Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен №70 мектепте бас қаладағы колледж, мектеп және балабақша мекемелерінің басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы туралы түсіндіру шарасы өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын модераторы болған Бақтияр Мәкен өз сөзінде білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, оны алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесінде елордада оның деңгейінің төмендеуі байқалады. Бұл барлық салаларға қатысты. Бұл бағытта қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар жаңа заң күшіне енді» деді қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен.
Сондай-ақ әкім орынбасары сыбайлас жемқорлыққа күдігімен ұсталып, әрекеті дәлелденген жағдайда ол азамат өз ісіне жауап беруі керектігін айтты.
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша маңызды жұмыстардың бірі – түсіндіру жұмыстары. Кейбір жағдайда бірден айқайға көшпей өзінара түсіндіру шарасын ұйымдастырған жөн. Біздің бүгінгі сіздерді жинаудағы мақсатымыз да сол. Себебі дұрыс түсініспеушіліктің арты кейде жақсылыққа апармайды» деді ол.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қол қойған жаңашылдықтар туралы айтып, агенттіктің парасаттылық, әділдік пен адалдықты қалыптастыруға бағытталған жұмысының басым бағыттарын түсіндірді.
Бұдан әрі ақпараттық-лекторлық штаб мүшелері Ербол Іргебай мен Ернар Жұматаев сөз сөйледі.
Спикерлер белгілі қоғам қайраткерлері мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор өкілдері, еңбек ұжымдары мен жалпы халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-лекторлық штабтың жұмысы туралы баяндады.
Сондай-ақ олар қатысушыларды сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамауға, парасаттылық, адалдық, әділдік пен патриотизмге тәрбиелеуге шақырды.