Ресейдің Бейбітшілік және келісім Федерациясының, Мәскеудегі “Қазақ тілі” қоғамының және Ресей Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен әдеби кеш жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Шолохов және П.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Ресей әдебиет академиясының академигі Сәбит Досановтың жетпіс жасқа толған мерейтойына арналды. Кешті орыстың көрнекті ақыны, көптеген әдеби сыйлықтардың лауреаты Людмила Щипахина жүргізіп отырды.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков бұл әдеби кештің тағдырлас көрші екі ел Президенттері Н.Ә. Назарбаев пен Д.А. Медведев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың мәуелі жемістерінің бірі, достық қарым-қатынастың салтанаты екенін атап айтты. Ал, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмабек Желқобаев кештің тәрбиелік мәніне тоқтады. Онан кейін сөз алған көрнекті сыншы Феликс Кузнецов, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Валентин Сорокин, академик-тарихшы Валентин Осипов, Ресей Әдебиет академиясының президенті Владимир Мирнев, татар әдебиетінің көрнекті өкілі Ямиль Муставин және басқалар “Ақ аруана” повесі мен “Екінші өмір”, “Тау жолы” романдарының, “Жиырмасыншы ғасыр” эпопеясының авторы Сәбит Досановтың Ресейде ғана емес, Еуропа елдеріне де кеңінен танымал, кең құлашты, кемел ойлы суреткер екендігін нақты фактілер арқылы сүйсіне әңгімеледі. Армян ақыны Глан Онянян, орыс ақыны Людмила Щипахина, т.б. мерейтой иесіне арналған өлеңдерін оқыды. Кеш барысында сөз алған генерал-лейтенат Ерлан Мырзабеков көрнекті мемлекет қайраткері, Мемлекеттік Думаның депутаты Геннадий Зюгановтың мерейтой иесіне деген ыстық ықыласты құттықтауы мен сый-сияпатын жеткізсе, Раушан Қанапиянова Мемлекеттік Думаның ескерткіш медалін тапсырды.
Кешке Ресей мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің көрнекті өкілдері, қоғам қайраткерлері, мәскеулік қазақтар, студент және жұмысшы жастар қатысты.
“Егемен-ақпарат”.