тақырыпта екінші рет кең көлемде Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Жадымыздан өше бастаған және жаңа есімдерді ғылымның сан тараулы саласынан іздестіру. Қазақстан: 1960-2000 жж.» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Конференция архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Ресей комиссиясының 2018 жылдың 5 сәуірінде өткен бірінші отырысында бекітілген ресейлік және қазақстандық архивистердің бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді. Бірінші рет «Тарихтағы адам: Қазақстанның ғылыми, инженерлік және техникалық интеллигенциясының дереккөздері, 1920-1950 жылдар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 2017 жылдың сәуірінде Алматы қаласында өткен болатын. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» дейді дана халқымыз. Әлбетте, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген бір ауыз сөзінің өзі біздің кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Біз де ел тарихына қатысты құнды құжаттарды жинақтап, қазақтың ендігі тарихында да сондай ізгі із қалдыру үшін қызмет ете беруіміз керек. Бұл жұмыс әсіресе Қазіргі Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасын және «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тұрғысынан өзекті болып отыр. Нұр–Сұлтан қаласында өткізген конференцияда өткен кезеңдерді зерделеудегі архивтік дереккөздердің рөлі, құжаттық мұраларды пайдалану мәселелері, ХХ ғасырдың соңында отандық ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан, бұл күнде жадымыздан өше бастаған тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті орнату сынды мәселелер талқыланды. Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қазақстандық және ресейлік архивистер, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
- Кадрлардың біліктілігін жетілдіру жұмыстары бойынша, сондай-ақ болашақ архивист маман болам деп ЖОО-да білім алып жатқан студенттерге білімін жетілдіру, тәжірибесін ұштау жағынан сіздердің тараптан қандай қолдау көрсетіледі?
- Кәсіби деңгейін арттыру және біліктілігін жетілдіру мақсатында архив қызметкерлеріне жоспарға сәйкес өндірістік оқу жүргізіліп тұрады. ОМҒТҚА толықтыру көздері – ұйымдардың нормативтік құжаттарын құрау және құжаттарға әдістемелік сараптама жүргізу тәсілдері (істер номенклатурасы, ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың ережелері), ведомстволық архив және сараптау комиссиясы туралы ереже бойынша, әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды қабылдау, тіркеу сияқты бағыттар бойынша қызметкерлер өз біліктіліктерін арттырып отырады, яғни конференцияларға қатысу арқылы, шетелге іссапарларға шығу арқылы дегендей. Мәселен, 2018 жылы Варшавада (Польша Республикасы) Халықаралық Архив Кеңесі (ЕВРАЗИКА) Евро-Азиялық аймақтық бөлімшесінің 19-шы Жалпы конференциясына, Ресейдің Самара қаласының мемлекеттік архивінде 2018 жылдың 15-17 мамыр аралығында өткен VII тарихи-архивтік «Өткеніміз туралы естелік» форумына, Солтүстік Қазақстан облысының архив қызметінің 95 жылдығына және «Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының 20 жылдығына арналған іс-шаралардың барлығына архив қызметкерлері қатысты. Бұл қызметкерлеріміз үшін үлкен тәжірибе және үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жас архив қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Президент Архиві және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті негізінде өтетін ТМД елдері жас архивистерінің Жазғы мектебіне жіберіп отырамыз. Ал, болашақ архивист мамандар, студенттерге келер болсақ, жыл сайын архивімізде өндірістік тәжірибеден өтіп отырады. Олар оқу, практика бағдарламаларын, курстық және дипломдық жұмыстарын жазу барысында керекті материалдармен әдістемелік құралдармен, құжаттармен, ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
- Архив қызметін пайдаланушылардың, зерттеушілердің ізденістері, олардың сұраныстары бойынша жұмыстардың атқарылуы қай деңгейде?
- Архивке келушілерді есепке алып отырамыз. Бөлім қызметіндегі зерттеушілер жұмысы ерекше орын алады. Әдістемелік құралдарды, ғылыми ізденістегі бағыты бойынша газет беттерінің көшірмелерін жасау бойынша зерттеушілердің және пайдаланушылардың сұраныстарын дер кезінде орындауға күш саламыз. Зерттеушілер архивтің ақпарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің, оқу залының, архив қоймаларының, архив құжаттарына ғылыми-анықтама аппарат құратын қызметкерлердің кеңесін жиі алып тұрады. Әлеуметтік-құқықтық және басқа да сұраныстардың орындау мерзімі тиісті заңнамаларға сәйкес сақталады. Сондай-ақ, өзіміз де архив құжаттарын пайдалану мен насихаттау мақсатында, оқу құралдарын, кітаптар шығарамыз. Архив қорындағы құжаттар кеңінен пайдаланылған, «Алма-Ата: архитектура советского модернизма 1955-1991» (Броновицкая А.Ю., Малинин Н.С., Пальмин Ю.И.-М.: Музей современного искусства «Гараж». 2018) атауымен жарияланған анықтамалық-жолсілтердің таныстырылымы 2018 жылы қыркүйекте Алматы қаласында жасалды. Архивіміздің 45 жылдық мерейтойы аясында биыл «Из истории проектирования объектов культуры г. Алма-Аты. 1930–1980-е гг.» атауымен «мәдени ескерткіш» мәртебесі бар мекемелерді таныту мақсатында 1930-1980 жылдар арасындағы Алматының гүлденген кезеңін қамтыған кітабымыз жарыққа шығып, оқырмандар назарына ұсынылды және оң бағасын алды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»