Ертең Алматыда ережесіз жекпе-жектен «Gorilla Fighting Championship 23» деп аталатын ірі халықаралық турнир өтеді. Осы турнирді тамашалау үшін Хабиб Нұрмагомедов біздің елге арнайы келді.
Бұл есім дүйім жұртқа жақсы таныс. Жауынгерлік самбодан екі дүркін әлем чемпионы, грэпплингтен әлем чемпионы, панкратион мен қоян-қолтық айқастан Еуропа біріншілігінің жеңімпазы деген дардай атақтары бар Дағыстанның тумасы ережесіз жекпе-жектен өтетін дүбірлі додаларда да жиі күш сынасуда.
Ең әйгілі ұйым – UFC аясында өткен жарыстарда ол 2012 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Сол уақыт аралығында барлық қарсыласын қоғадай жапырған Нұрмагомедов бұл күндері жеңіл салмақта чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр. Жалпы Хабиб 28 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекеде басымдық танытты. 18 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Былтыр ол Эл Яквинта мен Конор Макгрегор сынды саңлақтарды сабаса, биыл Дастин Пуарьены «қылқындырып» тастады. Енді ол Тони Фергюсонмен күш сынасады.
Ал Алматыдағы жарыстың басты жекпе-жегінде Дәурен Ермеков пен ресейлік Артур Гусейнов орта салмақтың чемпиондық тәжі үшін таласады. Одан бөлек, біздің елдің және бірқатар шет мемлекеттен келген спортшылардың қатысуымен тағы 14 бәсеке өтеді.