Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) ресми сайтында футболдан ұлттық құрамалардың желтоқсан айына арналған рейтингі жарияланды. Жаңартылған тізімде Қазақстан жылды 118-орынмен түйіндеді. Ұлттық құрама қоржынында 1155 ұпай бар.
Өзге құрамалармен салыстырар болсақ, Фарер аралдары (110-орын), Мозамбик (105), Мавритания (100), Кипр (95), Мадагаскар (91), Өзбекстан (85), Кюрасао (80) секілді елдер бізден жоғары орынға жайғасқан. Ал рейтингтің көшін 1765 ұпаймен Бельгия құрамасы бастап тұр. Былтырғы әлем чемпиондары – Франция (1733) екінші, Америка кубогының иегері Бразилия (1712) үздік үштікті қорытындылап тұр.
Қазақстан құрамасы 2019 жылы Еуро-2020 іріктеу кезеңіне қатысып, алты елдің ішінде 5-орын иеленді. Михал Билектің шәкірттері үш рет жеңіске жетіп, бір рет тең түсті. Сондай-ақ алты ойында жеңілістің кермек дәмін татты. 10 ойында 10 ұпай жинаған отандастарымыз қарсылас құраманың қақпасына 13 гол соғып, қақпамызға 17 гол өткізіп алды.