Тұрақтылық – билік пен бұқара арасындағы сенімнен құралады. Ұлт жоспары әділеттілікке бағытталған кірпіштен қаланатын болса, онда ол елдің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігі тұғырлы деген сөз. Міне, соған сай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі – жемқорлық көріністерінің алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ азаматтардың бойына адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты сіңіру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырды. Өйткені қоғамның дертіне айналған жемқорлық мәселесі күн тәртібінде тұрған өзекті проблема. Осы орайда агенттіктің қызметіне сенім білдіріп, «ортақ мәселені бірігіп шешеміз» деп кері байланыс орнатып жатқан адам көп. Бұл қуантарлық жағдай. Себебі қоғамның қай құрылымында қандай мәселе бар екенін тек ортақ диалог орнағанда ғана білуге болады. Бүгінде тұрғындар тарапынан келіп жатқан толассыз хаттар мен қоңыраулар осыған дәлел. Бұл біріншіден, агенттік қызметіне берілген оң баға болса, екіншіден, әр қызметкерге жүктелген үлкен міндет.
Бұл орайда жұмысымызға қоғам мүшелерін тарту арқылы халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін күшейту аса маңызды. Одан бөлек, қазір әкімшілік кедергілерді жою мен жемқорлық деңгейін төмендету аясында да біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ортақ мәселені шешуге жұмылдырылған агенттік құрамындағы қоғам белсенділерінен бөлек, ел танитын, халық сыйлайтын тұлғалар да бізбен бірге. Бұл тұста басымдық мемлекеттік органдардың жұмысына беріліп отыр. Қоғам белсенділері – «барлық мемлекеттік органдардың міндеті – қоғаммен қашықтықты қысқарту және халық үшін барынша ашық болудың» негізгі принциптеріне баса көңіл аударуда.
Елордалық департамент қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексі 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою бойынша мемлекеттік органдардың жеке құрамымен кездесуі тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Жыл басынан бері осы мақсатта 89 кездесу өткіздік. Біздің қызметке жемқорлық қылмысын анықтау және күресуден бөлек алдын алу міндеті де жүктеледі. Қызметкерлеріміз заңнама нормаларымен қатар адалдық, әділдік, парасаттылық құндылығын қалыптастыру бойынша бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізді. Шағын және орта бизнес саласында әкімшілік кедергіге тап болып, құқығын қорғау мақсатында департамент көмегіне жүгінген азаматтар аз емес. Мәселен, қалада өткізілетін ауыл шаруашылық жәрмеңкесінен орын алу үшін кәсіпкер М.Медресовадан заңсыз төлем талап етіп, тиісті құжаттарға қол қоймау фактісі анықталды. Кәсіпкердің өтініші дер кезінде қаралып, заңды құқығы қорғалды. Жеке қабылдауымда болған кәсіпкер А.Шөжееваның шағымы бойынша шұғыл шара қабылданып, «Kazakһ torizm» ұлттық компаниясы «Big Name» ЖШС-нің атқарған жұмысы үшін тиісті қаражатты аударып берді.
Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатында агенттіктің бастамасымен елордада «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға белгілі адвокаттар, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен сот өкілдері, жалпы 80-нен астам сарапшылар қатысты. Акция барлық аудандарда жалғасуда. Қаламызда елорда әкімдігімен бірлескен «Астана – адалдық алаңы» атты тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған жоба сәтті жүзеге асырылуда. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында елорданың тәжірибесін өңірлерге таратуды тапсырды. Қазіргі таңда «Адалдық алаңы» жоба кеңселері республика бойынша жүргізілуде.
Елордамызда тұрғындар үшін ең қажетті салалардағы тұрмыстық жемқорлық көріністерін жою жоба кеңсесінің басты назарында. Себебі жобаның құрамындағы азаматтық сектордың белсенді өкілдерінің саны күн санап артып келеді. Олар мақсатқа жету үшін ұсыныстар әзірлеп, олардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде. Жоба менеджерлері бюрократиялық процестердің алдын алып жедел шешім қабылдау бойынша біршама қызметтер атқаруда.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде онкологиялық ауруларға шалдыққан жандардың мәселесіне қоғам назарын аударту мақсатында қала әкімдігімен бірлесіп «Адал жүрек» қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Марафонға 1500-ден аса адам қатысып, шарада жиналған қаржы арнайы қорға аударылып, көмекке зәру науқастарға жұмсалды. Қыркүйек айында жоба аясында Есіл ауданы әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Open аkimat ашылды. Open akimat тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұмыспен қамту орталығы, «Қазпошта» және аудан әкімдігі қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады. Залда балалар бұрышы, кітапхана және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жабдықталған.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі қала әкімінің де басты назарында. Шаһар басшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Аталған кеңесте департамент қызметкерлерімен қоғамдағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірлескен жұмыс нәтижелері ұсынылды. Қала әкімі өз орынбасарлары мен басқарма басшыларына ай сайын «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында департамент және прокуратура өкілдерімен кездесіп, тәуекелдерді зерделеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдануды тапсырды.
Сондай-ақ жоба жанында бірегей «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» (publicbudget.kz) интернет-ресурсы жұмыс істейді. Азаматтар осы сайт арқылы түрлі әлеуметтік нысандарды (жол, мектеп, аурухана және т.б.) салу, жөндеу және қызмет көрсету үшін қанша бюджет бөлінгенін көре алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, сол картада пікір қалдырып қосымша фотоматериалдарды қоса жіберуге мүмкіндік бар. Жоба кеңсесінің қызметкерлері жедел түрде жауап беріп тиісті шаралар қабылдайды. Аталған жұмыстар агенттіктің алдағы жұмыс жоспарын айқындап қана қоймай, бұқараның жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізуде.
Нұрлан Қыдырбаев,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы