Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Ұлт жоспарының» 27-қадамын жүзеге асыру, жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиында сөз тізгінін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко ұстады. Ол сот актілерін, оның ішінде сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін жауапкершілікті күшейту, атқарушылық іс жүргізуге тиімді іс жүргізу, сот бақылауын нақты және уақтылы орындау қажеттігі 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат Тұжырымдамасымен белгіленгенін атап өтті.
– Ұлт жоспарының 27-қадамында қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында депутаттар Атқарушылық іс жүргізу туралы заңға жеке сот орындаушыларының құзыреті мен өкілеттіктерін кеңейтетін түзетулер енгізді. Осы шаралардың барлығы атқарушылық іс жүргізудің жай-күйіне оң әсер етті. Алайда оң өзгерістерге қарамастан, тәжірибе жеке сот орындаушыларының қызметінде шешілмеген проблемалар әлі де барын көрсетеді. ЖСО жұмысындағы кемшіліктер бойынша келіп түскен азаматтардың өтініштерін талдау кезінде өткен жылдармен салыстырғанда шағымдардың көп екені анықталды. Мысалы, Мәжіліс депутаттарына осы жылы 96 өтініш келіп түсті. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шағымдар сот актілерін уақтылы орындамау, дер кезінде хабарламау, алименттерді өндіріп алу және жеке сот орындаушылары тарапынан сөзбұйдаға салу мәселелері жөнінде болды, – деді вице-спикер.
Жалпы, сот актілерін орындау қызметін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар және осы институтты одан әрі дамыту жөнінде депутаттарға Әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешудің бірінші кезеңі жеке сот орындау жүйесіне көшу болса, екінші кезеңінде Ұлт жоспарының 27-қадамы шеңберінде жеке сот орындаушылар институтының одан әрі дамуына жаңа серпін берді.
– Саладағы мәселелердің біраз бөлігі атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру арқылы шешілді. Ол үшін атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылды. Автоматтандырудың бір артықшылығы – енді сот орындаушысы өзінің жеке виртуалды кабинеті арқылы барлық атқарушылық әрекеттерді жасай алады. Халыққа ыңғайлы болуы үшін жүйеде кассалық қызметтер мен «Қазпошта», «Kaspi Bank» терминалдары арқылы қарыз төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Аталған қызметті шамамен 100 млн теңге сомасына 4 мыңнан аса борышкер пайдаланды. Бұған қоса берешекті post.kz және kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бүгінде 69 мың борышкер 1 млрд теңгеден аса сомадағы қарызын осы қосымшалар арқылы төлеген. Халыққа бұл ыңғайлы және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Келешекте азаматтарға бұрынғыдай сот орындаушыға төлем туралы түбіртекті көрсетудің еш қажеті болмайды. Төлемді онлайн жүзеге асырғаннан кейін барлық шектеулер, соның ішінде елден сыртқа шығуға шектеу автоматты түрде шешіледі. Халыққа, борышкерлердің бірыңғай тізіміне және шығуға шектеу тізіміне қолжетімділік қамтамасыз етілген. Өзара байланыс үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті жұмыс істейді. Азаматтар мен заңды тұлғаларды олардың міндеттемелері туралы уақтылы әрі тиімді хабарландыру үшін «СМС-хабарлама» сервисі құрылды. Енді мобильді телефон нөмірлеріне істі қозғау және процессуалдық әрекеттер туралы СМС-тер келіп түседі. Демек хабарламаны уақтылы алып тұру үшін нөмірлер мен мобильді телефонның тіркеуден өтуі қажет екенін ескерген жөн, – деді министр.
Сонымен қатар Әділет министрлігі алименттерді өндіріп алуға ерекше көңіл бөледі. Келіп түскен шағымдардың жалпы санының жартысын осы санаттағы істер құрайды. Аталған бағытта министрлік, әкімдік және алиментті өндіріп алу мәселесі жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы республикалық палата арасында үшжақты меморандумды бекіту жолымен жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл атқарылуда. Меморандумда және іске асыру бойынша жоспарда борышкерлерді жұмыспен қамту мәселесі қамтылған. Атқарылған жұмыстар аясында 816 борышкер жұмысқа орналастырылды. Проблемалы алименттер саны 25 мыңнан 14 мыңға дейін төмендеді.
Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау барысында депутат Балаим Кесебаева да алименттердің уақтылы төленбеуі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, алимент бойынша құжаттар саны жыл сайын өсуде. Мәселен, республикалық ЖСО палатасының мәліметі бойынша 2019 жылдың 9 айында 251 597 құжат орындауда болған. Оның 5 233 құжаты бойынша алименттер үш айдан аса төленбеген, ал 8 501 құжат бойынша берешектер мүлдем өтелмеген. 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен алимент бойынша берешек сома 5,5 млрд теңгені құраған.
– Бұл – жүздеген мың баланы ата-анасы тиісінше қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Осылайша борышкерлердің үштен екісі алиментті анда-санда төлесе, қалғандары мүлдем төлемейді. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында ана мен баланы қорғауды жариялап, мемлекет жалғызілікті аналарды қолдап, алимент төлемегені үшін жазаны қатаңдатуы тиіс екенін атап өткен. Алайда бұл саладағы жағдайды талдау нәтижесі осы жылдар ішінде қабылданған шаралардың жеткіліксіз болғанын көрсетті. Алимент өндіру қашанда қордаланған проблемалардың бірі болып келеді. Бұл проблеманың шешімі табылмауы халықтың әлеуметтік осал топтарын, яғни аналарды тұрмыстық қиындықтарға соқтыратыны бізді қынжылтады, – деді депутат.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко жиынды қорытындылай келе, құжаттардың орындалу тиімділігін арттыруға назар аудару қажет екенін, бұл шағымдардың санын азайтып, жеке сот орындаушылары арасында бәсекелестікті арттыратынын алға тартты.