• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Желтоқсан, 2019

Қарадаланың қызанағы – Ресейге экспортталады

396 рет
көрсетілді

Жетісу өлкесіндегі жылыжай өндірісі жақсы жолға қойылған өңірдің бірі – Ұйғыр ауданы. Бүгінде ауданда заманға сай технологиямен жабдықталған 5 жылыжай жұмыс істеп тұр. Жалпы аумағы 10,4 гектар аумақты алып жатқан өндірісте өткен 6 ай ішінде 1200 тоннадан астам өнім жиналған.

Қарадалада өскен көкөніс өніміне сұраныс жоғары. Қазір жылыжайдан жиналған қызанақтың 500 тоннасы Ресейге жөнелтілді. Көрші елдің нарығына жасалған қадам сәтті болып, алдағы күндері тапсырыс көлемі арта түседі деген сенім бар.

Жылыжай бизнесін дөңге­ле­тіп, сұранысқа сай өнім жинап отырған кәсіпкердің бірі – Ста­хан Белғожаев. Ұйғыр ауда­ны ғана емес, Жетісу өлкесіне ең­бегі еселі, беделі зор ақсақал Шон­жы ауылы маңындағы жерас­ты ыстық суы аумағына демалыс орнын салып, отандық туризмнің дамуына үлес қосып келеді. Қазір демалыс аумағынан жылыжай ашып, көкөніс өсіруді қолға алды. Термальді су көздері – демалу­шылар үшін қысы-жазы қыз­мет көрсететін нағыз шипалы орын. Демек, келушілер үшін таби­ғи таза көкөніс қашанда керек. Әуелгіде демалыс орнының қа­жеті үшін шақтап өсірген қияр мен қызанаққа қызығушылар қатары көбейіп, өндірістің іргесін кеңейтуге тура келген екен. Енді Стахан ақсақалдың жылыжайында өскен өнім Ресейге жөнелтіліп, сыртқы нарыққа жол тартыпты.

– Бүгінде тұрғындарды эко­логиялық жағынан таза, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің қамын жасауға кірістік. Жеміс-жидек бағын отырғызып, жылыжай салдық. Нәтиже жаман емес. Екі гектардағы жылыжайдан күні­не 5-6 тонна қияр мен қызанақ теріп алдық. Өнімді Алматыға тасымалдаймыз. Көкөніс тиеу үшін арнайы жабдықталған мұздатқыш автокөлік алдық. Дайын өнім делдалдар арқылы сыртқы нарыққа шығарылуда, – дейді шаруашылық иесі.

Айтпақшы, Қарадала төсінде бау-бақша көлемі жыл сайын жай­қалып өсіп, көбеюде. Бүгінде аудан­да 623 гектар бақ бар. Оның ішінде 513 гектарға өрік ағашы, 40 гектарға алма ағашы отыр­ғы­зылған екен. Жалпы, жеміс-жидек бақтарының көлемі 4532 гектарға жетсе, 1860 гектарынан өнім алынды. Сондай-ақ ауданда алманың «Апорт» сұрпын өсіру жолға қойылды. Қазір 380 гектарды құрайтын бақта тек осы жеміс түрі өседі. Жүзім бағының көлемі 635 гектарға жеткен. Күтіп, баптау ісінің бәрі жаңа технологияда жүреді. Оның ішінде 473 гектар бақта тамшылатып суару әдісі қолданылады.

– Ауданымыз ауыл шаруа­шылығына иек сүйгенімен, қайта өңдеу өндірісін де дамытып отырмыз. Қазір елде 15 өнеркәсіп өнімдерін өңдейтін кәсіпорын бар. Өткен 9 айда 1 млрд 585 млн тең­гелік өнім өндіріліп, былтырғы жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғандағы табыс көлемі 100,2 пайызды құрады. Ал шағын және орта кәсіп бағытында 7639 адам кәсіпкерлікпен айналысып, есепті мер­зімде 5 702 214 теңгелік тауар өнімін өндірді. Яғни, аудан бюд­жетіне 402576 теңге осы ша­ғын кәсіптен түсті, – дейді Ұй­ғыр ауда­нының әкімі Шухрат Нұрахунов.

Жалпы, Ұйғыр ауданында биылғы жыл қорытындысы бо­йынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттары бо­йынша оң өсім байқалды. Атап айтқанда, аграрлық секторда ғана өткен 9 айда жалпы құны 18 млрд теңгеден астам дайын өнім өндіріліпті. Ал ауданға 4 млрд 969 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Мұның қатарында бірнеше жеке кәсіпкердің бастамалары бар. Мысалы, «Жартиев» шаруа қожалығының жалпы құны 120 млн теңге болатын, 50 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы, «Прима құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 35 мың тонна бройлер етін өндіретін құс фабрикасы және «Чунджа фруктс» серіктестігінің 200 гектар аумаққа егілетін баққа тамшылатып суару әдісін енгізуге арналған жобалары іске асса, аймақта өндіріс үлесі артып, жаңа жұмыс орны да көбеймек.

 

Алматы облысы